1838 жылдың маусым айында Кенесары ханның жасағы Арқа даласындағы Ақтау бекінісіне шабуыл жасап, қамалды алғаны тарихтан белгілі.
Қамал төртбұрышты үлгіде тұрғызылған және оның әр бұрышында қарауыл мұнаралары, зеңбіректер орнатылған. Бекіністің ішінде ақ патша әскерінің солдаттары мен казактардың казармалары, штаб үйі, офицерлердің үйлері, тастан қаланған ат қоралар мен әскери қоймалар, ас үйлері, ұстахана, басқа да ғимараттар болыпты.
Ақтау қамалы қазіргі Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінен оңтүстік-батысқа қарай 80 шақырым жерде, Манақа өзеніне таяу орналасқан. Бұл күндері қамалдың орнында жермен жексен болып кеткен үйлердің жұрнағы мен айнала терең қазылған ор және құмнан үйілген жалдар ғана жатыр.
Ақ патшаның қарулы солдаттары жақын маңайдағы қазақ ауылдарына қырғидай тиіп, малдарын тонап, адамдарын өлтіріп, қыз-келіншектерін зорлап, ойларына келгенін жасауды әдетке айналдырған.
Мұндай қорлыққа атадан асыл туған Кенесары сұлтан шыдай ма? Ақтау бекінісін талқандау үшін сайыпқыран сарбаздарын бастап, атқа қонады хан Кене!
Тарихшы ғалым Темірғали Аршабековтің айтуынша, Кенесары әскерінің қолбасшылары Наурызбай батыр мен Ағыбай батыр бастаған сарбаздар бекіністен 50 шақырым қашықтықтағы Қорған тауларының ішінде тастан қамалдың үлгісін тұрғызады. Сол жерде сарбаздар қамалға шауып келіп, қарсы беттегі жалға арандап қалмай, ішке өтудің әдіс-тәсілдерін меңгереді.
Дайындық аяқталып, шабуылға шығар сәт келеді. Сарбаздардың бір бөлігі қамалдың ту сыртынан шабуыл жасайды. Шайқас басталады.
Кенесары әскерлері жергілікті табиғи бекіністер – қамыс, бұта, төбелерді шебер пайдалана білді. Қамалға шабуыл жасаған кезінде Кенесары жасағы шашыранды қатармен алға ұмтылып, артынша бәрі қосылып, қамалды жан жағынан қоршаған. Бұл әдіс дұшпанды қатты абыржытып, оның күштерін шашыратуға мәжбүр ететін еді.
Орыс әскерлері Кенесары ханның айласына алданып қалады. Олар бар назарын қорғанның сыртқы бөлігіне аударған сәтте хан әскерінің екінші бөлігі Манақа өзенін бойлай өскен мойыл мен талдан алдын ала түйе қомындай дайындап алған бумаларды тасаланып, қақпаға жақын келіп садақпен оқ жаудырған. Жебенің ұшын ешкі майына суғарып, оған от қояды. Осылайша кіреберіс қақпаны өртеп жібереді. Қақпа құлаған сәтте Наурызбай бастаған атты әскерлер өзен жырасына тасаланған жерін тастап, «Абылайлап» ұран салып, бекініске басып кіреді.
Ақтау қамалының коменданты, капитан Кастрюрин «Өткен маусым айының 22 күні сағат жетілерде бүлікші сұлтан Кенесары Қасымов бастаған 2 мыңға жуық қазақ бекініске шабуыл жасады және олар шашырай шабуылдап, сағат ширегіндей уақыт өткенде бекіністі қоршады» деп жазған.
Кенесарының жаужүрек батырлары Наурызбай, Ағыбай, Тілен, Жанайдар, Иман, Байтабын бастаған сарбаздар ерекше ерлік көрсетіп, Ақтау қамалында бекініп алған орыс жасақтарымен ұрыс салып, оларды тас-талқан етіп жеңген. Ақтау бекінісінің тастан соққан үйлерін құлатып, қамалды өртеп жіберген. Көптеген қару-жарақтар мен әскери тұтқындарды қолға түсірген.
Айдаһардың ордасындай айналасын жайпап, қазақ ауылдарының мазасын алған Ақтау бекінісі осылай құлады. Бекіністің құлауы Кенесары ханның ел арасындағы беделін бұрынғыдан да асқақтатып жібереді. Бұрын екі ойлы болып жүрген ауылдар енді оның қарамағына құлшына өтіп жатты. Тарихшылардың айтуынша, Ақтау бекінісіне жасалған шабуылдан кейін Кенесары ханның әскері он екі мың сарбазға дейін ұлғайған екен.
Кенесары ханның жасағы Ақтау бекінісін құлатқан тарихи жерге 2013 жылдың тамыз айында арнайы гранит тас орнатылып, белгі қойылды.
Төсінде хан Кене мен оның сайыпқыран сарбаздарының іздері қалған осы тарихи мекеннің бір пұшпағы бүгінде Хан сайы деп аталады. Кенесары хан тау бөктеріндегі бұл қонысты біршама уақыт мекен еткен көрінеді. Жергілікті халық соған байланысты осылай атап кеткен.
Туған жердің тасы да тіл қатады. Соның бір дәлелі – жазиралы Жаңаарқаның Ақтау ауылындағы осы тарихи атамекен!
Төлеубай Ермекбаев