Тарихи ұғымдардан аттап өте алмайсың

29

«Өт» деген сөз біреудің сізге өтіп кетіңіз деген құрметті ишаратын сездіреді. Сіз өт деген сөзді естіген соң өтуге дайындаласыз. Өт сөзінің екі жағы қоршаулы аралықтан өтіп кетуге нұсқаған сөз екенін де бірден білесіз. Ендеше, екі жағы қоршаулы аралықтан жүруді неге өт, өту сөзімен білдіреміз?

«Өт» сөзі – от сөзінің келесі бір дыбысталуы. Қар еріп, тоң жібіп, алғашқы көк қылтия бастаған кезде Жыңғылды қыстауында отырған шопандар солтүстікке бет алып, Мөлдір деп аталатын Ақдаланың төсіндегі көктеулікке көше бастайды. Ақдала дегеніміз –  Алтай тауы мен Үліңгір өзенінің арасындағы бұта-бүргенді жазық дала. Үліңгір өзенінің оңтүстік бетін Желдіқара атты жел өті қоршап жатады. Желдіқара жел өтінен оңтүстікке қарай Қарамайлы аласа таулы адырлары басталып, бұл төбелі аймақ Құбы құмына дейінгі ұлан-ғайыр жерді алып жатады. Жыңғылды қыстауы – осы Құбы құмына іліге бастаған жерде. Жыңғылды қыстауынан Мөлдір көктеулігін бетке алып, көшер сәтте, жұрт жаңаланатын болғандықтан, айналамыз толықтай тазарады. Көш басталып, бірінші күні түс ауғанда жол ортадағы қоналқада шопандар екі ошақ құрып, онда маздатып от жағып, екі ошақтың арасындағы сидам аралықтан әуелі жүк артылған көліктерді, одан соң қойды айдап өткізеді. Салт бойынша, кексе әйел тұрып, малға алас айту керек екен, ол кезде отарда әйел болмаған соң ағаларымыздың біреуі азандап: «Алас, алас! Бар пәледен қалас!» деп айқайлап тұрады.

Қысқы қоныстан ұзамай жатып, жұрттың ереуілдейтін себебі «бақыт сақталған орта шамданбасын, жаңа жұртқа барғанда бақ көне жұртқа қарай алаңдамасын» дейтін наным. «Қаскүнем бәле-қала көшті аңдымай, от ішінде қалып қойсын. Жаңа қоныста жаңаша өмір сүрейік» деген тілек – осы көктемгі аластаудың негізі. Жай күнде Қазақ біреуден от алуға барса «от бер,  шоқ бер» деп айтпайды. Отты алады да, үнсіз шығып кетеді. Тек от алып жатып: «От ана, сақтай гөр!» дейді. От – отбасының құты, жалыны. От алу жақсы әдет ретінде есептелмейтіндіктен, қазақтың отты сұрамай алатыны содан. Түн ішінде сыртқа от шығармайды, бұлай істесе жау шабады, қораға итқұс тиеді, басқа да қиындыұтар туады деп қараған. Отбасы мүшелерінің ішінде от берсе де, төр алдынан от бермейді, есікке жақындатып барып от береді. Бұл – үйдің берекесі мен ел ішіндегі сыйын сақтайды деген ұйғарым. Ошақ басына кіргізілген отынның қалғаны үйден шығарылмайды. Адам өлгенде ғана ошақ басы тазаланып, от жағылмайтындықтан (қайтыс болған адам қойылған үйде), отынның асқанын үйден шығармау, тақырлап тазаламау отбасы мүшелерінің аман болуы үшін жасалатын тілекке сай әрекет болып табылады.

Мал отарлайтын қыстаулар кенттерден-дүкендерден алыс орналасады. Келушілер керек-жарағын ысқап әкеп алады. Тамыздық оттың жетіспеуі жиі кездеседі. Кейде сіріңкенің қорабы су болып, езіліп кетіп жатады. Осы жосынды жасамақ болған жақын қыстаулардан сіріңкесі азайып немесе оттығы таусылған шопандар от іздеп келсе, оларға ешқандай от берілмейді, жалынып қаласа да сол. Мал төлдеп жатқан кезде басқаларға от берсе, төл шала туады, шығын шығады деп есептеледі.

Қазақ от жағуға пайдаланатын шақпақ тас, қайрақ сияқты құралдарды  жақсы көретін адамына, туыс-туғанына сыйламайды. Беретін болса, араға түседі, араға дұшпан от жағады деп ұғындырған. Жоғарыдағы баянымызда көктеулікке көшер алдында екі жағы отпен қоршалған тар қуыстан қой өтуде, яғни өт деген сөздің от деген сипаты ашылуда. Жошы ұлысы кезінде ханның мұсылман дініндегі ұлдары Бати, Берке, немересі Сартақтың Рубрук, Карпинин қатарлы Еуропа жерінен келген әрі елші әрі дін таратушылардың саяхаттық жазбаларында олар үгіттеген христиан тағылымдарына осы билеушілердің мысқылмен қарағаны, оларды қоршап тұрғандардың шапалақтарын соғып, қарқылдап күліп, мазақ еткені ордаға кірерден бұрын лаулап тұрған екі оттың ортасынан өткізіп, аластағаны жайында жазылған. Бұл жерде де екі оттың арасынан өту, яғни өт, от сөзі қозғалып отыр. Біз бұдан өту, өтіп кету, өт деген сөздердің осы екі оттың арасынан өткізуге арналған мың жылдар бойы жалғасқан ескілікті салт-дәстүрімізден пайда болғанын ұға аламыз. Р дыбысы түрік тілдерінде барынша елеусіз дыбыс ретінде қабылданып келді. Р дыбысы кейін келе сөздердің еркін айтылуын орындау үшін қосарланып отырғанымен, сөздердің мағынасын өзгертуге ықпал етпейтін. Мысалы, құт сөзінің еркін айтылуы кезінде р дыбысы қосылып құрт болып айтылса, Орхон-Енисей ескерткіштерінде әскер сөзі соқ, сех деп алынса, кейінгі түркілер кезінде р дыбысы қосарланып шерік (серік) болып айтылып, жорық сөзі де осыған байланысты туындады. Әскерді шерік дейтін көне түркілік ұғымды Алтайдағы ұлт-азаттық қозғалысының батырлары 1960 жылға дейін қолданып келді. Құттың құрт болуы, сухтың жорық, шерік болуы, сұқтың сырық болуы, жаудың жарау (жарау ат – жау ат, соғыс ат) болуы, күйудің күйреу болуы, тиудің түйреу болуы, соқпаның шоқпар (соқпар) болуы сияқты өт, от сөзі өрт сөзі болып үшінші бір айтылуы бөлек, мағынасы бір сөзді тудырды. Оттың өт деген сыңар сөзі болғанындай, оның үд деген сыңары да бар. Отқа май салып, одан сайын лапылдаған «үдеу, үдету» әрекетінде осы үт, үд сөзі қозғалады.

Лаулаған екі оттың арасынан өткізу – келін түсіргенде және қыз ұзатқанда күйеу жігіт үшін де, келін үшін де жасалатын ырым. Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақтардың келін түсіру тойларында әлі кездесетін салт, жаңа түскен келінді үйге енгізгенде отқа май салып, май түскен соң от лапылдай жөнелгенде келінді әкеліп отқа иілтіп, оттың жалынына апалары қолын тосып, одан алған жылумен келіннің бетін сипап шығады. Бұл сипауы келіннің жүзі жылы болсын, дидары ыстық болсын, тіл-көз тимесін дегені. Жиналғандар келінге және күйеуге қарап: «оттай ыстық болыңдар» деген.

Осы жосында айтылатын «От ана – Ұмай жарылқа!» деген сөз мәдениетіміз туралы деректер кітаптарда сақталғанымен,  қазіргі кезде айтылуы сиреген. Келінді оттың алауынан өткізген соң үй ішіндегі оттың басына төселген текеметке отырғызады. Мұнысы «оттай жайнап, текеметтей жұмсақ болсын» дегені. «Мұхтар Әуезев шығармаларының» 10-томында халық арасынан жиналған дәл осы сәтте айтар тілек жыры берілген:

«Қара түнде қағынған,

Ие, кие кегінен,

Монтаны, жарғыш ебінен,

Егізімді сен сақта!

Жолдарын жарық, жақын ет,

Ұлы пана – өзіңсің,

От анасы, жарылқа!».

Мұхтар Әуезовтің осы жиған-тергенінен тыс, «Қазақ баталары» кітабінда үйленген жұптарға арнап, қарттардың жастардың махаббатының беріктігін тілеп, «Суымайтын шоқ болсын» деуі және

«Отауларың от болсын,

Бақыт-байлық көп болсын»,

«Күндерің шуақ болсын»,

«Түзу ұшсын түтінің»,

«Жас отаудың түтіндері тік ұшсын,

Алау болып жарқырасын бұл ұшқын»,

«Түзу ұшсын түтіні,

Оты маздап жанатын.

Өнерлі болсын жас келін,

Қыздар үлгі алатын» – деп айтылатын бата-тілектерде от, шоқ ұғымдары жаңа отбасы үшін тағы да алға шығады. Жақ, шоқ, шуақ ұғымдарының төркініне келейік.

«Отты жақ, от жақ» деген бұйрық райлы естіктікте «жақ» сөзі отты тұтандыру әрекетіне қолданылады. Ж дыбысы түркі тілдес халықтарда пайда болғанына мың жылға жетер-жетпес уақыт болды, оған дейін бүгінгі ж дыбысымен айтылатын сөздердің дені и, қ, ғ, р, з, с дыбыстарымен сан алуан сипатта айтылып жүрген. Жақ сөзінің ескі нұсқасы – шоқ. Бұл оттың ішіндегі отыннан пайда болған қызулы бөлшек. Одан от тұтанады, оның қызуы мол. Бүгінгі қытай тілінде шуанг болып айтылып жүрген күнді білдіретін сөз көне түріктерде, тұғыстарда шуағ, шуанғ үлгісінде дыбысталған. Шуақ, шоқ сөздері мен ру-ата есімдеріндегі шоғы, шоға, шаға (қызылшақа) атауларының бәрі дерлік – күн сипатты, от мінезді ыстық пен жылуды сипаттайтын күш-құдіретке ие ұғымдар. От сөнгеннен кейін күл ішіндегі шоқтардың ұзақ уақыт сөнбей қызарып жататынын қоз деп атайды. Қыз, қызу, қызару (қызыл, қызғылт, қызамыттану) сөзі оның сақталып тұрған жылуы мен түсінік сай туындаса, қозу, қоздау сөздері осы қоздың үстіне құрғақ шөмеле, қайыңтозын тастап от шығаруға қаратылған. Қазақ бөрікке, сәукелеге, төбетайға, қарқараға қадайтын өрттей қызыл асыл тастарды «қоза» деп атаған. Қытай жерінен табылған ең ескі баба қазанның қабырғасына «Хуозан» деп жазылған. Қазан сөзінің әубастағы қозан (қозан, қызған) сөзі де оның ошақ басында тұратын сипатымен тығыз қабысады. Ғұндардың ежелгі атауы бүгінгі орыс деректемелерінде Сюнну деп жазылса, осы дерек алынған қытай дереккөзінде Шионғну, Шиоғу деп жазылған. Бұл атаудан да біздің кейбір ру атауларына ұқсас Шоғу, Шоғы деген сөз шығады. Ғұндардың билеушісінің ең көне атауы «Тарихнама» авторы Сы Мацзянның еңбегінде «撑犁孤涂单于» деген толық нұсқамен берілген. 撑犁 сөзі Тәңіріні білдіреді, Тәңірі сөзі де ең алғашқы кезде ш дыбысымен дыбысталғаны осы еңбектен көрінеді. Бұл екі әріп Шанғры, Шағыры деп оқылады. Біздің күн сипатты шаңырақ деп аталатын дөп-дөңгелек киеліміз, шығырық деген сөзбен оның бір мағына тудыратыны, шоғыр, шығырық атауларының дөңгелек бейнені білдіретінін, шоғыр деп қазақ ең бастысы жылтыраған, үйілген, дөңгеленген жұлдыз тобын меңзейтіні, Шаңхай қаласындағы мұражайға қойылған Ғұнның мөр тасындағы Ғұнның Шионг атауының жазылуы Х бейнесіндегі әріптен құралатыны, оның от, шоқ, күн ұғымын білдіретіні, шаңырақтың дәл ортасындағы күлдіреуіштің де ашамай бейнесінде болып, осы күн, от сипатымен ұйымдасуы бабалардың күнге деген махаббаты мен тәуелділігін ашып, бізді қуанта түседі. Отқа май салған соң оттың лапылдай түсуі үдеу мен үдету болса, от пен өрт сөзінің мәні бір болса, ендеше оттың сөндірілуі – өшу, өшті, өшірілді делінеді.

Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде Білге қаған жаздырған жазу таста қаған өзінің қаған болған ағасы өлген сәтін бейнелеген жыр жолында ағасының өлімін «өше берді» деп қысқа ғана қайырған. Оттың өшуі – ғұмырдың өшуін бейнелеген. Қазақ әртүрлі апат, зобалаң, қиыншылықтан жұтап сөнген отбасыларын «оты өшті» деп келте қайырады. Оттың өшуі – отбасының өшуі. Ең ауырын айтқанда, ұрпақтың құруы. «Оты өшті» деп көп айтылған кезең қазақ халқы үшін 1723-1727 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама»,  «Сауран айналған»,  «Қайың сауған» апаттары арт-артынан туған кезең, 1916 жылғы көтерілістер мен елдің аууы, Ақтар мен Қызылдардың айқасы арасында бейкүнә қауымның талан-тараж бен шабысқа түсіп, зиян шегу кезеңі, 1921-1922, 1930-1933 жылдардағы екі реткі алапат ашаршылық, 1941-1945 жылдардағы дүниежүзілік екінші соғысқа қатысушылардың шежіре жалғайтын тұқымдарының өшіп кетуі көптеп туылған ауыр кезеңдер еді.

Атақты батыр Қасым Қайсеновтың жетінші атасы Өтенің інісі Қасқатайдан Байгелді туады. Кіші ру ретінде қалыптасқан Байгелді тұқымынан 1930-1933 жылдардағы ашаршылықтан кейін Асылбек Қалқабаев деген жалғыз ақсақал қалған. Енді «Оты өшу» деген сөздің қаншалықты ауыр екенін елестете беріңіз.

Біз үшін ең сүйікті Отбасы сөзінің өзі сол бір оттың айналасындағы үйелмелі-сүйелмелі 5-6 жанның жиынтығына арналған сөз. Бүгінгі ХХІ ғасырдағы туған күн мерейтойларында шетжұрттықтардан көзсіз қабылдаған, туған күнге арналған балкүлшеге алуан түсті шырпы шаншып, оған жағылған отты үрлеп сөндірудің нанымсыз, қате іс екенін ұрпақ өзінің өткен тарихымен терең де байыпты салт-санасына қарап зерделесе жеткілікті. Бізден де дана, бізден де күшті, бізден де бай, бізден де көсем көптеген буындардың зерделеп-зерттеп барып, салт-сана айналымына енгізген ұғымдардан біз аттап кете алмаймыз. Қазақ отты шашпайды, ыстық күлді төкпейді. Осы арқылы өрттің тууынан сақтанады. Күлді баспайды. «Күлді бассаң нас басады, оттың киесі қашады, киесі атады. Оттай ыстық жалының, өмір мен өнерге деген құштарлығың сөнеді» деп пайымдаған. «От бар жерде жан бар» деп отты басу, отты су шашып өшіру адам өліміне себепкер болатын жаман қылық деп сақтанған. Қазақтар отты сөндіріп, өшіруге құмар болғанды қойып, қазірге дейін киізүй тігіп, қосақтап қой сауып, көшпенді өмір кешіп жүрген Қытай, Моңғолиядағы қазақтар ғана емес, Қазақстанда, Өзбекстанда  ескілікті салттарға жүйрік біраз қазақ қолданатын ұстаным – жанып болмаған оттың шаласын өзі жанып болып сөнбейінше, оны су құйып сөндірмеген. Егер, жанып болмаған шаланы сақтап, келесі жолы пайдалануға үйір болса, шоққа қарап, бүгіліп отырып, «Отауға жағамын» деген сөзді айтып барып қана сөндірген. Отау демекші, отау – жаңа от иелерінің пайда болуын, жаңа үйленген жұптарды білдіретін ұғым. Отау міне, осы жаңа жұпқа арнап тігіледі. Отау сөзі от сөзінің ескі тілде оту болып айтылуынан туындаған. Бүгінгі тілімізде отау болып айтылса, ескі тілдегі айтылуы – оту.

Бір оттың айналасына ұйлыққан 5-6 жанның біреуі олардан бөлініп, жаңа от жағатын үй тігуі, міне, бөлек от жағатын жаңа үйді, жаңа отбасын қалыптастыратын бір ошақтың екі ошаққа айналуындай маңызды ұғым. От жағылған жерде түтін шығады. Тік ұшып тұрған түтін – әдемі жанып жатқан от. Бір үй – бір ошаққа ие. Қазақ қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын!» деп ошақтың түбіне көмеді. Оттың басына қария барып отырса, қасына кез келген адам жақын барып отырмайды. Қарияның кәрі тиеді, ауру адам жақындаса, ауруы асқынады деп қария мен оттың орнын тақтың орнындай көреді. Бір үйде бір от жағылады, бір түтін шығады. Сондықтан, көшпенділер бір отбасын сырттай «бір түтін» деп есептеген.

Отбасын құруды – «түтін түтету» деген. «Түтінің тік ұшсын, түтінің түзу ұшсын» деп бата берген. Жүз түтінді басқарушы жүзбасы, мың түтінді басқарушы мыңбасы болған. Тарихтың жақұт қойнауында жарқырап көрінетін Көктүрік қағанатының астанасы – Отукен. Ескі бір әдебиеттерде Оғтукен деп жазылған нұсқасы да кездеседі. Бұл жердегі кен сөзі қала деген ұғымды білдіреді. Кен сөзінің көпшесінен түркі-моңғол тілдерінде кент, қант, хот деген қала сөзінің мағыналас сөздері туындаған. Ал, Оғту, Оту деген қаланың өзінің атауы отты, ошақты білдіреді.

Түркі атанған барша халықтардың түп бабасы болған Көктүріктердің киелі бесігі Отукен атауы Білге қаған, Күлтегін батыр жазба ескерткіштерінде Табғаш  жұртының ықпалынан алыс, Түрікке ең пайдалы жұмақ қойнау ретінде тілге алынады. Біз мақаламыздың жоғары жағындағы р дыбысының сөзге қосамжарлана қосылу кезеңін, оның қосылғанымен сөздің мағынасын өзгертуге ықпал етпейтіні, керісінше, сөздің барынша еркін, жағымды айтылуына көмектесетінін айтып, құттың құрт болуы, сухтың жорық, шерік болуы, сұқтың сырық болуы, жаудың жарау (жарау ат – жау ат, соғыс ат) болуы, күйудің күйреу болуы, тиудің түйреу болуы, соқпаның шоқпар (соқпар) болуы, өт, от, үд сөзінің өрт болуын мысалға алғанымыздай, оту сөзі бұл тұрғыда орту, орду сөзін тудыра алады. Біз үнемі айтатын орда сөзі осы оту сөзінен туындап, жаңа ұлыстың от жаққан орталығын білдірген. Оту сөзінің бүгінгі нұсқасы отау сөзі екенін де  саралап өттік. Бір мемлекеттен бөлініп, өз алдына билік жүргізуге талпынған көсемдерге қатысты айтылатын «үй ішінен үй тігу», «өз алдына отау тігу» деген саясатқа арналған астарлы сөздеріміз бар. Отукен атанған, яғни Ордакент мағынасындағы Көктүріктің тамыр тарауын таратқан киелі ұйық кейін Ордубалық (Ордабалық. Балық – қала деген сөз) атанды.

Отукен (Үтікен, Отеген) атауының соңғы ғасырларға дейін үзбей жеткен атауы Өтеген деп қойылатын кісі есімдерінде көрініс табады. Астанамыздың, бабалар байтағының атау мәнінің өзі осы қызарған отқа байланысты туындап тұрса, енді осы қызарған құтқа су төгу немесе әдейілеп туған күн мейрамындағындай буддистерше, екі алақанды жұптап, көзді жұмып, тілек етіп, онан соң отты өшіріп ойнау ұлы Отукеннің төбесіне айран-асыр су шашып, лаулап жанып тұрған тіршілік оттарын сөндірудей кешірілмес қаскүнемдік сияқты көрінеді. Өз қағынан жеру мен білместік, берілмеген тәрбие қатар орын алып тұрған жәйт. Бұған кінәлілер бір ғана отын өшіріп ойнаушы емес, оның айналасында, өзінің тумысында, тәрбиесінде, адамдарды басқарушы қоғамның шынайы ұстанымы мен жасап жатқан жұмыстарының жұғымсыздығында. Отты әдейілеп сөндіргенді қойып, қазақ оттың суып қалған орны түгіл, еш қоламтасы, шырпысы жоқ иен жұрттағы ошақтың, оттың орындарын баспаған, қатты қадірлеген.

Аластау – алауыштау, алау арқылы дерт-дербез бен құпия зиянды заттарды құрту, жолатпау деген сөз. Көктеулікке көшер кезде отар қойды екі оттың ортасынан өткізгеніміз де, жаңа үйленген жұптарды оттың арасынан өткізу мен келіннің бетін от жылуы сіңген алақанмен сипау да аластауға жатады.

Малға індет тайса, малды ата-бабалардың моласына немесе жақын маңдағы басқа да киелі адамдардың моласына айдап апарып түнетіп, одан бері шыққан соң тағы да осындай алаулардың ортасынан өткізіп аластау жосыны да бар. Арша болсын, адыраспан болсын, маңызды дәрі шөпті тұтатып, оның түтінімен, алауымен үй ішін аластап, осындай дәрілік шөптердің иісін, күш-қуатын пайдалану біздің қазіргі өмірімізде бар нәрсе. Бақсылар көсеуді отқа қыздырып, шоққа қызған көсеудің қып-қызыл басын шыж еткен ащы дыбыс шығартып, тілімен жалап, одан соң оның жылуымен ауру адамды аластап, ем жасайды. Баланы бесікке түнде бөлегенде қараңғыдағы бәлекеттерден сақтану үшін бесікті аластап барып сәбиді бөлейді. «Таңсәрі» деген мағына беретін «Фалақ» сүресінің қазақша аудармасын берейік.

«Таңның иесіне сиынамын тынып мен:

Зиянға жасалған тірліктен,

Түнекті істерден түн күткен,

Дем салып, береке үркіткен,

Күндес жандардан қызғаныш мүңкіткен» –

түн қараңғылындағы түнекті істер, пәле-қаланың көзге көрінбес топаны ақиқат кітабында да, ата-аналарымыздың «Бисмилласыз жүрме. Таза жүр» деген тәрбиесі, ақшамда жолға шығармайтыны, түнде ойнатпайтыны түннің сақтануға тиісті тұстарын білдірсе, «қаскөй бәлелерден аластау қорғайды» деп сеніп, түнде ұйқыға шоматын сәбиін аластамай жатқызбайтын ұлттың салты ұлылық пен тазалықтың асқақ биіктеріне жетелейді.

Қазақ отты «ана» деген. Ана, кәдімгі ана сөзі. Жер бетіндегі барша қауым үшін анадан қадірлі сөз бар ма?! Шоқан Уәлиханов өз жазбасында қазақтың моңғолдарға ұқсас отты ана деп кие тұтып, оның қауіп-қатерден сақтайтын күшіне сенгенін жазса, Д.Банзаров шығармаларының 72-74-беттерінде буряттардың да қазақтар сияқты жастардың үйлену сәтінде отқа тағзым жасап, отты «от ана» дейтінін жазады. Отты қадірлеп от-ана деу Отукенді орда еткен Көктүріктерге қараған барша түркі-моңғол қауымдарына ортақ сыйлы ұстаным екеніне көзіміз жете береді. Қазақ бақсылары өздерінің емдеу барысында шоқты тілімен жалап қана қоймай, бақсы ойынында айтатын сарынында олар «от перісін» шақырса, кейде «от анасын» шақырып жатады. И.Стеблёва өзінің «Ежелгі түркілердің діни мифологиялық құрылымы» деген еңбегінің 123-бетінде «Түркі жұртында Тәңір – ер сипатында, Ұмай – жер ана сипатында» алынған деген. Алтай тіл жүйесіндегі барша халықтарға кең тараған Ұмай ұғымы әр ұлыстың анасы, аналар мен сәбилердің қамқоршысы.

Шөмекей Балқы жыраудың Төре байға арнап айтқан жырында «анаң сенің Ұмайдан» деп әспеттеп өтетін жері бар. Яғни, аналардың анасы, сенің анаң ең текті ана деген ұғымды Балқы жырау көтеріп тұр. Бұл арқылы қазақ ұғымында аналардың ең биік деңгейі Ұмай сипатында қорғалатынын білдік. Осы жырдың толығында «Атаң сенің – Сығайдан,

Анаң сенің – Ұмайдан.

Екі асылдың белінен,

Жаралыпты лайдан» – делінеді. Ең алғаш асыл балшықтан жаралған екі адам туралы ұғыммен шендестіргеніне қарап, қазақтың Ұмай ана туралы көзқарасы Хау ана деген сипатпен тоғысатын тым ескілікті ананы қадірлеу ұғымына жол тарта түскенін байқаймыз. Жаңа отау тіккен жұптардың отын жағып беруші де, түтінін тік ұшырушы да, аналардың құрсақ көтеріп, аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алуына да, сәбилерді әлпештеп, оларды есейтуші де, ауру-сырқауды кетіріп, өз ұрпағын бағып-қағушы да көшпенділер ұғымында осы Ұмай ананың ерекше қызметіне байланысты қабылданған.

Бұрынғы Қазақ келіндерінің май құйылып, лапылдаған отқа иіліп сәлем етіп, «От иесі – Ұмай жарылқа!» деуі біз айтып жатқан құдіретті күшке ие ана болған Ұмайдың бейнесі шығады. Нығымет Мыңжанның пікірінде, «ойбай» деген одағай әйелдердің қысылып, Ұмай анадан көмек сұрауы кезінде «ой, Ұмай» деуінен қалыптасқан дейді. Қазақта ұзатылған қыз жыл толмай, төркініне келмейді. Себебі «отаудың оты лаулай түссін» деген ұйғарым. Егер, жыл толмай жатып, желпілдеп жетіп келсе, төсек суыйды, көңілге жел кіреді, осы кезде туған бала безбүйрек, қатал болады, сол үшін ұзатылған жерінің отын жағып, үйін жайнатып ұстап, бауыр басып кеткен соң барып төркініне баруы керек делінеді.

Жыл толтырып төркіндеген қызына ата-анасы не сұраса да беруі керек болып табылады. Осы жерде айтылатын «отаудың оты лаулай түссін» деп екі жақтың уақытты толтырып күтуі, отбасының бақыты мен шабытын оттың қызуымен тығыз байланыстыруы, мұның арғы жағында да от анасы – Ұмай ұғымы бой көтереді.

Қазақта жанып тұрған отқа май шашып, соның лапылдауына қарап, жалыны ашық түсте болса, алда «бекінген ісімде жақсылық бар» деп, жалыны қарақошқыл болса, «бекінген ісімде қауіп бар» дейтін ырымның түрі де болған.

Қазақтың ортақ түс жоруында түсінде түтінсіз ашық реңді от көрсе, ол адам баиды деп жорылатын болған.

Ал үйінің ішінен от көрсе, ісі өрге домалап, елдің басқарушы иелерімен достығы артады деп жорған. Ал ошақтан отсыз құр шәйнекті көрсе, бір қиындық бар деп жорып, «отсыз түс көрдім-ау» деп налыған. Осыған дейінгі наным-сенімдер, салт-дәстүрлердің қайшыласқан аумағының бәрі отанның тірегі болған отбасы деген ұлы ұғымның амандығы, оның кемелденіп дамуы үшін қызмет етеді.

Біздің қазақтың қаңлы руы атауының тірегі болып тұрған Қоң, ескіше Қоң атауы қызуы мол күнді білдірсе, Қаңлы руының екі таңбасының біреуі күнді шоқты, отты білдірсе, екінші таңбасы осы отты, шоқты көсейтін көсеуге арналған.

Ысты руының таңбасы шоқ көсейтін істікке арналса, Сиқымның таңбасында шоқ және шоқ көсейтін көсеу тұр. Сиқым атауының өзі Шоғым деген сөздің келесі бір жаңғырып айтылуы екенін байқатады.

Сиқым мен Ботбай, Бестерек, Қоралас руларының таңбасында жақындық бар. Ошақты руының таңбасы оттың отаны болған ошаққа, отбасының тіреуіне арналған. Суан таңбасында да шоқты екі жағынан көсеп отырған бейне таңбаланған. Шоған деген ұғым Суан ұғымымен қатарласып, ру атауының шығу төркінін көтеріп бой көрсетеді. Суан мен Сәмбет руының таңбасында да, атауларының шығу төркіні жағынан да жақындық бар. Қаракесек, Шөмекей, Тана руларының таңбалары да от көсейтін көсеуді бейнелеп тұр.

«От – ана Ұмай жарылқа!» деген, оттан қуат алған қазақтың отқа деген ыстық ықыласын жүрегіңіздің шоғына салып көрсетіп, «өз отыңды өшірме» деген тағылымды сөзді еске саламыз.

 Мүбарак Қизатұлы, қаламгер, лингвист, тарихшы-шежіреші.

 

Бөлісу: