Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі дара қолбасшы, саясаткер, батыр, Кіші жүз ханы Әбілқайыр Мұқамбет Қазы Баһадүрдің 330 жылдығына арналған «Әбілқайыр хан тарихының тағылымы» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізді.
Шараның алғысөзін Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы Юнисова қойнауы тарих пен шежіреге арқау болған елеулі оқиғаларға толы құтты мекеннің бірі-Ақтөбе тарихына тоқталып, жусан иісі аңқыған асыл өлкенің шежіресін, мұрасын білу, оны аялау және құрмет тұту-әр ұлтжанды ұрпақтың парызы деп халқымыздың бірлігі мен тұтастығын сақтауға, ел тағдыры талқыға түскенде арыстандай айбатымен, айбынды қайратымен, әскери сұңғылалығымен қол бастаған Әбілқайыр баһадүр ханның орны ерекше екенін жеткізіп, конфенренция қатысушыларына сәттілік тіледі.
Конференцияда Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Ақишанұлы Абдоллаев әлі де болса Әбілқайырдың қайшылығы мол күрделі тарихи тұлғасын толық зерттелді деп айту қиын екенін, Кіші жүз ханы туралы көптеген мәселелер түбегейлі, байыпты зерттеуді талап ететінін, сонымен әбілқайыртанудағы өзекті мәселелерді зерттеуді ғалымдар енді ғана шын мәнінде қолға ала бастағанын айта келіп, Кіші жүзді мекендеген ХҮШ-ХІХ ғасырлардағы халықтардың этникалық құрамы туралы іргелі тұжырымдарын жасады.
ZOOM қосымшасы арқылы шараға қатысқан тарих ғылымдарының докторы, Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Әбілсейіт МҰҚТАР Әбілқайыр кіші жүздің ханы ғана емес, барша қазақтың бас ханы болғандығын мойындайтын уақыт жеткендігін және соңғы жылдардағы тарихи деректер Әбілқайыр қазақ хандығының бас ханы болғандығын дәлелдейтінін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Аманқос Мектеп-тегі: «1726 жылғы Ордабасы құрылтайынан кейін айрықша серпін алған азаттық жолындағы қиындығы мол күрделі қаһармандық дастанды іс жүзінде салтанатты жеңіспен аяқтады.
Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір саясаткер болды. 1726 жылы үш жүздің қазақтары бас қосқан құрылтайда билер мен батырлар бірауыздан Әбілқайырды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады.
Әскербасы Әбілқайыр халық жасақтарында қыруар істер атқарды, соғысу қабілетін жоғары деңгейге көтерді және қарулы күштерде адамгершілік рух пен патриотизмді марапаттап отырды»,- деп сөзін тұжырымдады.
Жазушы, «Бопай ханым» романының авторы Мәди Айымбетов: «2021 жылы «Бопай ханым» тарихи романын жаздым. Роман XVIII ғасырда өмір сүрген қазақтың бас ханы Әбілқайырдың жары Бопай Сүйіндікқызының өміріне арналды. Шығарманың негізгі арқауы — сол кезеңде қазақ халқын неше түрлі жаугершілік амалымен өзіне тәуелді етуге жанталасқан орыс билігіне қарсы тұрған хан ордасының әскери — саяси өмірі. Яғни көрші елмен келісім жасау арқылы ынтымақтаса отырып, еліміздің бүтіндігін сақтаған Әбілқайыр ханның тағдырындағы Бопай ханымның орны ерекше бейнеленді. Романда тарихымыздың бұрмаланып келген шындық пен ақиқаты суреттелді,»-деп романның мазмұнын қысқаша баяндап берді.
Өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай шараға қатысушы ғалымдардың пікіріне қосыла отырып, Ақтөбе топырағындағы Әбілқайыр ханның ізі қалған тарихи орындарға және Бопай ханымға да қатысты өз пікірін білдірді.
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тарих ғылымдарының докторы, профессор, доцент, басқарма мүшесі, ғылым және инновациялар жөніндегі проекторы Рахым Ағыбайұлы Бекназаров: «1723 жылы Еділ қалмақтарына соққы беріп, олардың жоңғарлармен бірігуіне кедергі жасаған Әбілқайыр жоңғарларды басып алып, қазақтарға Түркістанды қайтарып алып береді. Оның мұндай батырлығы мен соғысты ұйымдастыру қабілетіне көзі жеткен халықтың оған сенімі артады. 1726 жылы болған Құрылтайда қазақтың үш жүзі бірігіп, Әбілқайырды жоңғарларға қарсы бастайтын бүкіл қазақ әскерінің бас қолбасшысы етіп тағайындайды, ал түмен басы болып атақты кіші жүз батыры Табын Бөкенбай тағайындалды.
Халықтың сенімін ақтай білген Әбілқайырдың басшылығымен қазақтар өз жерлерінен жоңғарларды қуып шықты. Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір саясаткер болды. 1726 жылы үш жүздің қазақтары бас қосқан құрылтайда билер мен батырлар бірауыздан Әбілқайырды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады».
Осы игі шараның басында тұрған кітапхана ұжымына ризашылығын білдіріп, тамыз айында облыс әкімімен бірлескен үлкен шараның өтетіні жайында және алдағы уақытта да зерттеу жұмыстарының жалғасатынын айтты.
Гуманитарлық ғылымдар магистрі Берік Бегімұлы Нұрмұхамедов Әбілқайыр ханның «Жәдік» пен «Өсеке» әулетінен тараған ұрпақтары жөнінде сөз қозғады. Бұл туралы жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Шандоз» деректі тарихи-баянындағы деректерді негізге ала отырып, Әбілқайыр кезеңін Неплюев қолымен жүргізіліп отырған қазақ жерін отарлау, оны біртұтас мемлекеттіктен айыру жолындағы ашына қарсы шыққан күресімен өткенін байланыстырды.
Әбілқайыр ханның ұлан-байтақ халқымыз бен территориямыздың тұтастығын сақтаудағы рөлін ұрпаққа үлгі ету, ұлықтау мақсатында өткізілген бүгінгі конференция болашақ жастар үшін өте маңызды шара деп кітапхана директоры Хакимова Сұлушаш Максимқызы қорытындылап, қатысушыларға алғысын білдірді.
Аталмыш конференцияның модераторы — айтыскер ақын, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты, мәдениеттанушы ғалым, кітапхана қызметкері Ази Есентүгел Аманкелдіұлы.
Шара барысында кітапхана қызметкері Гүлзада Бақдәулетқызы Бейсова оқырмандардың назарына «Азаттық таңы жолында» кітап көрмесін жасақтап, Әбілқайыр ханның өмірдерегін сипаттайтын библиографиялық шолу жасады.
Шараға Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің және өнеркәсіптік технологиялар мен басқару колледжінің оқытушылары мен студенттері, кітапхана оқырмандары, «Елмұра» ұлттық-танымдық клубының мүшелері қатысты.
Ақерке Қалдиева, Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі