«Абай аманаты» немесе һашия жанрының жаңаруы

Қазіргі таңда ой-санамыз бен рухани мәдениетіміз жаңа қырынан түлеп жатқаны белгілі. Оны өзіміз күнде телмірген әлеуметтік желідегі ой-өрісіміз айқындай түседі.

Осыдан 6-7 жыл бұрын-ау деймін, Алматының қақ ортасындағы «Мәдениет» кітапханасы жабылды. Кітапхананың тірегі де, тілекшісі де журналист Жекен Жұмаханов ағамыздың жары Клара апай еді. Өмір бойы сол бір-ақ жерде қызмет еткен Клара апай тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын жылдары да кітапхана жұмысын тоқтатпады. Бірақ жасы келген,  оның үстіне жоғарыдан жабылуы керек деген нұсқаулық берілген соң амалсыздан жарты ғасырдан аса оқырманға қызмет еткен кітапхана жабылатынын айтып біраз кісілерге, оның ішінде маған да хабарлаған болатын. ХХ ғасырдың ортасында шыққан көптеген көркем әдебиеттерді (бұрын оқыған болсам да, сарғыш тартқан кітаптарды қимай алғанмын), әлем әдебиетінің көп томдығын, тағы да басқа көптеген жауһарларды жеке кітапханама сатып алғаным бар. Сол көркем әдеби  кіптаптарды ашып отырып біздің замандастарымыздың кітапты өте бір үлкен әсермен оқығанын сезінесің. Әрбір кітапты оқып болып, кітаптің жиегіне, біткен жеріне өз әсерлерін жаза кетіпті. Мысалы, мынау 1970 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ» романының соңына бір ойлы оқырман «Мұндағы ең өзекті мәселе – колхозды ауылдағы еңбек салтанаты» деп жазыпты.

Иә, мұндай кітап шетіне жазу дәстүрі шығыс елдерінде ерте заманда-ақ қалыптасқан екен. Атақты абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының сөзімен айтсақ: Шығыс әдебиетінде ертеден орын тепкен кәнігі құбылыс – қолжазбаны не кітапты оқудан туған өзіндік жеке сын пікірлерін кітап шетіне белгі қою, не жазып қалдырудан туған Һашия жанры болатын-ды.   Жазба түрде пікір білдірудің мұндай түрлері Еуропа мен орыс, қазақ әдебиеттерінде һашия деп аталмаса да, әр қилы формада ұшырасып отырады.

Ал, Мұхтар Әуезов кітапты оқығанда көбінде ұшталған қызыл, кейде қара мен күлгін түсті қарындаштармен белгі соға отырып, өз ойларын, әсерін сөзбен түйіп, жазып отырғанын білеміз.

Кітаптарға түскен осындай белгілерге қарап, оны оқыған адамның, тіпті, заманның қандай болғанын, рухани талабын, заман зәрулігін сезуге болады екен. Мен көбіне сол кітапханадан алған ескі кітаптардың жиегіне жазылған пікірлерден рухани азық тапқандай боламын.

Мұның бәрі бүгінгі Елбасы Н.Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласын оқығаннан кейін есіме түсіп отыр. Он жылдан аса уақыттан бері ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналын шығарып келе жатқан маған, Елбасының мұнан бұрын жазған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары, шыны керек, жаныма өте жылы тиді. «Абай аманатын» оқығанымда да тура сондай сезімде болып отырмын. Жоғарыда айтқанымдай, бірден қолыма қалам алып, шетіне һашия жазып кірістім. Неге? Өйткені Абайдың әрбір сөзі қай заманда өмір сүргеніңе қарамай-ақ сенің әрбір қадамыңа сілметеме мен жауабын беріп тұрған жоқ па? Елбасы да ел басқарудағы әрбір ісінде, қабылданған ауқымды қаулыларда да Абайдың сөзін басты назарда ұстағанын айтып отыр. Осы мақаланы оқып отырып өзің де еріксіз мен қалай жасаған едім деп ойланып, ол ойыңды кітап шетіне түрте кетеді екенсің. «Дәстүр» журналының алғашқы санын Абайдың Қара сөзімен ашқан болатынбыз. Иә, сонау Абай заманынан бері-ақ әрбір киелі екі істің бірі Абайдың сөзімен басталып келе жатқаны анық. Бұл – Елбасымыз айтып отырған «Абай аманаты» емес пе? Енді сол Аманаттың тереңіне бойлап, оны жан-жақты зерттеп-зерделеп іске де көшіп келе жатыр заманымыз. Істен сөзге көшкеніміздің айқын көрінісе де осы.

«Ұлы Абайдың 175 жылдығы биыл адамзатқа қатер төндіріп, коронавирус індеті жайлаған уақытпен тұспа-тұс келіп қалды. Аталған дерттің зардабы жер жүзіндегі мемлекеттердің ешбірін айналып өткен жоқ. Бірақ жарқын келешекке деген сенім мен сындарлы әрекеттің арқасында бұл уақытша қиындықты да еңсеретін боламыз. Абайдың сөзіне жүгінсек: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» – дейді Елбасы  «Абай аманаты» мақаласында. Абайдың заманында да мұндай індеттің болғанын «Абай жолынан» оқығанбыз.

Аласапыран мына заманда жақсылықтан үміт үзбейік!

 

Қасымхан БЕГМАНОВ

 

Бөлісу: