Ұлы адамның ұмытылмас бейнесі

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының оқу залы бөлімшесінің «Тарих. Тұлға. Тағылым» жобасы аясында елінің адал азаматы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына орай «Ұлы адамның ұмытылмас бейнесі» атты еске алу барысында өткен ғасырдың аумалы-төкпелі шағында өз халқының жарқын болашағына өркендеп, дамуына айрықша үлес қосқан ұлы тұлғаның өмірі мен еңбек жолын оқырмандар назарына салу, соның ішінде жас буынға абзал азаматтың адамгершілік асыл қасиеттерін, атқарған адал игілікті істерін үлгі-өнеге тұту мақсатын көздеді. Тарих парақтарымен сызылған ұлттық болмыс сабақтастығы кеше мен бүгін арасын берік байланыстырады. Тарих – халықпен тарих. Тарихта тұлғалардың орны ерекше.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Верный (бұл күнде Алматы қаласы) қаласында дүниеге келген. Әкесі Меңілахмет Жұмабайұлы, анасы Зәуре Байырқызы. Ата-тегі қазақтың дәстүрлі кәсібі мал шаруашылығымен шұғылданған. Олар Құйған деген жерде – Күрті және Іле өзендерінің жағалауында тұрған. Бұл жер Жетісу губерниясының Верный уезіне қарасты Төменгі Іле болысы деп аталды. Қазіргі кезде аймақтық жағынан Алматы облысының Балқаш және Іле аудандарына жатады. Дінмұхамед Ахметұлы өзінің естелігінде:

«Балдәурен балалық шағым, қайран жастық дәуренім өткен осынау әсем қала мен үшін оттай ыстық. Әрине, балалықтың да, жастықтың да өз белгілері бар, қызығынан қиындығы басым сол бір кезеңнің біреу біліп, біреу білмес, бірақ өзіме аян өмір жолы қандай болса өзіммен бірге жасасқандай сезінетін бұл шаһардың да осындай бай тарихы бар», — деп өзінің туып — өскен Алматысы туралы тебірене жазады.

Тау-кен инженері болуды арман еткен Дінмұхамед Ахметұлы Мәскеу қаласындағы түсті металдар мен алтын институтын бітіріп, тау инженері мамандығын алған. Бұл мамандыққа біріншіден, ол кезде біздің қазақ ұлтында тау — кен ісімен шұғылдану кәсібі өте сирек кездескені себепкер болса, екіншіден тұңғыш қазақ инженері Мұхаметжан Тынышбаевты аса құрмет тұтуы әсер еткен. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев техника ғылымдарының докторы, Қазақ КСР-і ҒА-ның академигі. 100-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды. Біздің еліміздің экономикасының қай саласын алып қарасақ та, оның өсіп-өркендеу барысында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың басшылығы кезіндегі өшпес іздер жатыр. Қазақстанның астанасы болған Алматы қаласында салынған көрнекті құрылыс нысандары бүгінгі күні халқымыздың игілігіне айналып отыр. Бұл қалада бой көтерген әрбір ғимарат, әрбір көше – Дінмұхамед Ахметұлының еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Сол кездегі әр миллион сомды Мәскеуден сұрап алудың аса қиындығына қарамастан, ұлы адам өзінің зор беделінің арқасында Алматыны, тағы басқа да қалаларды көркейтуге бар күшін, қайрат жігерін жұмсады.

Алматыдағы сәулет өнерінің ең озық үлгілерімен салынған Республика сарайы, «Қазақстан» және «Алатау» қонақ үйлері, «Арасан» сауықтыру орны, Орталық стадион, Балауан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайы, «Медеу» спорт кешенінің тамаша құрылысы, Көктебедегі биік телемұнара керемет ғимараттар. Жалпы 1964-1984 жылдардағы Қазақстанның 20 жылдық кезеңі еліміздің экономикасындағы күрделі өзгеріске толы, табысы мол жылдар болған. Оның дәлелі тархымызға көз жүгіртсек, Республикамызда аса бағалы металдар — титан, магний, болат, шойын, мыс, қорғасын, мырыш, алтын, т.б. қазба байлықтары көп өндірілді. Электротехникалық машина жасау кәсіпорындары салынып, іске қосылды, химия өнеркәсібі дамыған. Ертіс жағалауындағы Павлодар жылу-энергетикалық, Қарағанды-Теміртау, Павлодар-Екібастұз, Шымкент-Кентау көмір-металлургия, Жамбыл-Қаратау фосфор өндірісі кешендері қалыптасқан.

Республикамызда сол кезде сапалы білім беретін 6 жоғары оқу орны, 38 техникум, көптеген кәсіптік — техникалық білім беретін оқу орындары болған. Мектептер мен балабақшалар құрылысы көп салынды. Сол кезде білім алып, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың шапағатына бөленген жастар бұл күндері өндірістің әр саласында еңбек етіп, еліміздің Тәуелсіздігінің қорғаны болуда. Сонымен қатар, Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары өнер адамдарына ерекше құрмет көрсетілген. Жаңа гүлденіп келе жатқан жас таланттарға ерекше қамқорлық жасаған.

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қорының ең құнды қазынасы тарихи тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тағылымды өмірі туралы әдебиеттерін оқырман назарына қысқаша шолып өтсек. Барлық әдебиеттер қалың оқырманға арналған. Тау тұлғаның тағылымды өмірі тарих ақиқатымен астарласып, барымызды бағалауға, ұлылардан ұлағат алуға үндейді.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 1992 жылы жарыққа шыққан «О моем времени» атты еңбегінде Қазақстанның белгілі Мемлекеттік қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың естеліктері берілген. Кітап үш бөлімнен тұрады:

  1.  Балалық шағы, отбасы, оқу жылдары және алғашқы еңбек жолдары туралы;
  2.  Республика өміріне арнаған әртүрлі еңбек жолдары, Хрущевтің, Косыгиннің, Брежневтің, Горбачевтің саясаты кезіндегі қызметтері туралы;
  3. Бүгінгі күннің талабының сұрақтарына жауап береді.

Бұл кітап қазақшаға аударылып, «Өтті дәурен осылай» деген атпен жарияланған. «Өтті дәурен осылай» деп аталатын естелік-эссесін көзі тірісінде түгендеп қайта қарап, оқырман талап-тілегіне сай толықтырулар жасай келіп, кітаптың атын «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп өзгерткен. Мұнда өз өмірінің беймәлім беттерін ғана емес, өз заманының ірі тұлғалары Сталиннің, Маленковтың, Булганиннің, Хрущевтің, Брежневтің, Андроповтың, Горбачевтің көпшілікке жұмбақ сырларын ашып, Қазақстанның елу жылдық экономикалық, мәдени және әлеуметтік тыныс-тіршілігін жан-жақты әңгімелеп береді. Оның игі жақсылары туралы да шет қалмайды. Кезінде жылы жауып қойылған Теміртау оқиғасын, Семей полигонын, Арал мәселесін, Желтоқсан зардаптарын, сондай-ақ тілге, дінге, ділге қатысты көкейкесті сұрақтардың жауабын алға тартады. Ұлттық сана, әдет-ғұрып, салт-дәстүр туралы да ой-толғамдарын ортаға салады. Кешегі Кеңес өкіметінің күйреу себептерін талдап, қазіргі экономикалық дағдарыстан шығу жолдарына барлау жасайды.

С.Абдраймұлының Алматы: «Санат» баспасынан 2007 жылы шыққан «Личность» атты еңбегі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың рухына арналады. Қазақстан тарихының жарқын беттерінен орын алатын мемлекет қайраткері туралы Кеңес Одағы кезеңіндегі қызметтес болған саяси қайраткерлердің және де қарапайым халықтың да жазған естеліктері беріледі. «Ұмытылмас кездесулер» атты естелік кітабының авторы — С.Құбашев Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Семей облыстарында басшылық жұмыстар атқарған. Ол қызмет бабында, жеке кездескен кездесулері жайлы Қазақстан Республикасының бірінші басшысы туралы өзінің ой-пікірлерін жазады.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдығына орай 2011 жылы «Алматыкітап» баспасынан шыққан «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» атты 256 беттен тұратын фотоальбом деректері қазақша, орысша, ағылшынша үш тілде берілген.

2014 жылы «Аруна» баспасы «Даңқты адамдар» топтамасы арқылы дүние жүзіне әйгілі тұлғалардың өмірінен дерек беретін кітаптар топтамасының кезекті шығарылымы «Дінмұхамед Қонаев» деген атпен шыққан. Бұл кітапта балалық шағы, студенттік кезеңі, мемлекеттік және қоғамдық қызметтері, туып-өскен елін көркейтуге қосқан ерен еңбектері қысқаша баяндалады. Осы кітапта алып тұлғаның ұлылық қасиеті туралы «Дінмұхамед Ахметұлы Болгарияға барған бір сапарында болгар журналистерінің бірі: -Дінмұхамед Ахметұлы, Сіз әрі тұлғалы әрі бойыңыз да, ойыңыз да биік адамсыз. Сіздің халқыңыз да өзіңіз сияқты биік пе?-деп сұрақ қойған. Сонда Дінмұхамед Ахметұлы кідірместен: -Менің туған халқым менен де тұлғалы, менен де биік, — деп жауап берген екен деген дерек келтіреді. Осы сөздің өзінде ұлы тұлғаның ұлылығын, туған халқын өзінен де жоғары санайтын данышпандығын аңғарамыз.

Заманында қызметтес болған саяси қайраткерлердің, туғандарының және де қарапайым халықтың да жазған естеліктерінде Дінмұхамед Ахметұлы табиғатында сабырлы, ешкімге қатты сөйлемейтін, адалдығы мен адамгершілік қасиетінің жоғарылығы турасында тілге тиек етеді. Дінмұхамед Ахметұлы жұбайы Зуһра Шәріпқызымен тұп-тура 50 жыл 6 ай 2 күн оттасқан, өмірінің соңына дейін сыйласқан. Осы бір аяулы жандардың ұрпаққа берер өнегесі, тәлімі, жұбайлық жарастығы мол. Зуһра Шәріпқызының өзіне адал жар болумен бірге, қамқор дос бола білгендігін ризашылықпен еске алған Дінмұхамед Ахметұлы басына қара бұлт үйірілген кездерге ой жүгірте отырып:

«есеп қызметкерлерінің табиғаты бөлек қой. Марқұм Зүһраш мен таң қалатын бір іс жасады. Жылдар бойы алған затының есебін жүргізіп отырыпты, не алса да ақшасын төлеп квитанциясын сақтап келіпті. Тіпті бағасына дейін көрсетіп, сатып алғаның растайтындай аты-жөні мен қолын қойдыртып отырыпты. Маған араша түскен ең басты құжаттар осы болды», – деген екен.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өте қарапайымдылығын зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін өзіне жаңа «визитка» жасатқанынан байқауға болады. Сол құжатында өзінің аты-жөнінен басқа тек қана «тау-кен инженері» деген жалғыз ауыз сөз жазған. Оны көрген замандастары: «Мұныңыз қалай? Докторлық дәрежеңіз бен академиктік дәрежеңізді, жоғары лауазымды қызметіңізді неге қоспағансыз ? — деп таң қала сұрағанда, ол былай деп жауап берген: «Оның бәрі – өтпелі ғой, ал «тау-кен инженері» — өмірлік нәрсе», -деп жауап қатқан. Осы мысалдан –ақ біз ұлы тұлғаның өз мамандығына деген сүйіспеншілігін аңғарамыз. Қазіргі жастарымыздың бойында да мамандығына деген адалдық, қарапайымдылық қасиеттер қалыптасса, нұр үстіне нұр болар еді.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өзінің бір естелігінде «Ол кезде поезд Мәскеу мен Алматы арасында алты-жеті тәулік жүреді. Алыс жолға шыққан адамның ермегі-терезеден телміріп дүниені қызықтау. Оған қуанбасам, өкінбеймін. Жерімнің шетсіз, шексіз екенін, құлазып жатқан сар даласын көрдім. Көзім көкжиектерге дейін сүрінбей жетіп, жоқ іздегендей тіміскілеген сайын көңілім алып ұшатын. Түбі бір тусырап жатқан жер төсін түлететінімізге шүбәсіз сенгенмін. Өйткені баға жетпес жерім туралы, қойдан жуас халқым жайлы аңыз-әңгімені әбден құлаққа сіңіріп өскенмін…» – деп жазған екен.

Алып тұлғаның сол жол үстіндегі ойымен арманы ұштасқан сенімі бүгінде ел тәуелсіздік алған шақта еселеніп, алып елдер мойындаған мемлекетке айналдық. Ендігі жерде бабалар аманатына адал болу мен елдігімізді сақтау бүгінгі және келер ұрпаққа аманат.

Өз халқының жарқын болашығы үшін орасан зор еңбек сіңірген адал азамат Дінмұхамед Қонаев үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын, сегіз рет Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерін алған. Өзі үшін ең қымбат марапаты –Қоңырат кенішінде жұмыс істеп жүргенде алған алғашқы «Үздік еңбегі үшін» медалі болған.

«Мейірім — шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол перзент – Дінмұхамед Қонаев»  деп кезінде Үнді мемлекетінің белгілі қоғам қайраткері Джавахарлал Неру атап өткендей, шын мәнінде дара тұлғаның қазақ халқы үшін орны бөлек, есімін ерекше ілтипатпен атайды. Қазақстаның халық жазушысы Олжас Сүлейменов : «Жиырмасыншы ғасырда біз шын мәніндегі «Ұлы» деген атауға лайықты жандармен қатар өмір сүру бақытын бастан кешіппіз. Солардың ішінде өз басым Қонаев есімін еш күмәнсіз ауызға алар едім…» деп жазған екен естелігінде.

Ұлы адамның ұмытылмас бейнесі, тағылымды өмірі кім – кімге де үлгі. Туған елі барда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі мәңгі есте болмақ. Бұл – біздің басты парызымыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Дінмұхамед Қонаев. Ақиқаттан атауға болмайды.-Алматы, «Санат»баспасы,1994. -512 бет.

2. Дінмұхамед Қонаев. -Алматы: «Аруна»баспасы.2014.-24 бет.(Сер.: Даңқты адамдар)

3. Елу жыл ел ағасы /Құраст.С.Әбдірайымұлы.- Алматы: «Санат»,2002.-464 бет+48 жапсырма бет.

4.Дінмұхамед Қонаев (1912-1993)//Аңыз адам (Жұлдыздар отбасы) 2011.-№1

Гүлмайрам АЛАТАЕВА, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері

Бөлісу: