САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІМІЗ – АКВАРЕЛЬШІ-СУРЕТШІНІҢ ТУЫНДЫЛАРЫНДА

Қызметтің барлық түріндегі неғұрлым тереңдетілген мамандыру біздің заманымыздың белгісіболды. Өткен дәуірдің ойшылары мен суретшілерінің әмбебаптығы біздің тарапымыздан ерекше құбылыс сияқты қабылданады. Қазір соған ұқсас болу мүмкін бе? Іске деген кәсібилік пен әуесқойлық арақатынас шекарасы қай жерден өтеді?Шәңгерей Ибрайұлы Ибраевтың акварельдерімен алғаш кездескенде осындай сұрақтар туындайды. Жанрлардың әртүрлілігі, әр парақты тек бейнелеу емес, сондай-ақ мазмұндылық аясында ойластырудың ұқыптылығы, туған өлкесінің тарихы мен этнографиясын терең білу, сауатты құрылған композиция, акварель техникасын шебер меңгеру – бұлай тек кәсіби маман ғана жұмыс істейтіндігіне күман туғызбайды. Суретшінің ресми қызметінің өнерден тым алыс екеніне сенбейсің, ол өмір бойы қаржігер қызметін атқарған, мәнсап жолын облыстық қаржы басқармасының бастығы лауазымында аяқтаған. 2016 жылы Шығыс Қазақстан өнер мұражайының мамандары Шәңгерей Ибраевтың өмір, өнер жолдарын зерттеп шығармашылығы бойынша альбом шығарды. Осындай дарынды адамның өнер әлемімен республика жұртшылығы да танысып тамашаласын деген оймен журналға жолдап отырмыз.


Ш. Ибраев заманның қиын-қыстау кезінде,1928 жылы, Қытай шекарасының маңындағы Семей губерниясының Зайсан қаласында дүниеге келген. Келер жылы отбасы қуғын-сүргіннен қорқып, Барнаулға көшеді. Тек 1933жылы бірнеше мекенжайауыстырып, отбасы Қазақстанға оралып,Семейге қоныстанады. Бұл жерде олар 10жыл тұрады, балалық шағының ең ащы естеліктері осы жылдарға келеді. 1938 жылы әкесі қайтыс болады. 1943 жылы сегізжылдық мектепті үздік бітірген Шәңгерей кең-байтақ Тарбағатай даласына оралады. Қилы кезеңді бастан өткізу үшін отбасы анасының туыстары тұратын Ақжар ауылына көшіп барады. Қалалық жас жігіт Шәңгерей осы жерде кең даланың ғасырлар бойы келе жасап жатқан дәстүрлерін қырағы көзімен көріп, сусындауға мүмкіндік алады, ал жүрегі ежелгі туған топырақтыңшақыруына шаттыққа бөлене жауап береді. Ең айқын көркем образдар мен сюжеттерді осы жерден табады. «Ақжарсуреттері» кейіннен ауыл өміріне арналған акварельдердің ең үздік топтамасына негіз болады: мұнда шынайы тұрмыс нақтылығын, адамдардың өзара қатынастарынан сыпайылықты, олардың қоршаған табиғатпен үйлесімділігін байқаймыз.


Уақыттың зымыраған ағысын тоқтатқысы, жоғалып бара жатқан мәдениетті сақтап қалғысы келгендей… Қағаздың ақ парақтары көшпенділердің өзіндік әлемін қабылдады. Туған халқының дәстүрлерін Шәңгерей Ибрайұлы кітаптан білмейтін, өзі сол ортада өсіп жетілді, өмірбаянымен таныса отырып, оның суреттеріндегі көркемдік артықшылықтарын этнографиялық айқын құжат ретінде қарастыруға болатынын ұғынасыз.
«Алтыбақан» (балалық шақ естелік) 1959-60 жылдары салынған сурет. Жарқыраған жаз кезі, киіз үйлерден сәл аулақта орнатылған алтыбақан. Ауыл маңын айнала шапқылаған құлын-тай, бұзау, қозы-лақтар. Алтыбақанда тұрып әуелей жоғары ұшқан жас қызбен оның қарсы қарсысындаотырған қыздың фигурасы назарды өзіне бірден аударады.Бала кезде әткеншек теуіп көрмеген бала жоқ-ау, сірә.Суретшінің әр жұмысы эмоционалдық құндылығымен таңғалдырады. Жеңілдік, қанат пайда болып әуеде ұшып жүргендей шаттану сезімдерін бастан кешесің. Суретші алтыбақанда биіктеп бара жатқан қыздың бойынан осы психологиялық қүйді дөп басқан.Әткеншекте тұрып қатты серпілісі,киімдерінің желбіреуітүс таңдауда сылдыраған келісім деп Абай атамыз айтпақшы.
«Бата» акварелі –ең жақсы суреттерінің бірі. Суреттің ортасында жаратылысы сымбаттышыныққан шымырденелі жігіт аяғы байланған қойды ұстап тұр. Акварель құрбандыққа шалынатын жануардың еріксіз тыпырлаған ауыртпалығынан оны ұстаған жас жігіттің қолдарының бұлшық еттерініңбұлтылдап тұрғанынсезіндіріп көрсетеді. Суреттің осы қуатты доминантасы бата беріп тұрған қариялардың айқын бейнелерімен толықтырылған. Адамдардың жүзіне қараңыздар: байыпты, бар зейіндеріқұпия рәсімді жасауға берілген.Нақты таңдап алынған колористік шешім, композициямен қатар ұсақ детальдарға толы болса да, суретшіге суреттің жалпы эмоциялық-қатаң ретін ұстап тұруға мүмкіндік береді. Мұндай міндеттерді шешуде оған туа біткен сезімі композицияны түсінуден басқа, бәлкім, сондай-ақ туа біткен әдептілік сезімі де көмектескен болар.
«Талқан» акварелі сондай-ақ сырттан қарағанда бидай тарту күнделікті әдеткі тіршіліктікөрсетеді, бірақ бұл жұмыстың драматургиясы мүлде басқа. Суреттегі топ алдында көзге көрінбей тағы бір кейіпкер –суретші, фотограф, немесе мүлдем жайбақылаушы тұрғандай. Диірмен тасын айналдырып тұрған ер балаға осы адам таныс болар, бала одан қорықпайды және бөтен кісіге қорқа қарап тұрған бір топ балалар алдында мақтанышпен қарайды. Балалардың реакциясы пәк, олар талқан салып алатын ыдыстары жайлы ұмытып, ауылға келген бөтен кісіге аң-таң болып қарауда. Тек ересектер ештеңені елемей, өз ойларына үңіліп күнделікті тіршілікпен айналысуда. Суретке қарай бергің келеді: алдыңғы көріністе бұрынғының ыдыстарынан жақсы жинақталған натюрморт, басқұр киіз үй арқандарының астынан өткізілген, керегені жауып тұрған тоқылған шидің ою-өрнектері, ақ текеметтің өрнектері –барлығы көп ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрлердің куәсі. Парақтың оң жағына қарасаңыз көзіңіз кең далаға түседі. Біз отарлы қойларды, тауларды, бұлтты аспанды көреміз. Балалық сезімнің жарқылы осы тыныштықтың, осы уақытты тоқтатқан бақыттың аясында ерекше кереметке бөлейді.
«Бесбармақ» аталатын жұмысы да осы сериялардан. Ақ парақтың аясында үлкен табақта қадірменді қонағымызға тартылатын салтанатты негізгі асты көреміз. Қойдың басы ырыс-береке, ашықтық, достық тілегінің нышанын білдіретін маңдайы тілінген. Суретші әдейі табақтағы қойдың басын бояу түсімен айқындайды.Пышақтар, үстелдің жартылай дөңгелектігі графикалық түрде осы натюрмортқа ерекше көркем айқындылық береді.
«Ақсүйек» жұмысының кескіндемелік шешімі қызықты. Дарқан даладағы жылы кештің романтикалық көңіл-күйі кешкі аспанның нәзік реңкімен белгіленген.Жасыл көріністе кемпірқосақтың барлық түстеріндегі киімдер – ошақтың жылы жалыны, шымқай қызыл түсті лаулап тұрған барқытты қызыл кеудешелер. Осы әлемнің мерекелік алуантүрлілігі формат тегістігінде суретшімен «қызыл-жасыл» классикалық үйлесімділік жұбының көмегімен жинақталған, жастықтың, дарқан даланың, махаббат романтикасының нәзік сезімін қалпына келтіреді.
Көпфигуралы және көп сюжетті «Наурыз көже» жұмысы 1988 жылы орындалған.Суретші зердесінің жүйріктігі таңданарлықтай, уақыттан озып кеткендей. Наурыз мерекесі енді ғанахалыққа паш етіп тойлану қолға алынған уақыт.Алыста жатқан Тарбағатайда жас кезінде көргені есінде қалды ма екен? Өткен бейнелер көз алдымызда жанды күйде тұрғандай. Суретші олардың қайталанбас өмірінің егжей-тегжейіне дейін біз үшін сақтап қалған. Қазандарда буы бұрқырап наурыз көже пісуде, дастарханнан дәм татқызу ол кездегі әжелер үшін бұлжымай орындалатын салт, соған дайындық үсті. Суретте еш жасандылық жоқ, әр кейіпкер өз қарекетімен тарихи қалыптасқан тірлік үстінде.
«Бесік» атты туындысынан әженің бауырында өсіп келе жатқан балаларды көреміз. Заманында әжелеріміз ешбір бала-бақшасыз немерелерін тату-тәттілікте тәрбиелеп жеткізген. Суреттің доминантасы–шаруадан сәл қолы босаған сәтте сәбиімен бесікте қауышқан ана бейнесі абылады. Алаңсыз бүлдіршіндерөз жас шамасына қарай ойындары да әр бөлек, оларға қызықтай қарайсың. Киіз үйдің сықырлауығынан сығалай қараған жасөспірімдер шалынады назарға. Тұрмыстық заттардың безендірілуі, ер тоқымның әшекейі көз тартады.
«Бүркітші» аяқталмай қалған жұмыстың бірі. Орта ғасырларда Еуропада саятқа шығу, қыран құс баптау тек билеуші патша, король әулетіне ғана тиесілі мәртебе саналғаны белгілі. Өз бетімен құс қайырған каймана жұрт жазаға тартылған. Саят ісі айрықша қастерлі, тек әміршіге лайықты салтанат саналған. Қазақ даласында аңшылық шын мәнінде сауық, қызық, шынығу, ептілік, серілік, сезімталдық, сергектік сияқты көптеген қасиеттерді ұштайтын тамаша өнер мектебі десе де болады. Жүйрік ат, ұшқыр тазы, қыран бүркіт, кең дала – бәрі-бәрі де аңға шыққан ер жігітке бұл дүниенің шын қызығын сыйлағандай.«Тазы иттермен аңға шығу» жұмысынан бұл қызықтың бәрін көріп тамашалап, аттардың шапқан дүбірін, аңшылардың қиқуын естігендей боламыз. Анималистік жанрының шебері екенінің куәсіндей бұл суреттер.
Өзгеше техникада майлы бояумен орындалған, аяқталмай қалған жұмыстың бірі «Қыз қуу». Осы техникада жұмыс істеу әдісінің тізбегін көрнекті етіп анық көрсетеді. Ол кісі классикалық шешімдерден мүлдем бөлек кенеп бетін картинаныңастын майламаған, картинаның тональдық көлеңке жарық ахроматикасын жасамаған. Суретші картинадағы суреттің ішін біртіндеп әрлеп бояп жағыстармен толтырғандай ғылып әдіспен жұмыс жасаған. Барлық түстіқ дақ өте қанық. Туындыдағы барлық түстік тепе-теңдікті ұстап, басты да жарқын қылып тұрған қыздың ақ көгілдіркөйлегі мен аттың қызылжабуы. Түрлі эмоцияны картинадағы әр кейіпкердің бойынан көруге болады, әзіл-қалжыңға толы туынды, мұны суретші өзіне тән көркемдік мәнерлеу құралдарымен жеткізген.
Шәңгерей Ибрайұлы Ибраев кәсіби суретші бола алмады, өмір ағысына қарай байыпты да сенімді қаржігер кәсібін таңдады. Осы салада мықты мансап жасады: кеңес кезеңінде Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті облыстық қаржы бөлімінің меңгерушісі, еліміздің жаңа тарихында Өскемен қ. Казкредитсоцбанк филиалының бірінші директоры қызметін атқарды. Дегенмен, құдай талант берсе, рухани қажеттілікке айналып еріктен тыс бұзып-жарып көрінбей қоймайды екен. Осылай ұлтымыздың рухани құндылықтары керітартпа, ұлтшылдық мазмұнда, т.б. желеулермен тарихтан өшіріліп, тіліміздің, салт-дәстүрлеріміздің аясы тарылған заманда ұлтжандылыққа үндейтін салт-дәстүріміздің мерекесін дарынды суретші пластикалық өнерде бедерлеп кетті. Мақалада біз жүрегінің елегінен өткізген шынайы сезімдерін жеткізген суреттерінің бір ғана «Ақжар суреттері» топтамасымен ғана таныстырып өттік. Суретшінің отбасы тамаша қадам жасап, өз отбасы меншігіндегі қимас бірнеше туындыларын Шығыс Қазақстан өнер мұражайының негізгі «Графика» қорына ғанибет бірсый тартты.Дарынды адамның ғұмырының бір бөлігі болған қайталанбас кешегі өмірді сурет өнерінде бейнелеп кеткен қазынасын халқы көріп тамашалай алады.

Аймангүл Мырзабаева, Шығыс Қазақстан өнер мұражайының музей педагогикалық секторы қызметкері

Бөлісу: