ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы: Білім – басты бағдар

133

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қазақстан халқына жолдаулары – тарихи маңызды құжат қана болып табылмайды, бұл ең алдымен тұрақты, дамыған мемлекет құру жолындағы жүйелі жоспарлы бағдарлама болып табылады.
Өткен жылғы қазан айындағы Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауы еліміздің экономикалық дамуына және де қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыруға міндеттер жүктеген. Жолдаудың маңыздылығы мен оның халық үшін тиімділігі жайында әлемнің ғалымдары мен профессорлары да пікір білдіріп, ақпарат беттеріне жариялаған.
Елбасы жолдауларындағы білім беру, ұлттық экономика, Қазақстанның жаңа саяси бағыты, әлеуметтік саясат, жаңа қазақстандық патриотизм, адами капитал, денсаулық бағыттары бойынша маңызды мәселелер жекелей айтылып та, жазылып та жүр. Қазан айындағы жолдауында Елбасы: «Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты», – деп атап өтті. Осы орайда «Дәстүр» журналы оқырман назарына Елбасы мақаласындағы білім беру саласындағы басты бағыттар туралы айтып өтуді көздейді.
Елбасы жолдауда: «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек… Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн… Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын»,-деген болатын. Сондай-ақ биылғы 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін баса айтып өткен.
Ең алдымен Елбасының Жолдауын жүзеге асыру аясында педагогтар мен дәрігерлерге және полицейлерге «7-20-25» бағдарламасы бойынша бастапқы жарна төмендетіледі. Бұл туралы «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков мәлім еткен болатын. «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген нақты тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында, білікті ұстаздар, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және өңірге қажет басқа да мамандық иелеріне «7-20-25» бағдарламасының бастапқы жарнасын төмендету бойынша жұмыстар басталды. Қазіргі таңда Шымкент қаласы, Ақтөбе, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктерімен тиісті меморандумдарға қол қойылды», – деді Қайрат Алтынбеков Парламент Сенатының депутаттарымен өткен кездесуде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында балабақшаларда тәрбиешілер жалақысына қатысты тапсырма берді. Мұнымен қоса Президент мектептегі аяғы жоқ реформаларға соңғы шешім жасалатынын қадап айтты. Жолдау жүктеген міндеттердің арасында ғылым мен денсаулық салаларына қаржыландыру көлемін арттыру мақсаты ескерілген. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында 2019 жылы Қазақстанда «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылданатынын атап өтті.
Мәдина Нұрғалиева, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:
«Биылғы Жолдауда өскелең ұрпаққа ерекше назар аударылып отырғанын айрықша байқауға болады. Мемлекет басшысы жалпы білім беру сапасын көтеру мәселесіне екпін қойды. Қазіргі заманғы өмір жағдайы балаларды болашаққа тыңғылықты даярлауды талап етеді. Осы орайда тәрбиешілерге қатысты біліктілік талаптарын қайта қарау ескеріліп отыр. Сонымен қатар, олардың еңбекақы төлеу жүйесін қарастыруға назар аударылды. Атап айтқанда, мектепке дейінгі білім беруде оқытудың жаңа әдіснамаларын енгізуге қатысты нақты қадамдар іске асырылатын болады. Бұл тұрғыда біздің балалар білім берудің жаңа парадигмасында оқиды», – деді Мәдина Нұрғалиева. Сарапшының пайымдауынша, «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау өте маңызды қадам болып отыр. «Осы құжаттың қажеттілігі бұрыннан сезілуде. Мұғалімдер елдегі жаңғырту өзгерістерінің көшбасшысы. Сондықтан да оларды бағалап, сыйластықпен қарап, қамқорлық жасауымыз қажет. Осы орайда мұғалімнің мәртебесі мен атағын көтеру – өте қажетті қадам», – деп түйді Мәдина Нұрғалиева.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында білім саласы бойынша сарапшылардың пікірін ұсынамыз.
Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА академигі:
Елбасы Жолдаулары елдің жүрегінен – Астанадан жолданады. Сондықтан осыған дейінгі және осы жолғы Жолдауда да елорда құндылығы сөз етілді. Біз, жоғары мектептің өкілі және елорданың халық қалаулысы ретінде «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне» байланысты Елбасы Жолдауын зор шынайы сезіммен қабылдадық. Бағдарламалық маңызы терең, тұжырымдамасы анық бұл Жолдау нәтижелі жұмыстарға бастайтынына сенімдіміз.
Президент әлемдік сын-қатерлерге төтеп беретін даму мен жаңаруды күн тәртібіне қоюы – бәрімізге елеулі міндет жүктейді.
Білім мен рухани жаңғыруға байланысты осыған дейінгі ізденістерімізді Елбасы нұсқаған дамудың жаңа мүмкіндіктері сапаландыра түседі деп санаймыз.
Жолдауда адам капиталына байланысты жаңа ұсыныстар айтылып, тың бағыттар көрсетілді. Соның ішінде педагогика саласы мен мамандықтарын сапаландыруға байланысты тұжырымдар, білім мазмұнын замана талабына сай құруға қатысты ойлар, жаратылыстану ғылымдары мен ақпараттық технологияларды озық жүйе аясында дамытуға қатысты байыптамалар сала мамандарының көкейінен шығып отыр.
Елбасының «білім беру саласын экономиканың жеке саласы ретінде дамыту керек» деген ойы да – жаңашыл және өзекті. Сондай-ақ университет ғылымына, жас ғалымдарды қолдауға қатысты маңызды тұжырымдар зор мүмкіндік туғызады деп сенеміз.
Жолдауда «жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау» тезисі ерекше айтылды. Сондай-ақ балалар технопаркі мен бизнес-инкубаторын қалыптастыруға байланысты Елбасы бастамасы елордадан өңірлерге дейінгі білім жүйесіне жақсы ықпал етеді деген пікірдеміз.
Барлық салада, әсіресе білім саласында отаншылдық, бәсекеге қабілетті білім, тәжірибе қай қиындықтан болсын алып шығады. Жолдаудағы мемлекет тілі бастаған үш тілді терең меңгеру жайы, орта мектептің білім мазмұны, кәсіптік білімнің әлеуеті, цифрлы білік, оқу жүйесін сапаландыруға жеке капитал тарту т.б. елеулі тұжырымдар саланың жаңа жағдайдағы дамуына кең жол ашады деп ойлаймыз.
Ербол ІРГЕБАЙ, Астана қаласы Оқушылар сарайының директоры:
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында халықтың тұрмыстық,әлеуметтік жағдайына ерекше мән берді. Оның ішінде білім беру жүйе сіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Елбасы сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсартып, баланың ақыл-ойы мен шығармашылық қабілеттерін, жаңа дағдыларын ерте бастан қалыптастыру керектігін де назардан тыс қалдырмады.
Президент орта білім беру жүйесінің мәні мен маңызына тоқтала келе, еліміздегі барлық мектептер Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту жүйесі мен әдістемесін толығымен қабылдап, білім сапасын жаңа арнаға бағыттау қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ оқушылардың мектеп қабырғасында мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімделіп, соған орай кәсіби мамандық таңдау керек екендігі айтылды. Бүгінгі қоғамда ең көп көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – Ұстаздар мәртебесі. Қалай дегенмен, құр сөзбен мұғалімнің абыройы мен құрметін арттыра қоймасымыз анық. Сол себепті, Елбасы күрмеуі қиын мәселені шешу үшін «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау қажеттігін айтты. Бұл өзекті мәселелердің нақты іс жүзінде қалай жүзеге асатындығын алдағы уақытта көретін боламыз.
Гаухар Алдамбергенова, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауы жетістікке жету жолын табу үшін нендей жұмыстар істелуі қажеттігін айқындау жолындағы маңызды әрі айтулы қадам. Елбасы жариялаған басымдықтар мен міндеттер Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық және технологиялық тұрғыда жаңғыртудың логикалық жалғасы іспеттес. Еліміз егемендік жылдарында үнемі жаһандық жаңа үрдістерді қолдап келеді. Мақсат – айқын. Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық әлеуетін арттыру. Биылғы Жолдауды әсіресе, еліміздегі ұстаздар қауымы зор қуанышпен қарсы алды.
Елбасы маңызды құжаттың «Тұрмыс сапасын арттыру» атты екінші басымдығында жоғары білім беруге қатысты, педагог мәртебесі жайында бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті. Атап айтқанда, 2019 жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылданады. Бұл – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болмақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керек деп есептеймін. Ол заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы керек. Жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылту керек. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін – мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін – мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса – мұғалімдер… Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі керек. Тынымсыз тексерістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы нарықта тек жоғары білім бере алатын жоғары оқу орындары қалу керектігін баса айтты. Расында да білікті, білімді кадрлар дайындауда және ғылыми жұмыстар жүйесінде университеттер үлкен маңызды рөл атқарады. Осыған орай отандық жоғары оқу орындары оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне басты назар аударып, әлемдік жетекші университеттердің сыннан өткен тәжірибесін пайдалануы тиіс деп ойлаймын. Бұл – қазақстандық жоғары білім беру жүйесін заман ағымына сәйкестендіруге негіз болады. Білім беру саласының қызметкері ретінде бізді Жолдауда маман даярлау сапасын арттыра түсуге айрықша көңіл бөлінгені де қанаттандырды. Иә, қазір аз да болса сапалы әрі сауатты маман даярлайтын уақыт келді. Бұл баяғы бір кездердегідей оқу орындарының топырлатып түлек шығаратын үрдісінің күні өтіп бара жатқанын байқатады. Мұның бәрі жаңаша ойлауға жатады. Ал жаңаша ойлау – қоғам санасының жаңғыруына басты тетік. Жолдаудың білімге қатысты құрмет көрсетуді үндейтін тармағынан туған ойлар бізді осындай тұжырымдарға жетелейді. Түптеп келгенде, сапалы білім – біздің жоғары оқу орындары мен мамандардың бәсекеге қабілеттігін арттырып, олардың осы саладағы іс-әрекеттеріне демеу болады. Бұл тұрғыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті білім мен ғылымды дамытуды, қыздарға педагогикалық білім беруді және белсенді азаматтық ұстанымды басты мақсат етіп келе жатқан оқу орны екендігін айтқым келеді.
Университет ұжымы Жолдауда көрсетілген міндеттерді саралап, тың ойлары мен идеяларын жүзеге асыруға ниетті. Бұл тарапта арнайы кешенді жоспар қабылданады. Ол Президент тапсырмаларының орындалуын, оқу орнында жайлы орта қалыптастыруын және оқытушылардың кәсіби деңгейін анықтауды қамтамасыз ететін болады. Мемлекет басшысы ұсынған Жолдау Қазақстан дамуының жаңа бағытын көздейді. Маңызды құжаттағы басымдықтар мен міндеттер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және технологиялық тұрғыда жаңғыртудың логикалық жалғасы іспеттес. Және ол ел дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес келеді. Сонымен қатар, Жолдау Қазақстанның әлемдегі технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделуіне сеп болады.

Тілеулес Сабырова, Алматыдағы №170 бөбекжай балабақшасының меңгерушісі:
Елбасы өзінің биылғы Жолдауында: «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек. Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады. Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет», – деп атап өткен еді.
Жолдау біз үшін жаңа белес және педагогтардың білім деңгейінің сапасының көтерілуі деп білемін. Құжат мектепке дейінгі білім саласының алдына елеулі міндеттер қойып отыр.
Қазір балаларымыздың сапалы және саналы тәрбие алу үшін, өте көп шаралар жасалып жатыр. Бұрын жалға беріліп немесе жекешелендіріліп кеткен мектепке дейін мекемелер қайтарылып, қайта білім ордасына айналуда. Солардың бірі Алматы қаласының Дорожник ықшам ауданындағы №170 балабақша. Мектепке дейінгі ұйымға кезектен тыс орын алу құқығы – сандық жүйемен қолға алынды. Open-Almaty жүйесімен электронды мәтінді хабарлама бойынша алынған жолдама арқылы балаларды балабақшаға қабылдау жеңілдетілген жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, балабақша kz.сайтында мекеменің ұжымдық жұмыстары көрсетіліп отырады.

Дана Ысқақова, Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры:
«Жолдауда «Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс», – делінген. Сонымен қатар, білім беру ісінде оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізуге баса назар аударылуда. Осыған орай, өзім жұмыс жасайтын дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқу әдістемесіне Кембридж бағдарламасы бойынша Назарбаев мектептерінің тәжірибесі енгізілді.Барлық сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына сатылап көшірілуде. Жаратылыстану-математика пәндерінің үш тілде оқытылуы жүзеге асырылуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде өткен оқу жылында бес оқушымыз республикалық, екі оқушымыз халықаралық білім байқауларының жеңімпаздары болғандығын мақтанышпен айта аламын.
Айта кетейік, білім саласында 2018 жылғы басымдыққа ие болған жобалардың бірі – «Тегін ІТ сыныптарын ашу». Бұл мақсатта Ақмола облысы мектептерінде 61 тегін ІТ сыныптары ашылды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылында облыс орталығы Көкшетау қаласында тұңғыш рет 900 оқушыға арналған қазақ тіліндегі ІТ мектеп-лицейі ашылды. Барлық заманауи технологиялармен жабдықталған мектеп-лицейінде оқушыларға ІТ саласында тереңдетілген білім беруге толық мүмкіндік бар. Оқушылардың бойында отансүйгіштікті, ұлтжандылықты, патриотизмді қалыптастыратын «Жас ұлан», «Жас қыран» атты клубтар жұмыс істейді. Алдағы тұрған міндеттердің бірі – «Сарбаз» бірлестіктерін құрып, әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту. Биылғы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алғаш рет облыстың 70 оқушысы Қызылорда облысының киелі жерлерімен танысу мақсатында саяхатқа барып қайтты. Бұл бастама – мектеп туризмін дамытудың алғашқы қадамы болып отырған жайы бар.

Аятжан Ахметжан, Республикалық «QAZBILIM» орталығының директоры:
«Жалпы, «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заң жайлы 2012 жылдан бері қарай тұрақты жазып келе жатқан адаммын. Арнайы заң керек деп мақала да жаздық, сұхбат та бердік. Оның сыртында Білім және ғылым министрімен екі рет кездесуде де менің көтерген мәселем – осы заңның қажеттігі болатын. Неге десеңіз, біздің қоғамда ең қатты жұмыс істейтіні – «Бала құқығы туралы» заң. Ал «Бала құқығы туралы» заңның кейбір тармақтарын өзінің оң жамбасына пайдаланатын бәлеқуғыш адамдар қаншама мектептегі дарынды мұғалімдердің обалына қалды. Сондықтан, ең алдымен «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заң қабылдануы керек. Онымен бірге, ол заңды «Білім туралы» заңдағы мұғалімге, бала құқығы мен отбасы, ата-ананың құқығына байланысты кейбір нормалармен сәйкестендіріп, толықтырулар енгізу керек.
Ең алдымен, мұғалімнің міндетіне кіретін және кірмейтін жұмысты ажыратып алу керек.
Екіншіден, ұстаздың құқы. Қазақта қақы мен құқы деген сөз бар ғой. Мұғалімдердің қақын қолмен ұстағандай міндеті деп белгілеп берсе, онда соған қарай құқы шығады.
Үшіншіден, ұстаздың статусы. Бұрын мұғалімнің оқушыға қол көтеретін жағдайы болып жатса, қазір керісінше оқушы мен ата-ана мұғалімге қол көтерген жағдай кездесе бастады. Мұғалімнің статусы белгіленуі керек міндетті түрде. Сонымен бірге, мұғаліммен жұмыс атқаратын мектеп директоры, мектеп директорының орынбасарының міндеті мен міндетті қабылдау ережелері заңда толыққанды көрсетілуі керек.
Мемлекеттік органдардың нені тексеруге құқы бар, нені тексеруге құқы жоқ. Содан кейін жұмысқа қабылдану шарттары, жүктеменің аз немесе көп болуы қарастырылса дейміз. Жұмыстан шығару туралы ереже болғанымен, оны да меніңше қайта қарау керек. Содан кейін мұғалімнің зейнет жасын да қайта қарау керек деп ойлаймын. Себебі, қазір компьютер заманында мұғалімдік жұмысты 40-50 жыл істеу, 60 жасқа келіп отырған мұғалімнің жұмысты жалғастыруы – өте ауыр дүние. Заңның тұтастығы үшін мұғалімдер бәрімен бірдей зейнетке шығу керек дейтін шығар. Бәлкім, 50 жастан жастан асқан мұғалімнің жүктемесін азайтып, ақшасын көбейту керек болар. Осы мәселенің белгілі бір нормаларын әзірлеу керек деп ойлаймын.
Қазақта жігіттің үш жұрты бар дейді. Өз жұрты, нағашы мен қайын жұрты. Жігіттің осы үш жұрты тату болмаса, шаңырағы шайқалмай тұрмайды. Ал мен дәл осы сөзді оқушыға қолданғым келеді. Оқушының үш жұрты – мектеп, ата-ана және қоғам. Бірақ, өкінішке қарай үш жұрт жауапкершілікті бір-біріне лақтырады. Үшеуі бірігіп бала тәрбиесімен шұғылданудан бұрын бірін-бірі кінәлауға дайын тұрады. Сондықтан, үшеуінің де мектептің, ата-ананың, қоғамның жауапкершілігі толыққанды іске асуы керек. Мысал келтірейін: баланың сабағы бітіп, мектептен шығып құдыққа құлап кетсе немесе ол көшеде біреумен төбелесіп қалса – мектеп таяқ жейді. Ал ол жағдайдың мектептің сыртында болғаны ескеріле бермейді. Соған жеттік. Сонда ата-ана қайда? Сондықтан, бұл жерде ата-ананың да жауапкершілігі міндетті түрде қарастырылуы керек деп ойлаймын.

Хазіретәлі Тұрсын, ғалым, тарих ғылымдарының докторы:
Мұғалім мәртебесін арттыру – адам капиталын құрметтеуге бағытталған құтты қадам. Ұстаздарға мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетілуі – көңіл қуантады. Бұл тұрғыда мұғалімдер де озық технологияны меңгеріп, білімін жетілдіріп, тәжірибесін арттырып отыруы қажет.
Елбасының қазіргі білім инфрақұрылымының базасында «Назарбаев Университет» үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру қажеттігін тапсырды. Мемлекет басшысы жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы екендігіне тоқталды. Себебі, нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Сондай-ақ, Президент жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілетінін тілге тиек етті.

Қамзаева, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемелкеттік университетінің оқытушысы, ғалым:
Қазіргі таңда мемлекет жас ұрпақтың әлеуметтік, зияткерлік, мәдени және экономикалық әлеуетін жүзеге асыру үшін жағдай жасау мақсатында шаралар, бағдарламалар жүйесін ұсынады. Бүгінде соңғы буын жаңа талаптарға бейімделіп, еңбек, саяси және құқықтық өмір сүру салаларындағы білім, нормалар, құндылықтар мен дәстүрлер жүйесін меңгеруі тиіс. Қоғамның дамуында жастардың рөлі зор. Олар ақылды, ынталы, жігерлі буын ретінде қалыптасып келеді. Осының арқасында жастар қоғамды нығайту мен жаңғыртудың қозғаушы күші болып табылады. Олардың қоғам өмірінің барлық салаларына қатысу моделі өзгерді. Жастар әрбір өзгерісті, әлеуметтік реформаны қолдайды. Қазақстан жастары – бұл әлеуметтік өзгерістердің маңызды субъектісі. Дәл солармен реформаланған ел болашақта мүмкін болатын өзгерістерді байланыстырады.
Менiң ойымша, бұл өте жақсы шешiм. Осы арқылы ол өзiнiң жастарға, бiзге деген үлкен сенiмiн көрсетiп отыр. Жастардың еңбектеуiне барынша жағдай жасалуда. Мен ұстаз ретiнде Елбасы бастауымен қолға алынып жатқан бағдарлама мен реформалардың барлығын қолдаймын. Мемлекет басшысы мұғалiмдердiң мәртебесiн көтеру, бiлiктiлiктерiн арттыру, еңбекақы, кадрларды даярлау мәселелерiне тоқталып, олардың төңiрегiнде қалыптасқан ахуалдар жайында дөп басып айтты. Еңбекақының көбейтiлуi туралы жаңалықты ұстаздар қауымы қуана қабылдағаны рас. Бүгiнгi ұстаздарға қойылатын талап – заманауи сұраныстарға сай болу. Жаңа технологияны меңгерген, кәсiби деңгейi қалыптасқан, жан-жақты дамыған, саяси сауатты, рухани бай ұстаздар жетерлік.

«Дәстүр» журналы

Бөлісу: