«Қазақ көгіндегі Аққан жұлдыз» Кештің мақсаты:
*Қазақ халқының біртуар перзенті Шоқан Уәлихановтың өмірімен таныстыра отырып, ғалым еңбектерінің ғылымға қосқан зор үлесі мен құндылығы туралы мәлімет беру.
* Шоқан өмірін үлгі ету арқылы оқушылардың саналылық, еңбексүйгіштік, ізденімпаздық қабілеттерін дамыту.
* Оқушыларды туған ел тарихын құрметтеуге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: кітап көрмесі, слайд-шоу, Шоқан салған суреттер жиынтығы.
Сабақтың эпиграфы:
«Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» Ш. Уәлиханов
Жоспары:
1. Кіріспе
2. Негізгі бөлім «Күншығыстың жарық жұлдызы»
* Әлем мойындаған дана ғалым — Шоқан Уәлиханов
* Білімі мен қоғамдық қызметі
* Ұлы ғалым туралы айтылған пікірлерге құлақ түрсек…
3. Қорытынды бөлімі
* «Шоқаны бар елдің- шоқтығы биік»
1-жүргізуші:
Әр уақыттың әр кезеңінде халықтың біртуар данышпандары дүниеге келген. Ондай дана перзенттер біртұтас бір тарихи кезеңдегі халықтың мәдени өлшеміне, рухани биігіне айналып отырған. Сондай адамдардың бірі – ХІХ ғасырда өмір сүрген, кейінгі ұрпаққа рухани-әлеуметтік мұра қалдырған, әлем мойындаған дана ғалым — Шоқан Уәлиханов.
2-жүргізуші:
Талантты ғалым, публицист, әдебиет зерттеушісі, саяхатшы — географ Шоқан (шын аты Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі.
1-жүргізуші:
Оның қысқа да жарқын өмірі, жан-жақты зерттеушілік қызметі, философия, этнография, тарих, экономика, құқық, география, ауыз әдебиеті, әдебиет теориясы, т.б. жайындағы ғылыми зерттеулері, пікірлері қай кезде болмасын өзінің құндылығымен жарқырай берері сөзсіз. Қазақ халқының рухани ізденістерінің жарқын көрінісі бола отырып, қоғамдық ой-сана, пікір-тұжырымдардың биіктей өркендеуіне ерекше ықпал етті.
2-жүргізуші:
Аққан жұлдыз атаныпсың,
Жан бабам!
Ғасырлардан ғасырларға самғаған.
Сорғалапсың қараңғыда тұңғиық,
Тамғандай — ақ ғарыштағы таңбадан.
1- жүргізуші:
Асыл бабам,
Аққан жұлдыз атанған,
Аққан жұлдыз,
Лапылдаған от — арман,
Аққан жұлдыз,
Ағып өткен найзағай,
Саналардың сағыныш тауын қопарған, — деп ақын Еркеш Ибраһим жырлағандай, халқымыздың ойшылы, ұлттық мақтанышымыз — Шоқан Уәлихановтың қысқа да саналы ғұмырында артына қалдырған сан қырлы ғылыми еңбектері туралы кеңінен мағлұмат беріп, елі, халқы үшін істеген игі істерін мақтан, үлгі ету мақсатында Шоқан Уәлихановқа арналған «АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ» атты кешке қош келдіңіздер!
2-ші жүргізуші:
Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов отбасында дүниеге келген. Арғы атасы Абылай жоңғарларға қарсы соғыста асқан ерлік көрсеткен, ел бірлігі мен тыныштығы үшін күрескен, ақылды қолбасшы, іскер дипломат, амал-айласы мол Орта жүз ханы болған. Өз атасы Уәли де хан болған. Шоқанның балалық шағы Сырымбет тауының баурайында, туған елі Көкшетауда өтіп, әжесі Айғанымның тәрбиесінде болған екен. Шоқанның әжесі – Айғаным немересі Шоқанға 5-6 жасынан ертегі, қиссаларды тыңдатып, сұлулықты қастерлеуге, табиғатты сүюге, оқуға деген ынтасын арттыруға көңіл аударған. «Жеті жұрттың тілін білуге тиісті» хан тұқымы болғандықтан, ауыл мектебінде оқып, арабша хат таныған Шоқан араб, шағатай тілдерін меңгереді.
1-жүргізуші:
Арқада жер жетпейді Бурабайға,
Бөленген бұйра сыпсаң қарағайға.
Кербез сұлу Көкшетау Арқадағы,
Ертеде қоныс болған Абылайға.
Шоқанның ата — бабаларына қоныс болған жер, киелі аймақ- Көкшетау елі.
*Көрініс көрсету
«Бала Шоқан» Баяу музыка үнімен сахнаға әжесі Айғанымның жанында бала Шоқанның бейнесі
2- ші жүргізуші:
1847 жылы 12 жасар Шоқанды әкесі сол кездегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Сібір кадет корпусына оқуға орналастырады. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым, өнер жолындағы талантын ашуда бұл оқу орнының маңызы ерекше болды. Мұнда жабық әскери оқу орны болғанымен, көптеген пәндер әскери сабақтарға қоса орыс, батыс әдебиеті, географиясы мен тарихы, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері оқытылып, орыстың озық ойлы интеллигенттерінің өкілдері сабақ берген.
1-жүргізуші:
«Бізден жасы кіші болса да, өзімізбен салыстырғанда, ол үлкен секілді еді де, біздер оған қарағанда бала тәрізді едік, өзінің бізден артық білетіндігін немесе біздерден білімі жағынан жоғарылығын білдіруге тырыспаса да, жай әңгіменің өзінде-ақ, оның білімінің бізден артықтығы танылып қалатын. Жолдастарына, соның ішінде маған, ол еріксіз «Еуропаға ашқан терезе» секілді болды», – деп жазады Г.И.Потанин.
2-ші жүргізуші:
Шоқан кадет корпусында оқып жүргенде-ақ, саяхатшылардың өмірі мен ісі туралы жазылған еңбектерге аса қызығушылықпен қарап, танысты. Осы еңбектердің ықпалы мен әсерінен ол саяхатшы болуды, Орта Азияны арлап жан-жақты танысуды армандады. Демек, саяхатшылар өмірі жайлы жазылған еңбектер болашақ саяхатшыға бастау көзі болып, жол нұсқады.
1-ші жүргізуші:
Шоқан Уәлиханов 1853 жылы кадет корпусын бітіріп, Омбыда әскери қызметке қалады. Ол Сібір қазақ — орыс әскерінің 6 — атты әскер полкына офицер болып тағайындалады, іс жүзінде Батыс Сібір мен Қазақстанның Солтүстік-Батыс аймағының генерал — губернаторы Г.X.Гасфорттың адъютанты қызметіне белгіленеді.
2-жүргізуші:
«Шоқанның ұлылығы соншама, біз оны енді ғана толық түсіне бастағандаймыз» ,-деп заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов айтқандай, ғұлама — ғалымның еңбектерімен танысайық.
*Әлем мойындаған дана ғалым — Шоқан Уәлиханов
(Оқушылардың
Ш. Уәлиханов туралы айтқан өлең — жырлары мен ой- пікірлері)
1-оқушы:
Шоқан – суретші. Қырағы да зейінді Шоқанға сурет салу өнері сол кездің өзінде — ақ халық өмірін бейнелеудің тамаша бір құралы болып табылады. Туған жері Сырымбеттің жазғы жайлаулары мен мекен қоныстарының суретін салумен шұғылданады. Шоқаннан қалған мұраның бірі бейнелеу өнеріндегі зерттеулері. Бұл еңбектер оның өнердің осы саласындағы қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болғанын дәлелдейді. Ол негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс — салтын бейнелеумен айналысып, 150 дей сурет қалған екен.
2-оқушы:
Шоқан – әдебиетші.
Ш. Уәлиханов — қазақ және қырғыз халықтарының бай әдебиет қорын тұңғыш зерттеуші екендігі де ерекше. Еңбектері: «Қазақтың халық поэзиясының үлгілері туралы», «Орта жүз қазақтарының аңыз — ертегілері», «18-ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар», «Едіге мен Тоқтамыс туралы аңыз», «Едіге», «Шона батыр», «Манас» жырын тұңғыш зерттеуі және оның «Көкетай ханның асы» деген үлкен бір бөлімін орысшаға аударуы т. б.
3-оқушы:
Шоқан – этнограф-ғалым.1856 жылы М.М. Хоментовский басқарған әскери ғылыми экспедицияға қатысып, қырғыз елін жете зерттеп, Ыстықкөл аймағының картасын жасасады. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады.
4-оқушы:
Шоқан– саяхатшы.
П.П.Семенов-Тянь-Шанский өзінің Жетісу бойындағы зерттеулерін жүргізген кезде Шоқан пікіріне үнемі ден қойып, ақылдасып отырған. Ыстықкөл сапарында біраз жерлерді бірге аралаған. Семенов-Тянь-Шанскийдің ұсынуымен 1857 жылы 27 ақпанда Шоқан Орыс География қоғамының толық мүшелігіне сайланады. Бұл орыс қоғамы зиялыларының, орыс ғылымының жас ғалым еңбектерін зор бағалағандығы, ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін мойындағандығы екенінің дәлелі.
5-оқушы:
Шоқан — Ұлы саяхатшы. 1858 — 1859 жылдары Шоқанның «Жарық жұлдыз», «Қашқария сапары» ғалымды ғылыми-зерттеушілік, ағартушылық саласында жаңа биікке көтерді. Ол кезде Қашқария Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Еуропа ғылымы үшін белгісіз, құпиясы мол ел болатын. Себебі, XII ғасырдың соңғы ширегінде Марко Поло, 1603 жылы саяхатшы Голе Қашқария жерінде болғаннан кейін, бұл өлкеге ешкім аяқ баспаған Шоқаннан бір жыл бұрын Қашқарияға Үндістан арқылы барған немістің белгілі географы Адольф Шлагинвейтті жергілікті билеушілер басын кестіріп өлтірткен. Адольфтің бұл қайғылы тағдыры жөнінде алғаш мәліметті жеткізген Шоқан болды. .
6-оқушы:
Қашқария сапарының ғылыми нәтижелері туралы Орыс География қоғамында мәлімдеме жасағаннан кейін — ақ, оның материалын Германияда неміс тілінде басып шығарды. 1865 жылы Лондонда ағылшын тілінде жарияланды. Демек, Қашқария сапарындағы айқындалған мәліметтер Шоқан Уәлихановтың дүниежүзілік география ғылымына қосқан маңызы зор жаңалығы болып есептеледі.
7-оқушы:
Шоқан – қоғам қайраткері. 1863-64 жылдары Шоқан Омбыға барып, Сібір қазақтары үшін жасалып жатқан сот реформасын дайындау ісіне қатысып, бұл реформаның елге тиімді, пайдалы болу жағын қарастырады. Осы кезде Шоқан «Сот реформасы туралы жазбалар» атты өзінің атақты еңбегін жазды. Ал саяси реформа сол экономикалық реформаларды жүзеге асырудың құралы есебінде жүргізілмек, өйткені әрбір адам және бүкіл адам баласы өзінің өрлеу жолында түпкілікті бір мақсатқа ұмтылады. Ол мақсат — өзінің тұрмысын жақсарту.
*Көрініс « Қайталанбас ҰЛЫ тұлға » офицер формасындағы Шоқанның бейнесі сахналау.
Шоқанның сөзі: Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет, менің халқымның да азаттық алып, дербес ел болатынына сенемін. Ұлт болашағының дамуына қолымнан келгенше үлес қосу- менің міндетім деп түсінемін.
1-жүргізуші:
Қазақ халқының, әсіресе, оның төменгі тобының ауыр халі мен оның жағдайларына жанашырлықпен қарап, түсініп көре білді. 1861 жылдың көктемінде денсаулығы төмендеуіне байланысты туған еліне оралды. Ол қазақ халқының тыныс — тіршілігін жақсартып, көмектесуді ойлап, әділеттілікті жақтап, халықтың мұң — мұқтажын түсіне білу мақсатымен Атбасар уезіне аға сұлтан болуды да ойлады.
Сайлауға қатысып, көпшілік дауыс алғанымен, Сібір әкімшілігі оны аға сұлтандыққа бекітпеді. Себебі, демократтық бағыттағы озық ойлы зерттеуші, ғалым билеуші топ үшін қауіпті адамдардың бірі еді. 1862 жылы Потанинге жолдаған хатында былай дейді:
*Көрініс «Туған халқына қорған болғысы келген тұлға»
Терең ойға шомған Шоқанның қолында қағаз бен қалам, досы Потанинге хат жазып отыр (өзі дауыстап оқиды )
Шоқанның сөзі: «Қымбатты досым, менің бұл сайлауға түсудегі мақсатым — өз халқымды әкімдер мен зорлықшыл бай қазақтардан қорғау еді, қазір жергілікті сұлтандармен және қара сүйек қазақтардан шыққан байлармен аразбын, мен оларға жалшыларды жақсы ұстаңдар, еңбек ақысын дұрыс төлеңдер дегенді талай рет талап еттім. Мен даланың пролетариатымен жақсы доспын, өйткені бір — бірімізді жақсы ұғамыз».
8-оқушы:
Әлемді шолып ой көзбен,
Тереңге сүңгіп бойлаған.
Қайғыны жазып бойды езген,
Толғанған әр кез ойлы адам.
Тарихшы елді зерттеген,
Сапармен барып Қашқарға!
9-оқушы:
Тауларын кезіп Тянь-Шань,
Манасын жазған қырғыздың.
Жете алмай кеткен сан қыран,
Нақ Жұлдыз еді бұл біздің.
Жоңғардың батыс сілемін,
Мекендеп қалған мәңгілік.
Туған жер жауып кілемін,
«Алтынемел» тұр жаңғырып.
10-оқушы:
Ғылым оқып, білгенше,
Тыным, тыныштық таппаған.
Дүние кезіп көргенше
Рахат іздеп жатпаған.
Құйрықты жұлдыз секілді
Туды да көп тұрмады.
Көрген, білген өкінді
Мін тағар жан болмады.
Ия, қазақ сахарасында «құйрықты жұлдыз » атанған Шоқан Уәлиханов есімі мәңгі ұмытылмайды. Шоқанның таланты телегей теңіз, оның ғалымдық өрістері ұлан-байтақ биіктерге серпілтіп жатады.
11-оқушы:
Орыстың географиялық қоғамы Шоқан өлімі туралы хабарында: «Нағыз, шын әділдігін айтқанда Уәлихановты үздік адам деп айтуға болады. Уәлиханов өз еліне шын берілгендігін, оны терең сүйетіндігін, қазақтың тұрмысын жақсы көрушілігін сақтай алумен қатар, Батыстың мәдениетін де жоғары бағалады», – деп жазды.
2-ші жүргізуші:
Қазақтың көгінде,
Әлемнің төрінде,
Жарқырап, жайнаған
Жұлдыздай көрінді, 0150 деп ақын жырлағандай, тарихшы, публицист, лингвист, географ, археолог, этнограф, саяхатшы Шоқан Уәлиханов туған халқы үшін көп еңбек етті, оның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, дінін,тілін және тұрмыстық ерекшеліктерін зерттеді.
Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов «Шоқан тұлғасы таусылмайтын сырға бай, ғажайып тұлға ғой. Кейде өзіңмен өзің болып ой кешіп отырғанда, Шоқан өмірде рас болды дегенге сеніңкіремейтінім рас. Келте ғұмырына соншалықты мол еңбекті қалай ғана сыйдырған десеңізші?…»,- деген екен.
1-ші жүргізуші:
Шоқанның өмірі – ең үлгілі өмір. Ол не бары 30 жасқа келіп қайтыс болды. Сондықтан да шығыстанушылар оның өмірін аққан жұлдызбен, жарық жұлдызбен, дала жұлдызымен теңеп келеді. Шоқан – ғасырларға қызмет ететін ұлы тұлға.
«Шыңғыстың сүйген ұлы Шоқан еді,
Империя – патша жұрты тәмам көрді.
Өнері топтан асқан жігіт еді,
Сұм тағдыр сапар жолда қаза берді », — деп жырлады Ақан сері.
*Көрініс «Ұлы ғалым туралы айтылған пікірлерге құлақ түрсек…»
(Шоқан мен оның айналасындағы өзімен замандас ғалымдар, оқымыстылардың бейнелерін көрсету)
2-жүргізуші:
Жазушы Н.М.Ядринцев Шоқан туралы былай деп толғана жазған: « Ш.Уәлиханов өз халқын зерттеуді және онымен орыс жұртшылығын таныстыруды бірінші міндет етіп қойды. Қазақ халқын орыс халқына таныту, осының негізінде өз халқын Европа мәдениетіне жетілдіру Шоқан өмірінің мақсаты еді» дейді. Ш.Уәлихановтың екінші ойы халықты оқыту болды».
1-жүргізуші:
Шоқанның досы Г.Н.Потанин былай дейді: «Шоқанға Байрон, Гейне, Лермонтов шығармалары күшті ықпал жасаған. Шоқан өзінің орыс жолдастарынан озып, жедел жетікті. Шоқан екеумізді бір-ақ нәрсе — қазақ даласы мен Орта Азия қызықтыра берді. Шоқан қазақ ішінен оқырман қауымын тапқан болса, ол өз халқының шын мәніндегі асқан данышпаны болар еді. Кадет корпусының соңғы курстарында оқып жүрген кезімізде Шоқан өзінің әңгімелерімен менің дәптерімді толтырды. Біз қазақтардың сұңқар салып, саят құру салтын толық жазып алдық. Шоқан сұңқарды қалай баптап күтудің әдісін өте жақсы білетін. Дауылпаз бен сұңқардың т.б. суреттерін салып, ол менің жазбамды толықтыра түсетін».
2-жүргізуші:
Ұлы саяхатшы Семенов-Тянь-Шанскийдің ой- пікірі: «Г.Н.Потанинмен қатар Омбыда менің, әсіресе көңілімді аударған екінші бір адамым Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов болды. Ерекше қабілетті Шоқан Уәлиханов Омбының кадет корпусын зор табыспен бітірген. Кейін менің ықпалыммен Петербургтегі университетте лекция тыңдап, француз және неміс тілдерін жақсы меңгерді. Шығыстың тарихы жөнінде көп білетін тамаша оқымысты болып шықты».
1-жүргізуші:
Шығысты зерттеуші әйгілі ғалым Е.И.Ковалевский Шоқан еңбегіне баға берген сөзінде былай деген: «Асқан данышпан жас жігіт», «Тамаша ғалым», «Қазақ халқының ең жақсы досы әрі орыстың мемлекеттік мүддесін қадір тұтушы».
2-жүргізуші:
Академик И.И.Веселовскийдің жазбаларында: «Шоқан Уәлиханов шығыстану әлеміне құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халықтарының тағдыры туралы одан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті».
1-жүргізуші:
XIX ғ. орта шенінде ірі ғалымдардың бірі П.И.Небельсон Шоқан туралы: «Петербургте қырғыздар сирек кездеседі, бес-алты адам жинала қояр ма екен? Солардың ішінде өмірде мен бармын деп ерекшеленбейтін бір ғана адам бар. Ол өте жас, кавалерия офицері, сұлтан Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов».
2-жүргізуші:
Ғалым Платниковтың Шоқан білімінің жан-жақтылығына, тереңдігіне тәнті болып айтқан пікірі: «Мен Уәлихановпен Петербургте өте жақын таныстым және бірнеше кеш бірге болып көңілді өткіздім, оның қабілеттілігіне Мұхамед-Ғани Бабажанов, біз Небельсон екеуіміз де тең келмеспіз».
1-жүргізуші:
Ұлы баба өз ұлтын сүйді, тарихын қастерлеп, мәдениетін құрметтеді.
* «Халықтың тұрмысы мен әдет — ғұрпы, — деп жазды ол, — бәрінен де артық көрініс табады. Өткенді қастерлеу мен аңыздардың молдылығы — терістік және Орта Азия көшпелі халықтарының ерекше қасиеті. Қазақ тілінде араб тіліндегідей жасама бояу сөздер жоқ, ол нағыз таза тіл»,- деп бағалады.
2-жүргізуші:
* «Намысқойлық – қазақ халқының қозғаушы ұлы күші», — дей отырып, Шоқан Уәлиханов өз ұлты мен туған халқының намысын құрметтеп өтті.
1-ші жүргізуші:
* «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет»,- деген кемел ойдың иесі, ұлт мақтанышы, данышпан бабамыз- Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың ұлағатты сөздерімен кешімізді аяқтаймыз.
2-ші жүргізуші:
«Шоқаны бар елдің — шоқтығы биік» демекші, ҰЛЫ ғалым Шоқан Уәлихановтың өмірі мен еңбегі — бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің келешегі – бізге, жастарға үлгі-өнеге!
Роза Есенбаева,
Нұр — Сұлтан қаласы Міржақып Дулатұлы атындағы №68
мектеп — гимназиясының география пәнінің мұғалімі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері.