…Қазақ елі Ұлы Отан соғысы біткен соң он үш жылдан кейін ғана Рахымжан Қошқарбаевтың кім екенін алғаш білген. Ол кісінің ерекше ерлігінің көпке танылуына, кейінгі өмірінің басқа арнаға түсуіне бірден-бір себепкер адам – ата. Мұны біреу білсе, біреу білмейді. Көнелердің қатары азайып, көзі кеткен сайын, әсіресе кітап оқымай, ғаламторға емініп кіріп кеткен жастар бұл жағдайдан бейхабар.

      Рахымжан аға Қошқарбаевты ата бірінші рет 1958 жылдың алғашқы күндерінің бірінде өзіне сәлем бере келгенде көріпті. Майдангерлер тез-ақ тіл табысып, ұзақ әңгімелеседі. Атаның айтуынша, алғашында сөзін суыртпақтап бастап, бірте-бірте бөгеті ағытылған судай ақтарылып жан дүниесінде түйдек-түйдек болып түйіліп жатқан сырын да, ащы шынын да жайып салыпты. Рахымжан аға кете салып, ата Кәкімжан Қазыбаевқа телефон соғып: «Тез жеткін!» – дейді қатаң түрде. Ағасының бұйрығын екі етпейтін әдетімен ол кісі лезде жетеді. Аға келген заматта ата:

              – Журналиспін дейсің! Дипломым бар деп мақтанасың. Журналиске, ең алдымен, сезгір жүрек, көреген көз керек. Соғыс біткелі бері он үш жыл өтті, Рахымжандай тарихи адамды күні бүгінге дейін көрмей жүрген неғылған журналиссіңдер? Адам ерлік жасауды жоспарламайды. Ерлікті туғызатын сәт болады. Адамның жақсы қасиеті де, жасық қасиеті де соғыста, тап сондай сәтте көрінеді. Мұндай сәт адамның ғұмырына, керек десең ұрпақтан-ұрпаққа кететін өмірбаян, өсиет болып қалады. Рахымжан – сондай қиын-қыстау сәтте асыл қырынан көрінген азамат. Ол қыры – жасаған ерлігі. Тағдыр оның өмірбаянын сол сәтте жазды. Оның өмірбаяны – отпен жазылған өмірбаян. Мен де төрт жыл соғыстың небір қияметін көрген жанмын. Бірақ фашизмнің соңғы бекінісіне айналған Берлинді алғандағы соғыс, Рейхстагқа ту тігердегі сұрапыл соғыс – ол нағыз жойқын қырғын! Рахымжан – Жеңіс жалауын желбіретіп Рейхстагқа тіккен батыр. Осыдан артық сендерге – журналистерге атаңның басы керек пе? – деп тағысын-тағы «тұзды» сөздерді айтып, «қара баласын» қара терге түсіріп, сілкіген екен.

        Бұл әңгімені бізге Жан-аға өзі айтып беріп еді. Содан Кәкімжан аға архивтерді ақтарып, Рақымжан ағаның өзімен әңгімелесіп, 1958 жылы 21 ақпанда «Лениншіл жас» газетінде «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген очеркі шығады. Бұл – қазақ баспасөзінде Рахымжан Қошқарбаев туралы жазылған ең алғашқы мақала екен. Осы мақала жұрт назарын бірден аударады. Рейхстагқа ту тігу миллиондаған адамның өмірін әкеткен қанды қырғынның соңғы нүктесін қоюмен тең болған. Екінші Дүниежүзілік соғыстың адамзат тарихындағы соғыстардың ешқайсысына ұқсамайтын сұрапыл соғыс болғанын әлем біледі. Жаңбырша жауған оқтың астында 360 метр жерге, үйіліп жатқан өліктердің арасымен сегіз сағат жылжып, фашизмнің бір кездегі паң да тәкаппар ордасының керегесіне Жеңіс туын желбірету – бұл ақтық арпалыс болған. Сол туды бірінші болып 21 жастағы лейтенант Рахымжан Қошқарбаев пен 18 жастағы қатардағы жауынгер Григорий Булатов тіккен. Теңдесі жоқ бұл ерліктің шындығы қазақ елі ғана емес, одақтас республикаларға да таралған. Әрине, бұл жаңалық Кремльге ұнамайды. Өйткені ресми түрде ту тіккендер – Кеңес Одағының Батырлары, Сталин ұлтының өкілі грузин Мелитон Кантария мен орыс Михаил Егоров болып саналатын.

Зейнеп Ахметова, «Баманаты аманаты».

Бөлісу: