«Сырласайық, жеңеше…»

1386

«Қызғалдақ» қыздар клубы аясында өткен
«Сырласайық, жеңеше…» атты сайыстың жоспары:

1. «Таныс болайық»
(сайыскерлерді таныстыру)
2. «Өнерпаз болсаң арқалан…»
(сайыскерлердің өнерлерін тамашалау)
3. «Ата мұраң- асыл қазынаң…»
«Оюмен ой айтқан елміз…» сайыскерлердің ұлттық өнер түрінен жасалған еңбегін бағалау.
4. «Зерделі болса жеңешем…»
(Жағдаяттық сауалдарға жауап беру)
5.Көрініс
«Еркеме айтар тілегім… »

Мақсаты: Отбасылық тәрбиенің үздік үлгілерін насихаттау арқылы отбасы тарихы мен дәстүріне деген қызығушылықтарын дамыту, сыйластыққа, адамгершілікке, инабаттылыққа тәрбиелеу.

1- жүргізуші:
Көктем келсе сағынған қарашаны,
Ерке қыз жеңгесімен жарасады.
Бәріне бақ-береке біз тілейміз,
Қарсы алыңдар, қол соғып тамашаны!

2- жүргізуші:
Әр заманда қыз тәрбиесіне ерекше мән беруді халқымыз естен шығармаған. Қыз баланың бойжетіп, ата – анасының жанында бұлғақтаған дәуренін қалдырып, басқа үйге келін болып түсуі- өмір заңдылығы. Қызды жасынан анасы немесе жеңгелері үй шаруасына бейімдеп, икемділік пен ісмерлікке баулып, жүріс- тұрыс сыпайылығы мен әсемдікті сүюге, жинақылық пен тазалыққа, өз бойын күту мен ашыққабақтылыққа үйретіп, тәрбиелейді.

3-жүргізуші:
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің …» демекші, шаңырақта үлгілі тәрбие
көрген қыз бала ертеңгі күні сол ұлағатты тәрбиені өз отбасында қайталайды.
Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ақылшы әже, әулеттің ұйытқысы.

1- жүргізуші:
Ағайынға аймақ болған жеңешем,
Абысынға қаймақ болған жеңешем.
Жасық болмай, жайнап жүрші, жаным, деп
Қайын сіңлісіне қайрат берген жеңешем!

2- жүргізуші:
Еркем-ау, ақмаралым, күн мен айым,
Сен сұрасаң, мен неге құр қалайын.
Жіберсе біреуден хат-хабарын,
Талай рет түн жамылып жорғалайын.

3- жүргізуші:
Ауылыма көрік берген жеңешем,
Бақ құсындай келіп қонған жеңешем.
Қиынын да, қызығын да тең бөліп,
Жақсы ағаға көрік болған жеңешем!

Күмбірлеген күміс күй, сіздердің құрметтеріңізге, аяулы ұстаздар мен оқушылар!
10 «А» сынып оқушысы Қайролла Нұрханның орындауында Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйін тыңдаңыздар!

1-жүргізуші:
Ақ жеңешем үлгі-өнеге көзіндей,
Қазағымның дәстүрінің өзіндей.
Қалпыңмен жет, келешек ұрпағыңа,
Көнермейтін кемеңгердің сөзіндей, – деп ортамызға сайыскерлерімізді шақырайық!

2- жүргізуші:
Бүгінгі сый- құрмет пен төр сіздерге арналады, асыл жеңгелер!

3- жүргізуші:
Қайынсіңлісін қолдап келген жеңгелер,
Сіздерге артар міндет көп.
Көтер, биік ата-салтын құрметтеп,
Әрбір сөзі тәлімі мол бір мектеп,- дегендей жеңгелеріміз өздерінің қайынсіңлілері мен қайынінілерінің есімдерін тура атамай, бет- бейнесі мен ажарына, іс-әрекеті мен мінез-құлқына қарай еркелетіп қосымша ат қойған. Сол дәстүр бойынша қазір әрбір топтың аты жеңгелері қойған аттарымен аталуы шарт.

Таныс болыңыздар:
* «Арайлым» жұбы
10 «А» сынып оқушысы Рая мен Ләйла Еділқызы;
* «Ақ еркем» жұбы 10 «Ә» сынып оқушысы Мақпал мен Жұлдыз Назарбекқызы;
* «Айнам- ай» жұбы 10 «А» сынып оқушысы Толғанай мен Айнұр Мейрамбекқызы;
* «Нәзігім» жұбы 10 «А сынып оқушысы Айдана мен Әйгерім Төлеуқызы;
* «Ботакөз» жұбы 10 «А» сынып оқушысы Әсем мен Тұрғанай Нұрқасымқызы;
* «Еркетайым» жұбы 10 «Б» сынып оқушысы Мадина мен Рауан Боранбайқызы;
* «Ажарлым» жұбы 10 «Ә» сынып оқушысы Ұлбосын мен Нұргүл Мұратқызы;

1- жүргізуші:
Бүгінгі сайысымызға төрелік ететін қазылар алқасымен таныс болыңыздар:
* Ештанаев Ж. О- қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі;
* Шабкенова С. Ж- директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары;
* Сағидолда Қ.С- педагог- ұйымдастырушы;
* Қалимат Арайлым- «Қызғалдақ» қыздар клубының төрайымы, мектеп бітіруші;
* Нұрмағамбет Нұртас- көпке үлгі болған мектеп бітірушіміз 11 «Ә» сынып оқушысы;

2- жүргізуші:
Көп сөйлеп, жөн-жобадан біз аспайық,
Қандай сайыс болса да біз қашпайық.
Ендеше, рұқсат болса сіздерден,
«Сырласайық, жеңеше!» сайысын біз бастайық!

3- жүргізуші:
Жеңгем менің, асылым, лағыл әнім,
Кең кеудеме гүл болып тағыламын,
Жұлдызыңдай көгінде жағыламын.
Алыс кетсем аңсаймын, сағынамын.

1- жүргізуші:
Өнері өрге жүзер талаптының,
Таланты талмай ұшар қанаттының.
Өнерпаздар бар өмірде даңқы асқан,
Көрейік, біз өнерін сайыскерлердің, – деп келесі кезекте өнер сайысы.
ҚАНЕ, ҚОЛПАШТАП, ҚОЛ СОҒАЙЫҚ!

2- жүргізуші:
Сайыскерлерімізге рахмет!
Сайыстың үшінші бөлімі- қатысушылардың ұлттық өнер түрінен жасалған еңбегін бағалау. Сөзге шебер, іске ұста халқымыздың мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі- ұлтымыздың қолөнері. Бұл бөлімнің шарты бойынша жеңгелеріміз бен бойжеткендеріміз өздері ою ойып, ісмерліктерін көрсетеді.

3- жүргізуші:
«Оюмен ой айтқан елміз…» демекші, құрметті сайыскерлер, құлақтарыңызға алтын сырға, күрделі әрі ұқыпты ойылған ою жоғары бағаланатынын ескертеміз.

1- жүргізуші:
Шеберлердің өнер тамып қолынан,
Жаңылмаған ата-баба жолынан.
Шебер қолдар өз өнерін көрсетсін,
Біз көрейік таланттының өнерін.

2- жүргізуші:
10 «А» сынып оқушысы Жақанов Ерболаттың орындауындағы Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әні, өздеріңізге арналады, құрметті сайыскерлер!

3-жүргізуші:
Қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне ата- анасы ғана емес, ізеттілікке, инабаттылыққа, әдептілікке баулуда қыз жеңгелерінің де алатын орны ерекше екеніне үлкен мән берген.

1- жүргізуші:
Байқаудың келесі бөлімі «Зерделі болса жеңешем…» тақырыбы бойынша асыл жеңгелеріміз жағдаяттық сауалдарға жауап береді.
(Сұрақтарды интербелсенді тақтадан ұяшықтар арқылы көрсету)

2- жүргізуші:
Көңілін халқыңның таптың бүгін,
Емес қой мынау бізге жат күн бүгін. Бір-бірлеп сұрақ қойып бақ сынайық.
Байқайық жеңешесінің тапқырлығын!

Жеңгелерге қойылатын сұрақтар:
(Сұрақтар интербелсенді тақта арқылы ұяшықтардан көрсетіледі)

* Сіздің қайынсіңліңіз мектепте үлгілі оқушының бірі. Бірақ үй шаруашылығымен айналысқанды жек көреді, ештеңе істегісі келмейді.Оны қызықтыру үшін не істейсіз?
* Үйге аяқастынан қонақ келетіні айтылды. Уақыт аз қалды. Сіз үлгермей жатырсыз, ал қайынсіңліңіз сізге көмек берудің орнына теледидар көріп отыр. Қандай әрекет қолданасыз?
* Қайынсіңліңіз туған күніне достарын шақырғысы келеді, бірақ ата- анасы қарсы. Бұл жағдайды қалай шешіп, көмек берер едіңіз?
* Қайынсіңлініз сіздің үйіңізге қонуға келді. Біраз уақыттан соң оған құрбысы хабарласып, шамалы уақытқа көшеге шығып кетуін өтінді.Күн батып, қараңғы түсті. Сол кездегі сіздің әрекетіңіз қандай болмақ?
* Қайынсіңліңізге жақын дос болуға сыныптас бозбала ұсыныс айтыпты, қыздың көңілі бар, бірақ онымен дос болуға батылы жетпей жүр. Сіз өз тарапыңыздан қандай ақыл- кеңес берер едіңіз?
* Соңғы кезде қайынсіңліңіздің оқуға деген талпынысы азайып, сабақтан тыс нәрселерге көп көңіл бөлгендігінен сабақ үлгерімі төмендеп кетіпті… Сізден- жеңгесінен қандай көмек күтеміз?
* Сынып жетекшісі қайынсіңліңіздің жауапкершілігін бағалап, ертең мектепте өтетін әдеби кешке тығыз жұмыс тапсырды. Сол уақытта жеңгесі, сіз де үй шаруасына байланысты тығыз шаруа айттыңыз. Қайынсіңліңіз қатты қиналып кетті… Осы жағдайды қалай шешесіз?
* Аға- жеңгесінің үйінде жатып оқитын қыз баланың сабақтан себепсіз қалуы жиілеп кетті, сынып жетекшісі өзіңізді мектепке шақыртып ескертті, бірақ оны ағасы білмейді. Сіз не істер едіңіз?

Тағы да оқыңыз: https://dasturkb.kz/meni-zamandastarym/2021/

3- жүргізуші:
Біз бүгін бабаларды ойлап толғанамыз,
Елін сүймес ездіктен қорғанымыз.
«Сырласайық,жеңеше» сайысында,
Халықтың тәрбиені қолға аламыз!

Көрініс «Еркеме айтар тілегім… »
Халық дәстүрі негізінде жеңге мен қайынсіңлі арасындағы сыйластық лпен адамгершіліктің үлгі- өнегесін көрсету.

1-жүргізуші:
Әдет-ғұрып,салт-дәстүрі қазақтың,
Жарасымды, ұнасымды ғажап шың.
Ұмыт болған дәстүрлерді сақтайық,
Насихаттап, жаңартудан қашпайық!

2- жүргізуші:
Домбыра, мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе,- деп Қасым Аманжолов ақын жырлағандай, келесі кезекте інілеріне үлгі бола білген мектеп бітіруші
11 сынып оқушылары Әдетхан Рауан, Қайролла Әділхан мен Нұршәріп Арманбектің орындауында Нұрғиса Тілендиевтің күйі «Әлқисса»

3- жүргізуші:
Байқауға қатысқан сайыскерлеріміздің өнерін бағалап, білімін сараптап, бәйгесін тағайындау үшін қазылар алқасына сөз береміз.

1- жүргізуші:
Талантты өнерпаз БТаңатқанов Рүстемнің бборындауындағы әдемі әнмен кешімізді аяқтаймыз.

2-жүргізуші:
Шын сыналған жүйрікте мін болмайды, Ақылы озық – біреуге құл болмайды!
Келіні дана болған қазағымның, Қыздары өзге елге күң болмайды!

3-жүргізуші:
Жеңгей деген әдемі атыңыздан,
Сұлу туған әдемі затыңыздан
Отбасының ұйытқысы, бір өзіңіз,
Жан болыңыз, бәйгеде аты озған!

1-жүргізуші:
Осымен бүгінгі сайысымыз аяқталды. Келесі кездескенше!

Роза Есенбаева, Міржақып Дулатұлы атындағы 68- мектеп- гимназиясының мұғалімі, «Қызғалдақ» қыздар клубының жетекшісі.
Нұр- Сұлтан қаласы.

Тағы да оқыңыз https://dasturkb.kz/ashy-ty-tan-o-ytuda-fizikadan-zerthanaly-zh-mystardy-jymdastyru/2021/

Бөлісу: