Өзбектің үйлену тойының өрнектері

Өзбек халқының үйлену тойында «Фатиха дұғасы (Бата)», «Келін келді», «Келіннің жүзін аша», «Аула сыпырмақ»,  «Күйеу шақырмақ (Үйлену тойынан соң күйеу жігіт жақындарымен қыздың төркініне қыдыра барады)» деген тұрақты рәсімдер бар. Жалпы, өзбек халқының үйленуінің алдында бірінші кезекте «Қызды таңдау» тұрады. Мұнда әуелі бәрін кесіп-пішіп, жастардың бір-біріне сәйкестігі, деңгейі, жасы, басты қасиеттері, қарым-қатынас жасау әдептері ескеріледі.

Бұрынғы уақытта өзбектерде жұп таңдау ата-ана мойнында болған. Олар өзара құдалық жүргізіп, балаларының тез үйленуіне қам жасаған. Қыз таңдауда жігіттің анасы немесе үлкен апайы оған лайықты қыз іздеп, көрші-қолаңнан тартып, біраз есіктерді тоздырады.

Көңілі толған үйдегі ата-анаға тоқтап: «Сізде раушан бар, Бізде бұлбұл бар.  Құтты іс үшін қақпаңа келдім», – деп келген бұйымтайын айтады. Қыз жағы олардың үйіне риза болып, құдалыққа қарсы емес болса, өздерінің тараптарымен келіссе, қыз айттырушыға шығарында ақ жамылғы береді. Бұл келісімнің белгісі.

Бұл әдет «Ақтық бермек» деп те аталады. Кейбір жерлерде бала да белбеумен байланған.

Кейде анықтауы прокурордай болып, осындай қыз қараушылар жан-жақтан іздеп, көптеген қыздарды сүзіп шығады, іздейді, бірақ олардың көңілінен шығатын жан оңай табыла қоймас.

Мықты қыз табылған күнде де ол көрсеткен жігітті қаламауы мүмкін. Жалпы, екі жақтың аналарының шешімі маңызы. Таңдалған қыз ананың көкейінен өтпей қалса, іздеу тағы жалғасады дегендей. «Фатиха дұғасынан» кейін қыз ұзатылады. Қалыңдықтың анасына көршінің әйелдері көмектесіп, олар қалың маталардан көрпелер дайындайды.

Қалыңдықтың басқа сыйлықтарымен қосып, жүкті оның ендігі баратын жеріне жөнелтеді. Осы дайындық кезінде жігіт жақ оларға қой еті, 50 кг күріш, өсімдік майлары, 200 кг ұн, сәбіз, картоп, сіріңке, тұз, тәттілер,
жемістерден жетерлік етіп әкеп тастайды. Үйлену тойынан бір күн бұрын босанған бір әйел кешке күйеу жігіттің жанына кеп «Сәбіз турар», «Сияпат» ырымдарын жасайды.

Бұл күні ерлер жиналып, палау дайындайды және қалыңдық «Сияпат» деп атаған жиырма бес себетке толтырылған тағамдар мен сатып алынған киімдерді күйеу жігітке ұстатады. Оны күйеу жігіттің достары мен көршілері қолына алады. «Сәбіз турар» рәсімінде бір жасы үлкен кісі сәбіздерді турайды, оны пісіретін күріштің мөлшеріне қарай жасайды.

Үйлену тойы басталғанда, күйеу жігіттің достары қалыңдықтың жанында жүріп, оның палау таратуына көмектеседі. Күйеу жігіт достарымен бірге қалқыма шарларды көлікке, басқа жерлерге іліп, айналаға сән кіргізеді. Күйеу жігіт достарымен бірге қыздың үйіне келген кезде қазақтағы Жар-жарға ұқсас Яр-Яр әнімен кіреді:

Қырда тай секірер,
Ат болдым деп, яр-яр!
Үйде келін еңірер,
Жат болдым деп, яр-яр!
Жылама, қыз, жылама,
Тойың сенің, яр-яр!
Босағалары алтыннан,
Үйің сенің, яр-яр!

Бұрын күйеу жігіт үйге кірген кезде «Күйеу сынамақ» рәсімі, яғни отын жарғызып, қара терге түсіру салты бар болатын. Үйге кірген күйеу жігіт пен оның достарын әнмен қарсы алып, тәттілерді қуанышқа шашады. Неке қию қыздың жағында өтеді. Қыз қалыңдыққа арналған той көйлегін киген кезде жар-жар айту жалғасады.

Той көйлегі әркімнің жағдайына қарай әр түрлі дайындалады. Бай отбасы болса, той көйлегі әрине қымбат тастармен әшекейленген болып, тұрмыс жағдайы қалыпты отбасылар көзге әдемі көрінетінін алуға тырысады.

Келін көркем мүсінде,
Сұлу болдың, яр-яр.
Мойныңа назар тимесін.
Тұмарлаңыз, яр-яр!
Сен басыңды түсірме,
Ата-енеңнің ділісің,
Ауырма қыз, яр-яр!

Үйлену тойы өткен соң, күйеу жігіт қайтадан достарымен бірге бөлек бөлмеге жайғасады. Тойдың соңында қыздың ата-анасымен қоштасу айту рәсімі жасалады. Қызын үйде соңғы рет өз қызы ретінде көрген ата-аналар жылайды. Содан кейін қыз бен ата-анасы яр-яр әуенімен өзара қоштасу сөздерін айтады.

Қыз яр-яры:

Үй көйлегім жаңадан,
Қалдырайын, яр-яр!
Ақ сүтіне разы анам,
Қыдырайын, яр-яр!

Анасының яр-яры:

Бар, разымын –
А, қызым,
Сүтіме разымын, яр-яр!

Әкесінің яр-яры:

Жан қызым, жаным қызым,
Жаныма дәру қызым,
Тентегім топырлатты,
Үй қонағым отын жақты, яр-яр!
Қызын берген әкенің,
Көзі жасты, яр-яр!

Жоғарыда айтылған яр-ярдың әуенімен қоштасқаннан кейін қыздың ата-анасы : Балам, сен қайда барсаң да өнегелі бол. Тастай бат. Жылағаныңды көрмейін. Тұзың ауыр болсын. Бақытты бол шырағым!, – деп соңғы тілегін айтады.

Содан кейін күйеу жігіт жұбайын достарымен, туыстарымен, құдаша-құда балалармен бірге, үйлену тойы өтетін жерге қарай алып кетеді.
Үйлену тойынан кейін көліктерде сигналдарды көбірек беріп, әуендетіп, осы көлік шеруімен қалада көңілді қыдырмақ жасайды.

Кейде қасиетті жерлерге барып, тәуап етіп қайтады. Түс ауғанда осы серуеннен олар қайтады. Жеңгейлер жағы олар үйге кірердың алдында тәттілерді төгіп, нан толы ыдыстар қойылады. Енді яр-ярды қыздың достары айтып, сол әуенмен үйге кіруі керек болады. Бұл кездегі яр-ярдың сөзі алдыңғы яр-ярларға қарағанда ұзағырақ, буын саны көп болып келеді.
Аспандағы жұлдыздар сегіз дейін, яр-яр!
Сегіз қыздың сетері келін келді, яр-яр!
Сегіз жұлдыз сетері келді үйге, яр-яр!
Сегіз бақтың шешегі келін келді, яр-яр!

Қалыңдық көліктен түспес бұрын, күйеу жігіттің достары қалыңдықтың бауырларына пышақ, сағат немесе ақша ұстатады, содан кейін күйеу жігіттің жүруіне рұқсат етіледі. Күйеу жігіт қалыңдықтың алақанынан ұстап,  оны көліктен шығарады, кейде оны көтеріп алып барады. Жігіт қалыңдығын көтергелі жатқанда, оның достары яр-ярдың әуенімен:

Көтер, көтер дегенде,
Балуан бол, яр-яр!

Келін көліктен түскен кезде, есіктің жанында от жағылады. Кейде қалыңдықпен бірге күйеу жігіт осы отты бір-екі рет айналып шығады. Бұл от – барлық бәле-жаланы алып кетеді деген ырым.
Келінмен бірге ауладан үйге кіріп бара жатқан достары аулада тұрып, «Әулетке сәлем» әнінің әуенімен сәлем беру рәсімін жасайды. Қайырмасы қайталанған сайын келін тағзым етіп, қолын кеудесіне қояды. Бұл біздің тойлардағы Беташар рәсіміне ұқсас.

Тау мен тасқа толы еткен,
Екі гүлді бір еткен,
Бір Аллаға бір сәлем!
Дәулетті өмір бағамда,
Берекелі қадамдар,
Мұхаммед пайғамбарға сәлем!
Күрік-күрік жөтелген,
Көп мақтауды көтерген,
Қайын атаға бір сәлем.
Дейтұғын «ұл өсірдім»,
Мақтау сөзге көсілді,
Қайын енеге бір сәлем!

Бұл күн күйеу жігіттің достары үшін де ерекше күн. Себебі олар құдашалармен танысып, осы арада болашақ серіктерін жолықтыруы да мүмкін. Сондықтан  күйеу жігіттің достары да, қалыңдықтың достары да бұл күні ерекше киініп сәнденеді. Сәлем беру рәсімінен кейін қалыңдық пен достары екі бөлмеге бөлініп орналасады. Үйдің жатын бөлмесінде «Шымылдық»  құрылып, оған қалыңдық отырғызылады. Қалыңдық отырар сәтте достары мен жеңгейлері әзілдеп:

– Саған отыруыға болмайды. Үлкендер сені қалай түсініп қалады, – деп састырады. Сонда қайын енесі келіп:

– Біздің үйдің барлық мүлкі келіндікі. Келінге рұқсат етілген, – дейді. Келін содан кейін шымылдық ішіне отырады. Қалыңдыққа той көйлегін кигізіп, безендіріп болған соң олар банкет залына тамаша саздың сүйемелдеуімен енеді.

Тойда қыз-жігіттер, туысқандар жас жұптарды және ата-аналарын құттықтау тілек айтып, ән салып, өлең оқып, бұралып биге кіріседі. Бес-алты сағатқа созылған үйлену тойы кезінде көптеген жерлерде «Гүл кеші» деп аталатын гүлдерге арналған өлеңдерді оқу кезеңі болады.

Мұнда әуелі бір жасөспірім ән шырқап, ол аяқтаған кезде айналасындағы кез келген қызға қолындағы гүлін береді. Қыз гүлді алған соң қызықты өлеңдер оқып гүлін басқа адамға береді. Ол гүлді алған адам да әзілін  қосып, қызықты өлеңін де оқып, осы сәтті жалғастырады. Өлеңдерде әзілдің ауамы басым болғандықтан, бір-бірін ұялту, көпті қуанышқа кенелту тойды жандандырады.

Одан кейін тойда тағы да би, құттықтаулар толассыз жалғасып, той соңында күйеу жігіттің ата-анасы бата береді. Өзбектің үйлену тойы осылай аяқталады.

Ерлі-зайыптылар даярланған үйге кіргенде олармен ілесе үш-төрт апай кіреді. Сол кезде «Ай ма, күн бе» рәсімі орындалады. Апайлар тізіліп отырып, күйеу жігітке қарап:

– Ай ма, күн бе?, – дейді. Сол кезде күйеу жігіт «күн» деп жауап беруі тиіс болады.

Одан кейін апайлар келінге қарап, күйеуін нұсқап:

– Ай ма екен, күн бе екен?, – дейді. Келін  «ай» деп жауап беруі керек. Одан кейін жұбайларға ай сайын қауышасың ба, күн сайын қауышасың ба деген дөрекі сұрақтар да қоятын.

Алайда, Өзбекстандағы БАҚ құралдары осындай ыңғайсыз сұрақты сөгіп, мұны той рәсімінде қойдырмай, алдырып тастады.  Осыдан кейін  «Аяқ басты» рәсімі орындалады. Бәрінің ортасындағы
күйеу жігіт пен қалыңдық бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Бұл кезде екеуі секіріп, қайсысы екіншісінің аяғын тез басса, отбасында соның сөзі өтімді болады деп қаралады. Егер қыз ер адамның аяғын бірден басса, бұл үйде қыз бала көп болады екен деген ырымдау да болады.

Тойдың ертесінде өтетін «Келін жүзін ашты» рәсімі бар. Бұл рәсімде келіннің анасы, құрбылары мен туыстарынан тұратын 10-15 адам қонаққа келеді. Банкет кезінде қалыңдық туған анасымен кездеседі.

Келін бәрімен сөйлесу үшін сол кезде  шымылдығынан шығып, сәлем береді. Осы ырымс «Келін жүзін ашты» делінеді. Осы банкетке барғаннан үйге қайтқанға дейін келін тек той көйлегімен жүреді де, қайтқаннан кейін осы жүзі ашылу сәтінен соң үйінде бірыңғай ұлттық киіммен жүреді. Банкеттің соңына қарай банкет залына оның қайын атасы шақырылады. Қайын атасы бәрінің көз алдындағы, бос үстелдің жанында болады. Оның алдына туралған құйрық, сары май, күріш және ұнды келіні әрқайсысын үш рет кезекпен қойып шығады. Әр жолы қалыңдық тағы да қамырдан
жасалған тағамдарды да үстелге қояды. Бұл өз кезегінде келіннің күнкөрісі кең болуы үшін, отбасын ризыққа толтырсын деген тілекпен жасалған әдет-ғұрып.  Содан кейін келініне әкелген
сыйлықтарын беріп, қайын атасы: «Бақытты бол, көсегең көгерсін, береке  берсін, Тәңірім!», – деп бата береді. Содан кейін банкет те соңына шыға бастайды. Бұл кезде келін тағы да сәлем жасайды. Қыздың ата-анасы оған батасын беріп, оған екі қасық, екі табақ, шыныаяқ, шайнек, екі көрпе және ыдыс-аяқ сыйлығын береді.

Үйлену тойынан кейін келін әр күні таңертең үйді, ауланы, үйдің айналасын сыпырады. Алғашқы күндері күйеу жігіт бұған қамқоршы ретінде
өзі көмектесіп, сыпырып жүреді. Таңертең ерте тұрып, қоқыр-қоқсықты үйден сыртқа шығарып, мінсіз тазалауы керек. Әйтпесе, көршілері мұны байқаса, мұны ұят деп,  салақ деп санайды да, жас келін өсектің өзегіне айналады. Бұл «ауланы сыпыру» деп аталатын келіндіктің үнемі орындалатын міндеті.
Үйлену тойынан қырық күн өткен соң, келіннің тағамына толы астаулар мен себеттерге салынған, күніне үш рет тамақтануға жетерлік тағам дайындалады. Мұны «Мәзір» дейді. Бұл тағамдар келін пен күйеу жігіттің қырық күндігін тойлауға арналған асы болып табылады. Тағы қырық күннен кейін күйеу жігіттің отбасында көңілді бір шара өтеді. Оның аты кәдімгі «маһр». Келіннің анасы туыстарымен және көршілерімен бірге келеді. Банкет
жасалып, сол кештік қыздың махрын жинайды. Бұдан соң тағы қырық күннен кейін жігіт жағы әбден қалыптасқан кемелді жас отбасының қатарына қадам басады. Сол кезде олар қыздың төркініне қонаққа барады. Оған күйеу жігіт ата-анасымен, 5-10 досын ертіп, туыстарын алып барады. Жігіт жағы бұл шақыруға мұқият дайындалып, тағамдарға толы астаулары мен себеттерін, түрлі сыйлықтарын және қой ала келеді.

Күйеудің үйі өзбектің танымында бақыттың жалғыз тұрағы деп саналады да, оның төркіні жағынан әр түрлі істерде үнемі қолдау тауып отырады.
Сонымен қатар, әрбір өзбек үшін оның өміріндегі үйлену тойы өміріне үлкен бетбұрыс болып табылады.

Әркім бұл күннің көңілді, әдемі және салтанатты өтуін қалайды. Ол өмір бойы осындай қуанышқа ұмтылады. Өзбектердің үйлену тойына зор мән беретіні соншалық, үйлену күнінде екінші жақпен санаспай, өз дегендерін жасап, кейде тіпті осының арты ажырасудың себебі де болады. Осылайша, өзбекше үйлену тойлары әдет-гұрыптары мен жиі-жиі қайталанып тұратын
банкеттерінің арқасында ерекше маңызға ие болады. Өзбектің келіндері өзіне берілген екі бөлменің қабырғаларына, сөрелеріне дейін самсытып көйлектер мен кілемдерді іліп қояды.

Ауқатты отбасыларына түскен келіндердің жеке заттары үш-төрт бөлмені алады. Жоғарыда аталған бірқанша банкеттердің шығындарына келсек, бай отбасылары оған тіпті де көп ақша жұмсайды. Соңғы кездері осы ысырапшыл әдет-ғұрыптардың кейбірін азайтуға өзбек белсенділері күш салғанымен, мұндай ысырапшылықтар, керісінше, күн сайын күшейе түсуде.

 

Мүбәрак КӨКБӨРІ, ақын

 

Фото интернеттен алынды.

Бөлісу: