Өмір тек сағыныштардан тұрады екен  ғой!

  (естелік-эссе)

 Күнделік беттерінен:

Мен мектептен бастап күнделік жазып жүруші едім, атам мен апам келгенде де, Қытайға барғанда да күнделік жазып жүрдім. Аталарым жөнінде баспадан шығайын деп жатқан кітапқа сол күнделік беттерінен аталарым мен апаларыма қатысты жазбаларымды қайта қарап ықшамдап, мазмұндай бере кетуді жөн көрдім. Бұл күндері олардың көбінің көзі жоқ болса да, рухтарымен сырласқым келді.

1986 жылы қазанның 7-жұлдызында шекарадан атамдарды Әлекең (Әлімғазы Дәулетхан, күйеуім – ав.) мен жездем Мәжит аға күтіп алды. Сол кезде үйде менің анам Ақсия, ағам Құттымұрат, әпкем Жәмилә, өкіл әкеміз бен апамыз, Әмзебек ағай бастаған училищенің басшылары, композитор Сүгірәлі, көршілер, Жолбарыс аға, т.б. күтіп отырған қалың адам үйге кіріп жайғасып, шайланып, демалғаннан кейін атам домбырасын қолына алып, «Баламды көргенде» атты ұзақ толғауын шырқады:

Жол тарттым Қазақ еліне,

Аман-сау келдім жеріне.

Атамыз қазақ ұрпағы,

Осында болған тегінде.

 

Ырысты байтақ өрістім,

Жолшыбай ұқтым жол үстін.

Сағынған балам, келінімді,

Құшақтап жылап көрістім.

 

Әлекем сені көргенде,

Шаттықтан  көңілім ашылды.

Мәриям сені көргенде,

Жылаған мауқым басылды.

 

Таңжарық сені көргенде,

Оттай боп көзім жанды ғой.

Әсиям сені көргенде,

Аңсаған шөлім қанды ғой.

 

Нұрғазым сені көргенде,

Жарқырап көзім жайнады.

Асырын салған жас бөбек,

Алдыма келіп ойнады…

Осылай ұзақ толғаған атамның өлеңі аяқталғанша, жиналғандар көздеріне жас алып, толқып отырды.

Біз үйленгенде отаулап шығарып салған Әлекеңнің қамқор ұстазы әрі әкесіндей болған Асылхан  ағай атамды көргенде: «Әкем-әкем деп мақтағанда бір зор адам екен десем, кішкентай ғана адам екенсің ғой» дегенде атам: «Алтын кішкене келеді емес пе»  дейді күліп.

***

Шымкент деген өте бір берекелі жер ғой, алғашқы отбасылық өміріміз  Шұбар ауылынан басталғанына қайран қаламын. Таңжарық, Әсия, Нұрғазы дүниеге келген қасиетті жер мен үшін  өте қымбат, ондағы араласқан  үлкен-кіші, құрбы-құрдастар бәрі-бәрі ыстық. Оның үстіне, менің апаларым да көп болды. Шәріпкүл апа, оның шешесі Оразкүл апа, Хатша апа, Паңсат апа, Гүләсел апа, Райхан апа, Әсем апа, Ұрхан апа, Зина апа. Бәрі үйімізге жиі келіп тұратын, қонақ келсе, біреуі бауырсақ пісіріп, біреуі қазанға ет салып, қамыр илеп беретін. Менің Шұбардағы өмірім осы апаларымның арасында жақсы өтті. Апаларымды қатты сағындым, олардың еңбекқорлығы, қарапайымдығы, ер адамды сыйлауы, олардың алдын кесіп өтпей, қарап тұратынына тәнті болушы едім.

Атам мен апам келгенде қонақ көп келуші еді, сонда бір жағынан маған көмектесіп, бір жағынан атамның сөздерін, әндерін тыңдап, қалжыңдасып мәре-сәре болатын. Атам таңға дейін ән айтса да шаршамайтын. Келген адамдар қандай рухты қайсар адам деп таң қалатын. Олар кеткеннен кейін кейде апам мен атамның ұрысқаны естіледі… Кейін атамнан не болды ата десем, күлетін де қоятын, сөйтсем апам әлгі апаларымнан  атамды қызғанып жүреді екен ғой.  Шынында да, атам кемпірлер қызықса қызыққандай, апам қызғанса қызғанғандай, ерекше тартымды, өнерпаз, ашық-жарқын адам екен. Сол кезде атам бар болғаны 66 жаста екен ғой…

***

1977 жылғы сәуір айында Таңжарығым дүниеге келді. Аудандық перзентханадан  келсем, Әсем апа: «Қызым, сенің үйіңде ешнәрсе жоғалған жоқ па» дейді. «Жоқ апа» десем, күндіз-түні есігің ашық болды, өткен-кеткен адамның бәрі сенің үйіңде болды, ешнәрсесі жоғалмаса екен деп қарап жүрдім дейді,  қайран апам-ай… Таңжарықтың дүниеге келгенін жуған ғой… көршілер, ауылдың адамдары бәрі ол кезде солай еді ғой…

Училищенің шеберлері мен оқытушылары қатар салынған барактарда тұратын. Әсем апа әр күні күн шықпай тұрып, әр үйдің  есік, терезелерін қағып «Әй, балалар тұрыңдар, күн шықпай тұрғанда шашылатын ризықтарыңнан құр қалмаңдар, күнмен таласып тұруға болмайды, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық дегенді естен шығармаңдар» деуші еді. Бұл сөзді ұйқысын қимаған кейбір келіндер ұнатпай, «осы кісінің несі бар екен бізде» деп күңкілдеуші еді. Ойлап отырсам, Әсем апаның жас отбасыларына айтқан жанашыр ақылы, тағылымдық өнегесі екен ғой. Бұл күндері ондай апаларды іздесең де таппайтының еске түскенде дәстүр жалғастығынан айрылып қалғанымызды өкінішпен еске аламын.

Кейін Нұрғазы дүниеге келер кезде мерзімді уақыты өтіп кетті, толғататын дәрі салса да болмады, бірнеше күн солай жатып қалдым, босанатын түрім жоқ, өзім де қиналдым. Темірландағы мықты, білгір дәрігер Бақыт Ажиева «үйіңе барып келші» деді де жедел жәрдеммен мені үйге жіберді, қоштассын деп жіберді ме, балаларын соңғы рет көрсін деп жіберді ме деп, не істерімді білмей, уайымдап тұрсам, Райхан апа келді,  осылай-осылай, қайтарды десем: Жүрші, мен сені Шәріпкүлдің апасына апарайын, деді. Сөйтіп, екеуі мені әрі-бері аунатты, аяғымды жоғары көтерді де, белімді орап, таңертең толғақ келеді, келмесе тағы бір рет келесің,  бала жүгініп қалған, өзіне жәйлі болған соң жата береді, ұл туасың деді. Айтқанындай, таңертең толғатып, аман-есен Нұрғазымды дүниеге әкелдім, сөйтсем дәрігерім Бақыт келіп, менің жағдайымды сұрап, құттықтап тұрып: Сені не үшін үйіңе жібергенімді ұқтың ба? Біздің алтын құрсақ аналарымыздың дәстүрлі емдеу тәжірибесіне сендім, сен аман-есен босандың, бірақ сол үшін мен бас дәрігерден сөгіс алдым, әйтсе де мен оған өкінбеймін. Осындай кезде де апаларымның көмегі тиді. Апаларым болған өміріме ризамын.  Мұндай жағдайда олар болмаса,  қайтер едім…

Қазіргі дәрігерлер мұндай жағдайда қараспанды төндіріп, пышағын ала жүгіреді, сол себепті де бала туу қиын болып, өкінішті жағдайлар көп болады,  әзір кемтар балалар да көбейіп кетті.

Сонымен атам мен апамдардың қайтатын уақыты да болып қалып еді, жолға шығатын күні таңертеңгі шәйдің үстінде атам бір кесеге тары жібітіп, бәрімізге бір қасықпен алғызды, толқып тұр, көзінде жас, маған: «Мен сені әбден сынадым, көңілім толды, арманым сендей келін еді, орныңда бар екенсің. Білімді десе, білімді екенсің, ақылды десе ақылды екенсің, қарапайым десе, қарапайым екенсің, өжет десе, өжет екенсің, салпы етек десе, салпы етек екенсің, қандай жұмыс болса да таңдамай істей беретін жан екенсің, арманым жоқ, батамды ал, балам,  ризамын саған деді…

Осындай адамның келіні болғандығым үшін өзімді бақытты санаймын, шынында да бақытты сияқтымын. Атаның көңілінен шығып, мақтау есту әрбір келіннің арманы шығар, әрине, мен де мәз болдым…

«Келуін келеді екенсің де, кетуің қиын екен» деп көзіне жас алып, қимай қоштасқаны көз алдыма жиі келеді.

****

Мен өз анам сияқты әдемі адамды көрген емеспін. Жас күнінде жеңгелері «әдемі қыз» деп атайтын да, кейін келіндері «әдемі апа» деп атайтын болды. Тек түрі ғана емес, мінезі де, өзі де, тұрған тұрысы, отырысы бәрі-бәрі әдемі. Мен біреумен аралассам, менің анамды көрсе ғой деп ойлаушы едім, анамды көрген адам менің қандай адам екенімді айтқызбай білетін сияқты сезілетін. Сондай анам болған мен бақыттымын. Бала кезімнен маған әр жағдайда да ақылын айтып отыратын:

  1. Адамның бәрін бірдей көр, бай, кедей деп әр түрлі қараушы болма.
  2. Қарапайым бол, тәкаппарлық жасама.
  3. Қолыңнан келсе адамға, айналаңа жақсылық ет, келмесе зияныңды тигізбе.
  4. Барған жеріңді, ата-енеңді, күйеуіңді сыйла, бағала, қызмет ет. Біздің үйге оқушы балалар да көп келетін, соны сезген анам: Еш нәрсені жасырушы болма, өзің не жеп отырсаң, балаларға да соны бер. Қайдан білесің, сен сол ісің арқылы Аллаға жақпай қаларсың дейтін.
  5. Екі-ақ адамбыз ғой деп, тамақ жасағанда аз жасама, сен енді тамақты алдыма әкелгеніңде біреу келіп қалса, не істеріңді білмей тұрғанша дайын тамағыңды беріп,  кейін жағдайын жасай бересің.
  6. Үйіңе адам көп келеді, байқаймын, қанша шаршап жүрсең де қазаныңды таза ұста, қонақ айтпай келеді, сонда сен қазан тазалап жүрмейсің, тамағыңды сала бересің.
  7. Үлкендерді сыйла, олардың алдын кесіп өтуші болма.
  8. Ешкімге көңілі қалатын сөз айтпа.
  9. Көп сөйлеме, көп тыңда.
  • . Бойыңды таза ұста, таза жүр.

11.Өзің істей алатын жұмысты өзің  істе, адам жұмсаушы болма.

 

Әлекең маған Москвадан қаракөл тон әкелді, кимейтін шығармын, үлкен екен десем анам: Жолдасың сыйлаған затты қуанып ки, ол сен үшін әкелді. Әкелген затына бей-жай қарасаң екінші рет әкелгісі келмейді деді.

Анамнан «мен қиналып жүрмін, каникулда Сәрсен, Бақыт, Шолпан сіңлілерімді  көмекке жіберіңізші» дедім. Сонда анам: «Мен саған оларды жіберемін, бірақ қанша шаршап жүрсең де балаңның жаялығын өзің жу, қыз баланы боққа салушы болма», деді. Олар жуса несі бар деп те ойлайсың ғой… Осы сөздің мәнісін 1988 жылы Қытайға барғанымда кейбір келіндердің  балаларына туысқандарынан бір-бір қыз ұстап, балаларының жаялығын жуғызып, қалай жұмсағандарын көріп: Қыз бала таза, нәзік болуы, өзіне лайық қылығы, еркелігі, тәкаппарлығы болуы керек қой, жаялық жуып жүрген қызда ондай  тазалық, нәзіктік  қайдан болсын. Анам осыны айтқан екен ғой, «қыз балаға жаялық жуғызба» деген сөздің мағынасын  түсінген  маған  келіндердің  қылығы ерсі көрінді.

***

Анамның «Бір жерде тұрса тас та гүлдейді» деген сөзінің де мағынасын кейін ұқтым, ол салмақты, сабырлы, төзімді бол дегені екен ғой.

Жоғары білім алып, үйге барғанымда «оқу бітірдің, білімдісің, бірақ есіңде болсын,  Құранды білмесең түк те емессің» деді. Осы сөз менің өмірімді  түгелдей өзгертіп жібергендей болды. Құранды, Ислам туралы кітаптарды, Пайғамбарымыздың  Хадистерін т.б. көп оқитын болдым.

Анамды көрген атам: «Ақсия десе, Ақсия екенсің ғой» деп риза болғаны мен үшін үлкен мәртебе болды.

Менің өз анамды ғана мақтан тұтумен  шектелгім келмейді. Адамның ұшқан ұясы мен өскен ортасының ықпал-әсерінің де ерекше орны бар екенін он жыл бойы класс жетекші болып, ұстаздық, әрі аналық тәрбиесін берген София апайым мен 10 жыл бойы жұп жазбай бірге оқыған құрбы-құрдастарымның  үлгі-өнегесінен де болатынын сүйіспеншілікпен еске аламын. Олармен күні бүгінге дейін қарым-қатынасымызды үзбей, қуаныштарымыз бен қаралы күндердегі қайғымызды да бірге бөлісіп  келе жатқанымыздың өзі тәрбиеміздің қандай  болғанын көрсетіп тұрғандай.

***

15 шілде 1988 жыл. Ауылдан Қытайға шекараға келер кезде түсімде, бір үйде екенбіз, шабылған иттің басы… Әлгі бас денесі жоқ, менің соңымнан қалмай, домалай береді. Шошып оянсам, түсім екен. Күндіз есімнен сол түс кетпей жүрді. Әлекеңе айтсам ауру шығар деді. Іштей Алла жол бере гөр, абырой бер, Әлекеңнің еліне барғанда, тек жақсылық болса екен деп тілеумен келемін.

12 жыл отасқан Әлекеңнің туысы менің де туысым екенін білемін, осы кісілерге барынша қызмет жасасам деген ниеттемін.

Әлекең маған менің қандай екенімді еліме барғанда көресің дейтін…

Шіркін ел, жұрт, сағынысып кездесу қандай жақсы еді. Атам бізбен бірге қыдырды, ән айтты, көңілі көтерілді. Балаң келді деп, келіп жатқан ел, қонаққа шақырушы туыстар қаншама… Бәрінің қадіріне жеткің келеді, бәріне көмектескің келеді. Ол кезде Қытайдағы қазақтардың тұрмыс тіршілігі қиын еді.

Атам сөзге шебер, көп нәрсені білетін, мақалды да ойламаған жерден айтатын, елге қадірлі адам екен…

23 тамыз 1988 жыл. Атамның науқасы күшейіп, тамақ жеуден қалды. Әкемді ауруханаға көрсетемін деп Әлекең Құлжа қаласына кетті. Бәріміздің арманымыз атам жазылса екен. Не болды, ауру қайдан келді білмейміз. Әйтеуір біз келместен бұрын ауырғаны анық, содан бері асқындырып алды ма екен. Бұрынғы көңіл-күйі жоқ. Аллаға жалбарынумен боламын, тек атам жазылса екен деп…

2 қыркүйек 1988 жыл. Атамды ойлап қоямын, жүрегім ауырды. Құдай-ай біз келгенде атамды ауыртқаның-ай. Еліне 21 жыл дегенде жеткен Әлекең қандай күйде екен…

Бір күні жайлауда киіз үйдің алдын сыпырып жүр едім, атам: «балам, бері келші» деді. Қасына бардым, әр түрлі мағынада әңгіме айтты, тыңдадым. Бір кезде сөз арасында:

– Балам, мен ешкімге де  сенбеймін, – деді.

– Неге ата, сонда бұл сөзді  қалай түсінуге болады дегенімде?

– Иә, оны кейін түсіне жатарсың, – деді.

Не дерімді білмедім, атам ойламаған  жерден неге бұлай айтты деген ой көпке дейін кетпеді. Сөйтсем, атам менің адамдарға тым сенгіштігімді, аңғалдығымды ескеріп, көп нәрседен сақтандырғысы келген екен ғой.

Менің атаммен сөйлескен сөзімнің соңы осы болды, кейін атам ауырып жатып қалды. Осылар барда өлсем, топырақ осылардан бұйырса екен деп тілейтін.  Алла сол тілегін қабыл етті ме? Мәңгілікке көз жұмды. Бірге жүрген кезіміз көрген түстей ғана болды. Қайран атам-ай, тек қана арман болып қалды…

Кейінгі жазған хаттарында: «Мәрияшым, жатсам, тұрсам көз алдымнан кетпейсің» деуші еді… Енді кім айтар ондай сөзді.

Бір  жұбаныш етерім, екі атаның шығармаларын төте жазудан біздің әріпке түсіріп, оны компьютерге басу мен үшін үлкен қуаныш болды. Ең болмаса, осы жұмыстарым арқылы атамның алдындағы міндетімді орындадым ба деп өзімді жұбатамын. Өмір осылай, тек сағыныштардан тұрады екен ғой…

Мәриямгүл  Орымбайқызы,  Дәулетхан келіні

Бөлісу: