Бүгін «Отандастар қоры» КЕАҚ және Дүниежүзі қазақтар қауымдастығымен бірлесіп РФ Омбы қаласында «Abai Uii» қазақ мәдени-іскерлік орталығы ашылды, деп хабарлайды «Дәстүр» сайты .

Онлайн форматта өткен іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Омбы қаласындағы Қазақстан Республикасы консулдығының өкілдері, сондай-ақ «Отандастар қорының» басшылары, «Омбы қазақтары» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты.

Жиын барысында Ресейдегі қазақтардың мәдени, іскерлік және білім беру қызметін қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Abai Uii» қазақ мәдени-іскерлік үйлерінің қазақ мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, шетелдегі отандастармен іскерлік және гуманитарлық байланыстарды нығайту бойынша мақсаттары мен міндеттері айтылды.⠀

Алдағы уақытта, 2020 жылдың соңына дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Отандастар қоры» Қырғызстанда (Бішкек қ.), Өзбекстанда (Ташкент қ.), Германияда (Берлин қ.), Түркияда (Стамбул қ.) «Abai Uii» атты тағы 4 қазақ мәдени-іскерлік үйін ашуды жоспарлап отыр.

Бөлісу: