Бұрынғы қазақ қоғамында үйленген екі жасқа отбасын құруға көмектесетін бірегей жүйе болған. Ол – енші деп аталған. Енші дегеніміз – үйленген жігіттің әкесінен бөлек отау болып шыққанда көтеріп беретін үйі, арнайы бөліп, бөлектеп беретін мал дәулеті деген сөз. Әрбір ата-ана үйленген ұлына «енші», қызына «жасау» беріп іргесін бөліп отырады да, кенже ұлына енші бермей, қара шаңыраққа мұрагер етеді. Қазақ халқы «енші» деп ұлы үйленіп, бөлек отау болған кезде «мынау сенің еншің» деп ата дәулетінен бөліп беретін мал-дүниені айтады. «Енші» алған ұл мен «жасау» алған қыздың енші мен жасауларын алған күннен бастап ата-анасының мал-дүниесіне қол сұғуға құқығы болмайды.
Енші алмай қара шаңырақта қалған ұл (мейлі ол кенжесі, мейлі ортаншы, мейлі үлкені болсын) ата дәулетіне ие болады да, ата-ананы бағып-қағу жауапкершілігін сол арқалайды.
Сонау жарысқазаннан бері баласына қормал болып, бағып, жұмыртқаның сарысындай сақтаған ата-ана балаларының өзі балалы болған соң, «енді өз күнін өздері көре алады» деген сенімге келіп, бөлек шығарады. Мал бөледі. ЬІдыс-аяқ береді. Бастарына киіз үй көтереді. Бұның өзі кішігірім тойға ұқсап өтеді. Жақындары да бөлек отауға қолдарында барын әкеледі. Алды мал, арты ең құрығанда бір сырмақ, не бір терме бау әкеледі. Бұған келіннің төркіні бергендері қосылып, жаңа отау ел қатарлы шаңырақ болып шыға келеді.
Отау көтергенде ең алдымен ұлдың әкесі бір түйе береді. Мұнысы — ел көшкенде жұртта қалмасын, шаңырағың артсын дегені. Шешесі бұзаулы сиыр береді. Бұл — бала-шағасына сусын болсын, ақтан тарықпасын дегені. Осы екеуін ұқсата білсе, отаудағылар көліктен де, құрт майдан да тарықпайды. Сондықтан да бұны бергенде, ауылдың жастары: «Әкең берді бір түйе, сол түйеге бол ие!» деп, түйені де, «Енең берді бір сиыр, сол сиырға бол үйір!» деп сиырды да өлеңге қосып, оны бағып-қағуды, өсіруді тәптіштеп, тапсырманы жаудырады. Егер отау иелері осыларды орындаса, түтіндері тез түзеледі.
Қазаны, малы бөлек болғанымен, ауылдың ақсақалына барлығы бағынады. Оның айтқаны заң.
Ол кездегі абысындар өте тату болады. Біріне-бірі малды қойып, балаларына шейін бере салады. Бір үйі мал сойса, жас сорпа ішеміз деп сол үйде болады. Келе алмағандарына бір жілік шикілей беріледі.
Егер үйленген азаматтың әкесі енші бөлуге шамасы аз, ауқатсыз адам болса, оның жағдайын ағайын-туыстары өзара бірлесіп, отау болуына қол ұшын созған. Қалайда, үйленген екі жас басында баспанасыз, күнелтетін күнкөріссіз қалу деген атымен болмаған. Яғни, екі жастың бас құрап, үй болуы екі адамның ғана емес, бүкіл ауылдың игілікті ісі ретінде қаралған сондықтан, жас отбасылар панасыз қаламыз-ау, деп еш уайым жемейтін. Мұндай ізгілікті дәстүр қазір де қазақ отбасыларында сақталып келеді. Балалары үйленсе, ешқандай пенделік есеп-қисапсыз балаларына баспана алып беруге бар дәулеті мен қаржы-күшін жұмсайды. Соның арқасында бұл күнде қазақ жастарының көбі әке-шешесіне арқа сүйейді. Ауылдық жерлерде тұратындарының баспаналы болуы онша қиынға соқпайды.
Ұлын бөлек шығарарда əкесі бүкіл ағайын-туыстарын жинап, мал сойып, той жасайды.
Бөлек шығып жатқан келін өзінің жасауынан бір жақсы затын, киімін атасына беріп, оның орнына атасы қойды қосақтап байлайтын арқан береді, (қосақ басы), бата жасатады. Бөлек шыққан отаудың белгісі — ұсақ малға ен салу.
Жалпы, «енші» сөзінен бір емес, бірнеше мағына шығаруға болады. Соның бірі – отбасынан жеке шаңырақ болып бөлініп шыққан ер баласына ата-ананың белгілеп берген малы мен басқа да дүние-мүлкі. «Еншісіз ұл, кәдесіз қыз болмайды» деген сөз осы дәстүрге қатысты айтылса керек. Ата-анасы қай баласына қанша енші бөлетінін өздері шешеді. Әдетте, үлкендерінің үлесі молдау болып жатады. Өйткені, үйдің үлкені жағдайын жасап, тұрмыс-тіршілігін оңалтып алған соң, кейінгілеріне қарайласуы тиіс.
Отбасында ата-ананың екеуі бірдей өмірден өтіп кеткен жағдайда, еншіні теңдей бөліп үлестіру міндеті үлкен ұлға жүктеледі екен. Артынан ерген інілерінің ешқайсысын алаламай, әрқайсысына тиісті еншісін бөліп беру — оның міндеті, бір сөзбен айтқанда, әке-шешенің ең үлкен аманаты. Бұл – қазақ даласында қалыптасқан темірдей тәртіп. Аса жоғары жауапкершілікпен бұлжытпай орындалып, ешқандай дау-дамайсыз, басқа біреудің араласуынсыз, өз ретін тауып отырды. Ал, сол еншіні алушылар да қолына тиген дүние-мүлікке аса қырағылықпен, атадан қалған аманат ретінде қарап, осылай ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырған. Бүгінде осы дәстүрге сәйкес отбасын құрған баласына отау тігіп, енші бөлетіндердің қатары сиреп кеткенге ұқсайды. Осылайша өз құндылығымыздан ажырап бара жатқандаймыз. Әрбір ата-ана өз баласына тиесілі дүние-мүлкін енші бөлу салты бойынша беретін болса, дәстүріміз қайта түлей түспей ме?
Бірақ… бұл күнде қазақ елінде урбанизацияның жаңа кезеңі өте қарқынды жүргізіліп кетті. Жаңа үйленген жас отбасылары оқу іздеп, жұмыс іздеп, қызмет қуып, күнкөріс қамымен қалаға ағылды. Ал үйленген екі жастың ең басты өткір мәселесі баспана екені белгілі. Ауылда қалған әке-шешесі жиған тергенін түгін қоймай сатса да, қазір Қазақстанның Алматы, Астана секілді орталық қалаларын қойып, облыстық қалаларының өзінен баласына баспана сатып әперуге шамасы жетпейді.
Қазір жаңа үйленген қазақ жастарына үкіметтен арнайы енші бөлу әлі толық шешімін таппаған мәселе болып отыр. Тәуелсіздік алған, өз тізгіні өзіне тиген өкімет өз елінің жаңа отбасына өзі көмек көрсетпесе, басқа кім көмек бермек? Сондықтан, жас отбасыларға «мемлекеттік енші беру» деген тұжырымдама жасайтын кез келді. Отан деген әрбір отбасыдан бастау алатыны аксиома болса, мемлекеттік істің де ең басты көмек көрсететін бастау көзі осы жас отбасылар болуы шарт. Бұл — жаңалық емес, бұрыннан бар ізгі үрдістің қайта жаңғырған түрі ғана.
Дүйсенбек ҚАЛМЫРЗАЕВ
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығы