15 ақпан Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Ерлік даңқы-мәңгілік» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті деп, хабарлайды dasturkb.kz сайты.
Іс-шараға Түркістан облысының және Отырар ауданының Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектер кеңісі қоғамдық бірлестігінің төрағалары мен мүшелері, музей қызметкерлері қатысты.
Шараны мекеме басшысы Жангелді Махашов ашып беріп, Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуымен құттықтады. Шара барысында Ауған соғысы туралы фильм көрсетіліп, қажетсіз соғыстың қасіреті жайлы мағлұматтар берілді. Түркістан облысы Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектер кеңісі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бегимов Тұрғанбек өз сөзінде, Үкіметтің 2019 жылы 3 шілдедегі №467 қаулысына сәйкес 15 ақпан Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күні болып аталып өтіп жатқандығын сөзге тиек етіп, қазіргі таңда Ауған соғысының ардагерлері еліміздің саяси-экономикасына, әлеуметтік жағдайларына, жас ұрпаққа патриоттық тәлім-тәрбие беруге бағытталған шараларға белсене атсалысып жүргендерін айтып өтіп, Ауған соғысының ардагері, Отырар қорық-музейінің директоры Жангелді Махашовты алғыс хатпен марапаттады.
Шараға қатысқан қонақтар қантөгісті оқиғаның тәжірибесі әр мемлекет пен халық өздерінің ішкі істерін өз халықтарының пайдасы мен игіліктері үшін дербес түрде шешуге үндеген қайталанбас сабақ болғанын айтып, қанды майдандағы естеліктерімен бөлісті. Директордың кеңесшісі Нұртаза Алдабергенов «Ауған соғысына қатысқандардың соғыстан кейінгі жағдайын айтудың өзі қиын. Сарбаздарымыз өздерінің әскери міндеттерін адал орындап, әскери қызмет соңына дейін нағыз сарбаз атағына лайық бола білді» – деп, оларға шексіз ризашылығын білдірді.
Жиынды қорытындылаған Жангелді Махашов бүгінгі іс-шараға қатысқан Ауған соғысының ардагерлерін алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат көрсетті.