Атақты заңгер, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Шакарапұлы Жалаири туралы мерзімді баспасөз беттерінде көптеген жылы лебіздер, ғылыми-зерттеу мақалалар жиі ұшырасады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ғой атамыз қазақ. Мен де белгілі ғалым, білікті басшы, табанды қайраткер туралы ойым мен пікірімді ортаға салсам деп едім.
Әңгіменің әлқиссасын оның қайраткерлігінен, іскерлігінен бастайын. Өмірәлі Шакарапұлы Жалаири ұлттық саладағы білікті заңгерлер тапшылығы сезілетін елімізде осы бағыт бойынша алғашқылардың бірі де, бірегейі болып, жекеменшік жоғары оқу орнын ашты. Оған қазақ халқының адал перзенті, ел басқару саласындағы ірі тұлға, аса көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін қойды. Өмірәлі ағамыз алдымен үлкен кісінің алдына барып, арнайы рұқсатын және ақ батасын алды.
Өмірәлі Шакарапұлы ағамыз өз арманын сонау бозбала кезінен пайымдай білгенін аңғарамыз. Оның жауынгерлік міндетін мінсіз атқаруы, сержанттық қысқа курсты бітіріп, офицерлік шен алуы, сөйтіп бөлімшеге командирі болуы, одан әскерден елге оралғасын ішкі істер бөліміне қызметке тұруы, осының бәрінің негізінде үлкен арманға бастайтын бірізділік, бір жүйе бар.
Өмірәлі Шакарапұлы 1968 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы бітіріп шығады. Сол уақытта Қарағандыда мемлекеттік университет ашылып, жаңадан заң факультеті құрылған еді. Соған орай, мұнда білікті заңгерлер мен мамандар іздестіріліп жатқан. Университетті үздік бітірген Өмірәліге ұстаздық қызметке жол ашылды. Сол сияқты, еліміздің Ішкі істер министрлігі аппаратына тергеуші болып баруға да ұсыныс жасалады.
Бірақ, ғылым жолын таңдаған талапты жас емтихандардан мүдірмей өтіп, аспирантураға оқуға түседі. Оны бітірісімен, әкімшілік құқық бағытында зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алады. Жігерлі де білімге құштар жастың бұл еңбегі жемісті болды. 1980 жылы КСРО Жоғары аттестациялық комиссиясы Өмірәлінің диссертациялық жұмысын жоғары бағалайды. Әкімшілік құқық пен шаруашылық құқықты ұштастыра отырып жазылған «Облыстық атқару комитеттері және олардың өздеріне бағынбайтын кәсіпорындармен қарым-қатынасы» деген тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеген кандидаттық жұмысы мәскеулік білгір ғалымдардың өзін тәнті етті. «Мұның сыры неде?» деген заңды сұрақ тууы әбден мүмкін. Айтайын:
Біріншіден, таңдаған тақырыбы бұрын түрен түспеген, тіпті кейбір құқұқ саласында жүрген көптеген адамдарды ойландырмаған, кейбірінің өресі жетпеген тың мәселе еді. Жасыратыны жоқ, көптеген одақтық деңгейдегі кәсіпорындар мен ірі өндіріс орындары жергілікті басшылармен санаспайтын, тұрғылықты халықты жұмысқа тартпайтын, жергілікті бюджетке салық төлемейтін. Бұл халық шаруашылығын кешенді түрде дамытуға кері әсерін тигізетін. Соның салдарынан кейбір аудандар мен өңірлердің табысынан айырылып, әрі өтемін ала алмай, тұралап қалғаны шындық.
Жас ғалым осының бәрін тиянақты зерттеп, мұндай бей-берекет тәжірибеден бас тартып, жоспарды жергілікті билікпен біріге отырып жасау керектігін ғылыми тұрғыдан дәлелдей білді.
Қолданыстағы Заңға өзгеріс енгізіп, Министрліктер мен бірлестіктердің жоспарлаушы органдары облыстық атқару комитеттерінің комиссияларымен тікелей-қарым-қатынаста болуын міндеттейтін бап енгізу қажеттігін көтерді…
Тәуелсіз Қазақстанның заңнамасын жетілдіруге де өз үлесін қосып отырды. Бұл кезде өз саласының білгір ғұламасына айналған сұңғыла жан істі Ата заңнан бастау керектігін түсінді. Шындығына келсек, 1993 жылғы Конституцияда ілгерілеушілік болғанымен, ол замана рухына толық сай емес еді. Өмірәлі Шакарапұлы әлемдегі, оның ішінде мұсылман елдеріндегі және қазақ халқындағы бұрын-соңды билік жүйелерін зерттеп, олардың айырмашылығын, ерекшеліктерін, біздің қоғамымызға сәйкес келетін тұстарын сараптады.
Басылымдарда, теледидар мен радио арналарында көңілге түйген ойларын, өз пікірін білдіріп отырды. Тынымсыз атқарған осы ғылыми еңбегі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік биліктің конституциялық-құқықтық негіздері және оның қызметі (теория және практика мәселелері)» деген тақырыпта жазылған докторлық диссертацияға арқау болды. Әрине, мен бұл диссертацияны талқылаудан аулақпын. Кәсіби әріптестері кезінде өте жоғары бағалап, лайықты бағасын бергені белгілі.
Диссертация, шын мәнінде, ешқашан маңызын жоймайтын өзекті мәселелерді көтерген еді. Онда билер сотын қайта жандандыру қажеттігі, заң шығару бастамасы құқығын ҚР Жоғарғы сотына беру, атқарушы билік институттары аппаратына қатысты конституциялық-құқықтық ережелерді анықтау, сот органдарын Әділет министрлігінің құзырынан шығару жайында ұсыныстар жасалды.
Сол сияқты, әкімшілік-құқықтық жайларға байланысты да бірқатар маңызды ұсыныс-пікірлер айтты…
Осылайша, ғылыми еңбегіне мемлекетіміз үшін аса құнды қағидаттарды арқау еткен ойшыл ғалым Ата Заңымызға жаңа толықтырулар енгізу үшін 1995, 2007, 2017 жылдары құрылған жұмыс тобының құрамына енді. Ол көтерген кейбір мәселелер конституциялық нормаларға кірді. Кейде осы бір табиғатынан кішіпейіл, қарапайым, жұмсақ мінезді азамат халық мүддесіне келгенде ешкімге есе жібермейтін батылдығы мен қайсарлығының арқасында ел үшін қажет баптарды қорғап қалғанынан жалпы жұртшылық хабарсыз болар.
Мысалы, 2017 жылы жаңа толықтырулар мен өзгерістердің енгізілуіне байланысты құрылған жұмыс тобының мүшесі ретінде ол осы іске тартылған басқа әріптестерімен бірге бір ай бел жазбай еңбек етіп, президент әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөліміне түскен барлық ұсыныстарды сараптап, ретке келтіріп, олардың мән-мазмұнын сол кездегі ҚР Президентіне жеткізген еді.
Заң ғылымдарының бүгінгі санаулы саңлақтарының бірі – белгілі профессор өзі басқаратын Академияда көптеген білікті мамандардың басын қосып, басқа да оқу орындарына, мекемелерге барып, түрлі жиындар өткізіп, өзгеріске ұшырайтын әр бапты жан-жақты талқылап, Академиядағы ғалымдардың кәсіби сараптамасынан өткен қорытынды ұсыныс-пікірлерді тұжырымдап, жұмыс тобына, халықтың тағдырына өте зор әсері бар осындай ауыр аманатты арқалап келген еді. Сондықтан оның селқостық, босаңдық танытуға жол бермейтін ұлтжанды жүрегінің қашан мақсатына жеткенше тыншымайтын әдеті бар. Тек қоғамға пайдалы тұстарын қабылдату үшін күш салу керек. Бір ауыз сөз бүкіл қоғамның өмірін өзгертіп жіберуі де мүмкін.
Бір әңгімелескенімізде заң ғылымының заңғары сөз арасында маусым айының бесінде өтетін алдағы Референдумның мән-маңызы өте зор екенін, өркениет биігіне өрлер жаңа Қазақстанның тарихи жарқын беттері жазылуы үшін ұлы арман-мақсатты мұрат тұтқан президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты барынша қолдап, әр бір саналы азаматтың өз үлесін қосуы керектігін, өзі де, ұжымы да осы бағытта қажетті шараларды жүзеге асырып жатқанын айтып та қалған-тын.
Жалпы, көпшілік бұл өзгерістер мен толықтырулардың өзара сабақтас тұтас дүние екендігін, ханнан бастап қараға дейін заң алдында бірдей тең құқықты болуын қамтамасыз ететін, ендігі жерде «тірегі барлар» қолынан іс келсе де, келмесе де майлы орындарға жайғасып, қарапайым жандар қанша білімді, талантты, іскер болса да өздеріне лайықты қызметке қол жеткізе алмайтын әділетсіздікке жол берілмейтінін жақсы түсініп, жылы қабылдағанын, миллиондаған жүректерде өзінің, елінің тамаша болашағына деген үлкен үміт пайда болғанын көріп, естіп жатқанын зор қуанышпен ерекше атап өтті. Ендеше, Жаңа қазақстанымыз үшін, жарқын болашағымыз үшін, өзіміз үшін білекті сыбанып, еңбек етейік, ағайын!
Кезінде қол ұстасып жүріп, еліне адал қызмет етуді ниет еткен Өмірәлі Шакарапұлы мен оның сүйікті жары Кәшипа Рахымбекқызы Дархамбаева тозығы жеткен екі қабат балабақшаны жалға алып, жөндеу, заманауи әрлендіру жұмыстарын жүргізіп, кейіннен жекешелендіріп, көрікті оқу орнына айналдырса, қазір осы шағын мекеменің орнында он екі қабат зәулім ғимарат бой көтерді. Оның дәл іргесінен студенттерді жайлы баспанамен қамтамасыз етер он екі қабат жатақхана салынды. Мұның бәріне біраз уақыт, едәуір қаражат, күш-қуат жұмсалды. Осындай ірі де игілікті істермен айналыса жүріп жазған заң саласындағы ғылыми еңбектері жарық көріп, құқық негіздерінен мағлұмат беретін жоғары, орта оқу орындарына, мектеп сыныптарына арналған оқулықтары студенттер мен оқушылардың заңнама және құқық жөніндегі кеңесшісіне айналды.
Жер Кодексі де, шаруа қожалығы туралы заң да ұлттың мұратын асқақтатқан көрнекті қайраткердің жаңа мұрат, арманының орындалуына, ауыл адамдарына көмектесуіне мүмкіндік туғызды. Сөйтіп, осындай заңнамалардың негізінде қандай шаруаларды қалай атқарып табыс көзіне айналдыруға болатыны жөнінде отандастарына бағалы кеңес, материалдық та жәрдем беріп, ел экономикасын көтеретін, өз отбасының әл-ауқатын арттыратын бақуатты, білікті кәсіпкерлердің қалыптасуына сүбелі үлес қосты.
Оның шетелдік жоғары оқу орындарымен қарым-қатынас орнату барысында бірінші кезекке мемлекеттік мүддені қоятын ерекшелігі елдің қамын ойлаған әрбір азаматқа үлгі боларлықтай өте ізгі қасиет. Бұдан тысқары, жат жұрттықтарды былай қойғанда, Шоқан Уәлихановтан бастап, кешегі, бүгінгі ірі ғалымдарымыз, академиктер, ғылым докторлары еңбегін жоғары бағалаған, «қазақ халқының Геродоты» аталған тұңғыш тарихшымыз, аса ірі ғұлама әрі атақты қоғам қайраткері Қадырғали би Қосымұлы Жалаири атындағы халықаралық қоғамдық қорды құрып, онда жазылған өте құнды, тың мәліметтерді жүйелі түрде зерттейтін ғалымдар тобын ұйымдастырып, кең ауқымда халықаралық конференция өткізіп, осы бағыттағы жұмыстарды әлі күнге жалғастырып келе жатқаны да сүйсінерлік, қуана құптарлық іс.
Сонымен қатар, қоғамымызда болып жатқан әрбір жаңалыққа білікті заңгер ретінде үн қосып, әйгілі билердің еңбектерін талдап, мақалалар жазуы, Ата Заңның қадір-қасиетін, мән-маңызын қарапайым тілмен ұғынықты түрде түсіндіріп, бұқаралық-ақпарат құралдарында белсенділік танытуы оның үнемі өз биігінен көріне білінуінің белгісі. Және оның мақалалары тілінің жатықтығымен, мазмұнының тереңдігімен, қызықтылығымен қаншама жүректерді баурап алады, ой салады.
Мәселен, «Ұлы құндылықтар – ұлт айбары» атты мақаласында «сана жаңғырмай адамның дамымайтынын, қоғамның алға баспайтынын, ХХ ғасырда әлем жаппай еліктеген батыстық жаңғыру үлгісі бүгінгі заманның болмысына сай келе бермейтінін, өйткені олардың өздерінен басқа халықтардың ұлттық ерекшеліктеріне мән бермей, «еуроцентристік» менмендіктен арыла алмай, өздеріне ғана тән мәдениет өлшемдерін әлем халқына жаппай таңғысы келетінін айтады. Бұл саяси және идеологиялық қарама-қайшылықты, дүрдараздықты тудыратынын ескертіп, батыстық, американдық «ережелерге» сай келмеген қоғамдық құрылыстар «түрлі-түсті төңкерістер» нәтижесінде құрдымға құлдырағанын, осындай бақытсыздықтарға ұшыраған мемлекеттер аумағында қанды қырғыннан орны толмастай қасырет шеккен қарапайым халық, қираған сан алуан ғимараттар, өндіріс ошақтары, түп-тамырымен жойылған түрлі деңгейдегі, білім, денсаулық, мәдениет орындары, бір мемлекет азаматтарының өзара бітіспес дұшпанға айналуы, шешілмеген, шешілуі мүмкін де емес сансыз орасан зор өзекті мәселелер қалғанын, үй-күйінен, жинаған қаржысынан, қызметінен айрылған миллиондаған кешегі бақуатты, беделді азаматтар бейшара босқындарға айналып, қаңғып кеткенін, көптеген жандардың өмірінен айрылғанын не мүгедек болыл қалғанын баяндайды.
Осылайша тереңнен толғанған профессор «Әрбір азамат Ата заңды құрметтеуі тиіс» атты мақаласында жетпіс жылдан аса коммунистік партия билеген тоталитарлық жүйеде өмір сүрген халықтар тәуелсіз тірлікке бет бұрған алғашқы қадамдарының қатарында дербес Конституцияларын дайындағанын, себебі қай мемлекет болсын, оның саяси құрылымы Ата заңда көрініс табатынын айтып, отандық Конституция тарихынан біраз хабар береді. Меніңше, Өмірәлі Шакарапұлының мұндай ұстанымын барша отандастарымыз басшылыққа алса, елімізде алауыздыққа, жікшілдікке, лаңкестікке, отандастарымыздың тыныштығын бұзар басқа да жағымсыз жайттарға жол берілмейді. Ендеше, ғұмырын халқының бақытына жол сілтер ғылымға арнаған ғұламаларымызды тыңдайық, сыйлайық!
Жаза берсек, Өмірәлі Жалаири хақында бірер кітапқа желі болар жемісті істер мен жетістіктер баршылық.
Деніңіз сау, отбасыңыз аман болып, еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз, жасай беріңіз! Елі мен жерін ойлаған бір ғалым Сіздей-ақ болсын. Жаңа Қазақстанға қосар үлесіңіз көп болсын!
Қасымхан БЕГМАНОВ