«Тіл жоқ жерде ұлт та жоқ»

«Тіл жоқ жерде ұлт та жоқ»

(Шыңғыс  Айтматов тіл туралы)

           ЮНЕСКО-ның анықтауынша, әлемде 6500-7000-дай тіл бар болса, әр екі аптада 1 тіл, сонда бір жылда 24 тіл, яғни 24 ұлт жойылып жатады екен. Жойылып кету қаупі қазір әлем тілдерінің 90 пайызының басына төніп тұр. Тілдердің бұлайша  жойылып жатуының басты себебі – әлемдік ауқымда жүріп жатқан жаһандану үдерісі. Тілдердің орта жасы 1 500 жыл дейді; осы жасқа тілдердің  көпшілігі жете алмайды. Өмір дегеніміз күрес болса, сол қатал күрестің барысындағы «тіл шапқыншылығының» салдарыныан  әлсіз, өзін қорғай алмаған тілдер саптан шығып жатады.

Жаһандану бірден пайда бола салған жоқ. Адамзат қоғамының дамуы барысындағы мәдени, экономикалық қарым-қатынастардың өмірді алға сүйрегені белгілі. Десек те, күшті елдердің отаршылдық саясатының өріс ала бастауы салдарынан  жаһандану  әлемдік ауқымда басқыншылық сипатқа ие болды да мұның өзі аз санды ұлттардың жұтылып кетуіне әкеп соқтырды.

Мұның айқын мысалын ХХ ғасырдағы Ресей империясының тарихынан айқын көруге болады. Ресми мәліметтер бойынша, 1924 жылы КСРО құрылғанда, Ресейдің құрамында 200-ден астам ұлт болған. 1991 жылы империя құлағанда, соның 100-дейі қалған да, жүзден астамы жойылып, яғни орыс тіліне «жұтылып» кеткен. Мұның барлығы, әрине, жоспарлы түрде, «қостілділік», «орыс тілі – өмірге көзіңді ашатын тіл», «жалпыхалықтық тіл», «ортақ тіл», «совет халқы» деген сияқты тезистерді ұлттық саясаттың өзегіне айналдыру барысында жүзеге асты. Мұндай жағдайды біз өз көзімізбен көріп, басымыздан өткізгеніміз үшін айтып отырмын.

Кеңес өкіметінің «совет халқын» қалыптастыру саясатынан әсіресе түркітектес аз ұлттар көп зиян шекті. Қарайым, шор сияқты көптеген халықтар ұлт ретінде өмір сүруін тоқтатты. Қазір қарайым тілі күнделікті тіршілікте мүлдем қолданылмайды, ал шор тілінде санаулы ғана, онда да ауылда тұратын жасы келген  адамдар сөйлейді. Орыс империясы тұра бергенде, осындай күйді басқа ұлттар да басынан кешірері анық еді. Алла жар болып, 1991 жылы империяның шаңырағы ортасына опырылып түсіп, жойылуға бет алып бара жатқан ұлттар тәуелсіздігін алып, тілдерін сақтап қалуға мүмкіндіктер туды.

КСРО-ның кезінде тілдері, сонымен бірге ұлттық иммунитеті  әлсіреп, құрдымға бет алған ұлттар осындай жағдайға көніп отыра бермеді. Халықтың көзі, құлағы, сөзі саналатын ұлтжанды зиялы қауым мұны дер кезінде сезініп, талай рет дабыл қаққаны, сол үшін де жазықсыз жазалауларға ұшырағаны белгілі. Бұл жағынан келгенде, көрші жатқан қазақ-қырғыздың тарихи тағдыры ұқсас.

Саналы ғұмыры негізінен, кеңестік кезеңде, социалистік реализм салтанат құрып тұрған кезде  өткен Ш. Айтматовтың бүкіл шығармашылығының негізгі арқауы ұлт, адамзат  тағдыры деуге болады. Оның бұл мәселені әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылған шығармаларында алғаш рет көркем бейнелеп, ұлы істер атқарумен бірге түрлі жиындарда, ақпарат құралдары бетінде ешкімге жалтақтамай, ойын ашық айтып, нағыз ұлт жанашыры ретінде танылған кездері де жеткілікті. Осындай бір елеулі оқиға жазушының 1989 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында өткен бүкілодақтық ғылыми конференцияда сөз сөйлеуі болды.

Жиында орыс тілінде ұзақ сөйлеген Шыңғыс сол кезде «Комсомольская правда» газетінде Қырғызстандағы тіл мәселесіне орай жазылған бір мақаланың теріс пікірлері төңірегінде ой өрбітіп, ұлы орысшылдық саясаттың кейбір қырларын батыл сынға алады. Ол алдымен, сол кезде мемлекеттік саясат ретінде басшылыққа алынып отырған «түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениет», «қостілділік», ұлттық тілдердің дамуына партия мен үкіметтің ерекше мән беріп отырғандығы  жайында айта келіп, газет бетінде көтерілген Қырғызстанда орыс тілі дамымай отыр деген сыңаржақ пікірді жоққа шығарады. Ол «Сол газет бетіндегі материалда қырғыз тілінің мәселелері жөнінде менсінбеген және қорлаған сөздер айтылып қана қоймайды, оған қоса, ана тілімізді  екінші қатардағы нәрсе, сондықтан оның қажеті де шамалы дегендей және республикада қырғыз тілінің дамуына орыс тілі кедергі келтіріп отыр деген пікір таралған дейтін түкке тұрғысыз ұшқары тұжырымдар бар» деп жазған «Комсомольская правда» газеті өз бетінде көзқамандық – нигилистік сипаттағы пікірлерге орын беруі арқылы қырғыз тілін кемсітіп қана қойған жоқ, сонымен бірге, оны былғанған деп, масқаралауға дейін барған» бір ұлттық артықшылығын насихаттайтын – шовинистік пікірлеріне барынша тойтарыс береді: «Біздің ана тілімізді еріккеннің ермегі етуге, жойып жіберуге «Комсомольская правда» газетіне ешкімнің өкілдік бермегенін айтпай-ақ қоялық. Оның үстіне, біздің халық екендігімізді, тіпті, Азия аймағындағы қалаңыз, мейлі қаламаңыз,  көп ғасырлық тарихы бар іргелі жұрт екендігімізді, қалай десеңіз де, одақтас республика екендігімізді ұмытуға болмайды». Газет «…осынысымен ұлттық мүдделерімізді интернационализмге жасанды түрде қарсы қойған, ұлттық нигилизмнің жетегінде кеткен…». (Ш. Айтматов. Тіл жоқ жерде ұлт та жоқ. «Жалын», 1989, №6, 11-бет).

Шыңғыстың айтуынша, «Қырғыз халқының саны қазір  2 миллионнан асып жығылады және қырғыздардың барлығы да орыс тілін біледі».  Шын мәніндегі жағдай керісінше: дәл осы кезде (1989 жыл) Фрунзе қаласында қырғыз тілінде 1 ғана мектеп, 1 ғана балабақша болған. Қырғызстанда орыс тілінің емес, қырғыз тілінің проблемасы бар.  Сондықтан да республикадағы қырғыз тілінің жағдайының  қырғыздарды алаңдатуы – заңды.

Ш. Айтматовтың айқындауынша: «тіл – кез келген халықтың дара жаратылысын айқындайтын бірден-бір бедер-кескіні, тіл – оның тәжірибесінің, танымының, мәдениетінің, тарихының тоғысқан тірек-тұтқасы, дербес айнасы, ең соңында, тіл – ұлттық  сезімдерінің жай тартқышы және мәңгілік зердесі. Қырғыздар, бәлкім, сондықтан да өздерінің ана тілін «ене тіл» дейтін болар. Халық өз тілінде өзін таниды және өзін көрсетеді» (сонда). Сондықтан да «Біз өзіміздің ана тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтаймыз, бағалаймыз, дамытамыз, қолданамыз…» Бұл мәселеде  «…шектен тыс интернационалист атын бүркемеленіп, аттандап шығып, бұл үрдіске әдейі кедергі жасаудың, бас жарып, көз шығарудың қажеті жоқ»  (сонда, 12-бет).

Жазушы сол кезде кеңес идеологтары ұсынған күнделікті тіршілікте әр адамның ұлтына қарамастан, сөйлеу тілін таңдауына құқы бар деген ұстанымның да жалған екенін, сын көтермейтінін де аяусыз сынға алады: «Сөз ұлттық тілдер жайында болып жатқанда, біз бұл мәселеге тым еркінсіп, тым атүсті қарап жүрген сияқтымыз… Мәселен, мен үшін ана тілді ықтиярымен таңдап алу мәселесі қорлаумен, кекесін мысқылмен бара-бар. Әйтпесе, о заман да бұ заман ана тілдің аты ана тіл емес пе?! Сүйекпен бітіп, қанмен жаралған нәрсені қалайша таңдап алуға болады? Әрине, біреуді-біреудің зорлай алмайтыны түсінікті, бірақ ұлттың сана-сезімін оның өз тарихынан бөліп алуға, онан қалса, ана тілінен бас тартуға шақырғандарды құптаудың, қолдаудың да керегі жоқ. Бұл қалай әділдік болсын, мұның өзі  түптеп келгенде, өз ата-анасынан бас тартуға келіп саяды ғой» (сонда).

Шыңғыс ұлттық тілдер бойынша, билік тарапынан  осындай сырты жылтырақ, іші арам саясат жүргізіліп жатқандығы салдарынан қырғыз тілінің шетқақпай күй кешіп отырғанын ашық көтереді. Бұл ретте жаңадан ашылып жатқан мектептердің барлығы да орыс тілді екенін, Фрунзе қаласында қырғыз тілінде оқытатын 1 ғана мектеп бар екенін айта келіп,  «ешбір жерде бірде бір қырғыз тіліндегі балалар бақшасы болған да, ашылған да емес» деп, жан сыздатар ащы шындықты жайып салады. Ұлттың болашақ тағдырын шешетін балабақшасы мен мектебі болса, жазушы осыған айрықша мән беріп, газеттің осы мәселедегі сыңаржақ бағытын барынша сынға алады: «Газеттің пікірінше, қырғыз тілінде балалар бақшаларын ашудың не керегі бар – мұның өзі балалардың арасын ажыратып жібермей ме, сонан соң олар қалайша интернационалист болады? … Ғажап қисын!» (сонда).

Тіл мәселесінде қалыптасқан  осындай ахуалды «…мұның ар жағында қоғамдық жұртшылықты тек алдап адастыру ғана емес, одан да зор қара ниет жатыр» деуі отаршылдық саясаттың барынша салтанат құрып тұрған сол кезде басқа ешкім айта алмайтын, тек Шыңғыстай ұлтын шын сүйген азаматтың  ғана ғана қолынан келетін жалпы қырғыздың жан айқайындай естіледі.

Тек «Комсомольская правда» ғана емес, мәскеулік газеттердің барлығы дерлік соңғы кездерде Орта Азия республикалары жайында жазылған материлдарында қара күйе жағуды модаға айналдырып бара жатқандығын, «Мұның бір себебі, менің пайымдауымша, ұлтшылдыққа қарсы күресуде жатыр» деп, бұл ретте интернационализмді қалқан етіп ұстайтындығын да  айтып салыпты.

Ш. Айтматов тіл мәселесіне ұлттың заңды  құқығы тұрғысынан келіп, өміршең, толымды пікірлер айтқан: «Көппіз бе, азбыз ба – гәп онда емес, гәп – біз тіршілік кешіп отырған туған жер қырғыз деген іргелі елдің бірден-бір шоғырланған орталығы, бірден-бір эпицентрі. Міне, осы жерде ғана бізге барлық мүмкіндіктер бар. Тек осы жерде, басқа жерде емес. Халықтың санын пайызға теліп, соған қарап іс шешкен тұста да мұны ұмытпау қажет. Біздің ұлттық мәдениетіміздің мұқтаждықтары жайында сөз болған кезде, сіздерден басқа да ұлттар бар ғой деген мәндегі сауалдарды қарсы қоймағанмен, әйтеуір көлденең тартатын адамдар да кездесіп қалады. Рас, біз олармен 100 жылдан астам уақыт бойына тату-тәтті бірлікте, ынтымақта болып келеміз. Тек достықтан басқа ешқандай дау-жанжал шығарған емеспіз. Бірақ олардың да тілі сақталып, мәдениеті сақталып отырған, сол халықтың басым дені шоғырланған, қуатты, бірден-бір эпицентрі бар. Немістердің арқасында бір емес, екі Германия тұрса, өзбектерге  – балалар бақшаларымен және мектептерімен толық қамтамасыз етілген көрші Өзбекстан бар, дұнғандардың арқасында бүткіл Қытай тұрса, кәрістердің де екі Кореясы бар. Әрине, бұдан аз ұлттардың мәдени ошақтары болмасын деген жаңсақ пікір тумауға тиіс.

Ал егер, қырғыз мәдениеті осы өз жерінде дамымаса, орнықпаса, басқа еш жерде дами да, орныға да алмайды. Міне, осы аздаған айырмашылықты ұдайы ескеріп отыру шарт» (сонда, 16-бет). Ұлы жазушының бұл айтқандары кейіннен ұлттық аймақтардағы ұлттық мәдениеттің заңды құқығына айналды.

Ұлы жазушының тіл туралы ойлары «Біз өзіміздің ана тілімізді сақтап қалғанда ғана, ұлттық мәдениетіміз сол дара бітім-бедерінде, өзіндік кескін келбетінде қалып, дами береді» тұрғысында түйінделіп, «…біз «Манас» дастанын ақырғы деміміз біткенге шейін қорғаймыз!» деген символдық мағынасы терең толғаммен тұжырымдалған. Осы бір жолдардың өзінен-ақ жазушы, қоғам қайраткері Ш. Айтматовтың өз халқының адал азаматы ретіндегі ұлттық болмысы жарқырай көрінеді.

Ана тілінен, сол тілде жасалған ұлттық рухани құндылықтырынан  айрылып қалған ХХ ғасырдағы мәңгүрттің бейнесі «Боранды бекет» романында бар болмысымен көркем бейнеленіп, адамзат баласын рухани апаттан сақтандырды.

Ол өзінің ұстазы жайындағы пікірін де тілмен байланыстырып, «Дүниеде қазақ тілі мен қазақ халқы  барда Мұхтар Әуезовтің есімі мәңгі жасай береді» ( (Ш. Айтматов. Екі түрлі асылым бар… «Парасат», 1987, №8) – деп ұлы жазушының шығармашылық тағдырын қазақ тілінің тағдырымен тікелей байланыстырып, қазақ тілінің болашағына үлкен сеніммен қарайды.

Тағы бірде ол М. Шахановпен сұхбатында «Өздеріңде қойылып отырған «қазақстандық ұлт» идеясы, негізінен, американдық бағытқа жақындау, қателеспесем, тікелей ұлтсыздануға бастайтын жол сияқты» («Ана тілі», 28.10.2004) – деп, көрші жатқан бауырлас елдің тілі мен мәдениетіне, ұлттық тағдырына  бей-жай қарай алмайтынын аңғартып, ащы да болса, ойын  жасырмай ашық айтып салыпты.

Бішкекте Ш.Айтматовпен қоштасқан азалы жиында оқылған жырында жазушының рухани інісі қазақ ақыны Мұхтар Шаханов:

«Тіл – ұлы Ана, өз анасын менсібеудің мұңы бар,

Кінәлілер сөзсіз оның кие-күшін ұғынар…

Қаптап кетті өлкемізде әңгүдіктер-әңгүрттер,

Тілін, рухын сүймегеннің барлығы да мәңгүрттер.

Бұл бағытпен мүмкін бе ертең ұлттың ұлт болып қалмағы?

Міне, Айтматов ойларының салмағы мен толғағы»

(М. Шаханов. Екі Шыңғыс өнегесі және мәңгүрттік қасірет. «Заман-Қазақстан», 03.07.2008) – деп, күңіренген екен.

Егер де Шыңғыс Айтматовтың бүкіл саналы ғұмырын, шығармашылығын саралап, ұлы жазушының кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен басты тағылымы, өсиеті не деген сауалға жауап іздесеңіз, оның  «ана тілін ұлықтаңдар», өйткені  «Тіл жоқ жерде ұлт та жоқ», «мәңгүрт болмаңдар»  болғандығына көзіңіз жетеді.

Дандай Ысқақұлы,Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  профессоры, филология  ғылымдарының докторы.

 

Бөлісу: