Ереулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,….
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық, шөл көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,…
..Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгіні теріс салмай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?! – деп Махамбет батыр жырлағандай бала боп туып, батыр боп өткен, «Ел үшін туып, ел үшін өлген», дүниеге келуі де, қайтуы да, халқына аңыз болған Сырым Датұлының 300 жылдығына орай, Сақтаған Бәйішев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы «Батыр, шешен, қолбасшы» аты дөңгелек үстел өткізді.
Шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Ақишанұлы Абдуллаев, тарих ғылымының магистрі, №47 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ербатыр Қанатұлы Қалышев, №36 қазақ орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Бұлбұл Әмірханқызы, Білім Ақтөбе дарынды балаларға арналған мектеп — интернатының тарих пәнінің мұғалімі Асылай Бекболатқызы Байбосынова, №74 қазақ орта мектебінің тарих пәнінің оқытушысы Жарқынай Нагиметияровна Жаңбырбаева қатысып, Сырым батырдың қазақ тарихында алатын орны туралы жан-жақты талқылап берді.
Сырым шын аты — Шынтемір Датұлы, болжам бойынша 1753—1802 жылдары өмір сүрген ел басқарудың жаңа түрі, «Халықтық кеңес» атты тұңғыш халықтық өкімет құрған қазақ батыры, орыс отарлау саясатына қарсы тұңғыш ұлт азаттық көтеріліс ұйымдастырушы Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, ел бастаған би, әрі әйгілі шешен.
Шыққан тегі — Кіші жүздің Байұлы тайпасының Байбақты руынан. Өзінің асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдігімен аты шыққан «Бала би» атанды.
«Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деп мақалда айтылғандай. Әр алыптың артында, алтын құрсақ ана тұрады. Анасы Сырым тумас бұрын, кезекті көш кезінде, ауыл суға таласып, шу көтерген кезде күрең жорға аты бар, лайықты киімі бар, бір орта жастағы адам келіп, бір ауыз сөз тілегімен, елді тоқтатып, жолбасшылық ақыл айтқан. Сол кезде анасы әлгі адамның ақылы мен пайымына тәнті болып, осындай балам болса екен деген іштей тілеген тілегі қабыл болып, ақылды, зейінді, ата жолын қуған Шынтемірдей ізгі ұрпақ дүниеге келген. Сырымның туған жері мен жылы жайында сақталған жазба дерек сақталмаған. Зерттеушілер оның өмірін, ол бастаған қозғалысты құнттап зерттеген А.Д.Рязанов, М.П.Вяткин. т.б. тарихшы ғалымдар анықтай алмаған. Батырдың ұрпақтарының айтуы бойынша да болжанады. Батыс Қазақстанның Камен ауданында тұратын Үмбет Ыбыраев атты қарт өзінің қолжазбасында. «Сырым Дат баласы 1750 — 1760 жылдардың арасында туған, руы Байбақты. Атқа мініп жайлаған жері осы күнгі Батыс Қазақстан облысының Жымпиты мен Чапаев аудандарының аралығы. Сол жерде «Сырым оба» дейтін белгілі төбе әлі бар» — деп жазған. Сырымның бірге туған ағасы Адамбайдың ұрпағы Әділ Ермековтың айтуы бойынша батырдың туған жері Батыс Қазақстан облысының Жымпиты аудан Сарыой деген жер. Әкей марқұм «Шынтекем 60 жасында ту тігіп, ханға қарсы аттанған, жетпіс жасында Хиуада үзеңгіге у жағу салдарынан қайтыс болғандығын айтатын деп еске алады.
Батырдың қайтыс болған жылдары жөнінде бір ғана нақты мәлімет Я.Гвардовскийдің жазбасында Сырым дүниеден озған кезде оның асында 2000 жылқы, 2500 қой сойылып, 5000 күбі қымыз ішілген және бірнеше жүз ақшаңқан киіз үйлер тігілгендігін айтады. Бұл, бір жағынан, оның байлығын, екінші жағынан, оның халық арасында беделді болғанын білдіреді. «Я.Гвардовскийдің керуені қазақ даласына 1803 жылы ақпан айында келіп кірген, демек, Сырым 1802 жылы қаза тапты деген дұрыс болар» — деп болжайды М.П.Вяткин.
Батырдың өмірі туралы мәліметтер осындай. Сырымның ел ісіне араласып, қалыптасуына көңіл бөліп, жақсы тәрбие берген әжесі мен анасы, жас жеткіншекті үлкендерді сыйлап, олардан бата алдырып, болашаққа жол аштырып, жақсылыққа бағыттай білген дана адамдар болған.
Аңыз бойынша Сырым 15 жасында тама Есет батырдан бата алуға барады. Қонақты сыйлап, Есет батыр есік алдына шығып, амандасып қарсы алады, мал сойып, қонақ қылады. Енді елге қайтпақ болғанда Есет батыр: -Балам, Сырым, жеті атаңа дейін даңқың үзілмесін, құлағыңнан сыбыр кетпесін, үйіңнің сыртынан дүбір кетпесін, — деп ақ батасын беріп аттандырады. Міне, бұндай қасиетті бата алған бала үй баласы емес, ел баласы болып өсуі тиіс еді. Ал, өмірде Сырым айтты деген насихат пен ақылға толы, тәрбиелік мәні зор шешендік сөздер қаншама. Қолбасшы, батырлығына тоқатлсақ. Сырым 2000 шаңырақты басқарған. Сырым Датұлы өз халқының нағыз патриоты екенін таныта білген және отарлық бұғаудан елді босатуға зор үлес қосқан. Ол Ресейдің отарлау саясатын жүзеге асырған қазақтарға қарсы соғысты бастады. Сырым бастаған ұлт-азаттық көтерілістің негізгі себебі — патша саясаты мен Жайық казактарының жүгенсіздігі, олардың қазақ халқын қанауы болды. Халық көтерілісін Сырым батырмен бірге Барақ, Тіленші, Оразбай, Жантөре сұлтан сынды елдің беделді азаматтары басқарды. Кіші жүздің Байбақты, табын, шекті, кете және шеркес рулары көтеріліске қатысты. Көтерілістің бас кезінде Сырым батырдың 2700 сарбазы, Барақ батырдың 2000 және Тіленші батырдың 1500 сарбазы болған.
1783 жылдың тамыз айында Жайық казактары Сырым мен Нұралы хан ауылдарын тонау жорықтарын бастады. Нұралы хан Сырымның ел арасында беделі жоғары екенін білгендіктен, оны орыстардың түрмесінен босатып алады. Сырым темір тордан шыққан соң халық көтерілісінің қарқыны үдей түсті. Бұл уақытта патшаға қарсы бас көтеруден қорыққан Нұралы Сырымға қарсы шығып, Ресейді көмек беруге шақырады. Осы кезден бастап Сырым батырға екі жаумен бірдей шайқасуға тура келеді. 1784 жылы Сырым Сағыз өзенінің бойында Нұралы ханға шабуыл жасағанда, ол орыс-казак бекіністеріне қашып құтылды.
1785 жылы Сырымның үзеңгілестері орналасқан аудандарда — Орал бекінісінің төменгі жағында ірі шайқастар болды. 1783-1785 жылдары қазақтың байбақты, табын және тама руларының жайылымдықжерлерін казактар басып алған соң, қиян-кескі ұрыстар болып өтті. Бұл кезеңде Кіші жүздің батыс аудандарында стихиялы көтерілістер басталды, олар Жайық пен Ембі өзендері арасында көшіп-қонып жүрген руларды да қамтыды. Қалыптасқан жағдайды пайдалана отырып, патша өкіметі тікелей ру старшын дары мен келіссөздер жүргізе бастады. Бір жағынан, бұл саясат қазақ даласындағы хандықты жою мақсатында жүргізілді. 1786 жылы 13 шілдеде Екатерина II Нұралы ханды қызметінен босатты.
1792 жылы хандық билік қайта күшіне енген соң, Сырым Датұлы бастаған халықтық жаппай бас көтеру кезеңі басталды. Бұл кезеңде көтеріліске қатысқан көптеген сұлтандар мен билер күресті одан әрі жүргізуден бас тартқан соң, Сырым батыр партизандық соғысқа көшті. Сонымен бірге, ел ішінде орын алған келеңсіз жағдайлар да көтерілістің жалғаса беруіне себепкер болды. 1797 жылы Кіші жүз ханы Есім көтерілісшілер қолынан қаза тапты. 1797 жылы 28 тамызда Сырым Датұлы көтерілісті тоқтату тұралы шешім қабылдады. Ол хандық кеңестің құрамына енген болатын, алайда оны сұлтандар қудалағандықтан, Хиуаға қашуға мөжбүр болды
Жасы ұлғайған кезінде отарлаушылардың озбыр саясатына қарсы шығып, жерінен айырылып, жайылымсыз қалған, патша әкімшілігінің езіп-жаншуынан, тонауынан әбден титықтап біткен халқының наразылығына үн қосып, қарулы күреске шығады. Ол өзінің Орынбордың генерал-губернаторы Игельстромға жазған бір хатында былай деп жазады: Түрмеден босағаннан кейін Сырым Табын руының старшыны Тіленші Бөкенбайұлының қолдауымен орал казак-орыс әскерімен күресін әрі жалғастырады. Бірақ Нұралы хан бұл жолы Сырымды қолдамайды, қайта оған қарсы шығып, шекаралық әкімшіліктен көтерілісшілерді басу үшін арнайы әскер жіберуін талап етеді. Сөйтіп ол былайғы жерде Сырымға қарсы күресте шекара әкімшілігімен бір болады. Міне, осы кезден, яғни 1784 жылдан бастап патшаның отарлау саясатына қарсы күресте ханының да, қарашасының да ортақ ниеттестігіне ие болып келген көтерілісшілер арасына жік түсіп, Сырым бастаған халық қозғалысының күресі енді Әбілқайыр әулетінен шыққан хан мен сұлтандарға қарсы бағытталады. Кіші жүздің көптеген рулары Нұралы ханға бағынбай көтерілісшілер жағына шығады. 1785 жылы күзінде болған старшындар жиналысы Нұралыны хан деп танудан бас тартады. Келесі жылдың көктемі қарсаңында көтерілісшілердің қысымына шыдамаған Нұралы шекаралық шептегі қамалға қашуға мәжбүр болады. Оның ақыры сол жылы Екатерина II-нің Нұралыны хандықтан түсіру жөніндегі жарлыққа қол қоюына әкеп соғады.
Хан тағына Нұралы кетіп, Ералы отырғанымен де жағдай түзелмейді. Халықтың наразылығы одан сайын күшейе түседі. Сырым бастаған көтерілісшілер енді ашық соғыс қимылдарына көшіп, патша қамалдарына шабуыл жасай бастайды. Бірақ олар пәлендей нәтижеге жете алмайды. Елек қамалына жасаған шабуылдың сәтсіздігінен кейін Сырым соғыс тәсілін өзгертіп, партизандық әрекеттер жасауға көшеді. Шекаралық бекіністерге, сұлтандар мен оларды қолдаушылардың ауылына тұтқиылдан шабуылдап, адамдарын тұтқынға алады.
1797 жылы көтерілісшілердің үлкен бір тобы Ералыдан кейін хан тағына отырған Есімнің ауылына тұтқиылдан шабуыл жасап, ханды өлтіреді. Есім ханның өлтірілуі Сырымға тілектес билер мен старшындардың одан ірге ашуына себепші болады.
Есімнің орнына Айшуақ хан сайлағаннан кейін, ол Есімнің кегін алмақ болып, арнайы әскер жасақтап, Сырымға қарсы аттанады. Соңынан індете қуып, маза бермеген патша экспедициясынан ығысып, Сырым Хиуа хандығының жеріне өтіп кетеді.
Батырдың Хиуадағы өмірі жөнінде көп мәлімет сақталмаған. Тек сол жақта өмірден өткендігі яғни, Хиуа ханы оның көзін жоюдың амалын тауып, улап өлтіреді. Бұл жөнінде халық ауызында түрлі әңгімелер тараған. Батырдың сүйегі Үргенішке қойылады.
Артында өлмес сөз қалдырған батырдың қанатты сөздері де айтыс пен күрес үстінде туған. Мысалы. «Үгітті ұққанға, ақылды — жұққанға айту керек», «Ат шабысына қарай шабады, ер намысына қарай шабады», «Аста тұз тәтті, адамда дос тәтті», «Асау атты ұра берсең, жықпай қоймас», «Жамандық пен жақсылық серік емес» — деген мақал, нақыл сөздер, адамгершілікті арсыздыққа, шындықты өтірікке, ізгілікке, зұлымдыққа қарсы қою секілді қанатты сөздер — Сырым шешендігінің даналығын аңғартады. Сегіз қырлы, бір сырлы Сырым батыр ғана емес, жер ыңғайын білетін шебер қолбасшы. Ойыл өзенінен су шығару үшін 500 адам жинап, бөгет жасап, канал қазып су шығарады. Қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданының бергі бетінде Жарыпшыққан каналын Сырым қаздырған. Елді жұттан аман алып қалған.
Ақұштап Бақтыгерееваның «Сырымға арнау» өлеңі осының дәлелі:
Тұтамыз жанға медеу осы күнді,
Айтқаның ақ қағазға көшірулі.
Біз тағы той жасаймыз, Сырым баба,
Ант етіп өшірмеуге есіміңді.
Таңдантып шешендігің ақындарды,
Таңдантып батылдығың батырларды.
Мәңгілік топырағы бұйырмаған
Мәңгілік туған жерде атың қалды.
Міне, батыр, шешен, қолбасшы Сырым Датұлы халық жадында қашанда жарқын бейнесімен есте қалмақ.
Нұрлыгүл Бердіғалиева, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, абонементтік қамтамасыз ету секторының кітапханашысы