Биылғы жылы Ақмола облысын түгелдей аралап топонимиялық зерттеулер жүргіздік. Жинаған мәліметтер, жүргізген зерттеулер Еуразия құрылығының ортасында орналасқан Сарыарқа ұсақ шоқылы аймағының тарихы көне дәуірлермен байланысты екенін, бұл ғажап өлке қазіргі өркениеттерге алтын бесік болғанын дәлелдейді. Неге осы қыруар материалды қазақ жерінің тарихына қызығушылығы бар көпшілік оқырманға, соның ішінде тарихшыларға, мәдениеттанушылар мен этнологтарға, тіл саясатын жүргізетін мамандарға ұсныбасқа деген ой келді. Мүмкін Қазақстанның басқа аймақтарында да, әсіресе Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Өскемен жерінде де осы бағыттағы жұмыстарды жүргізуге жол ашармыз.
№1. Әуелі Арқа ұғымынан бастайық.
Қазақ халқының кеңістікті қабылдауы, адам мен кеңістік ара қатынасы, кеңістіктің адам дүниетанымына әсері әлі зерттелген жоқ. Бірақ қазақ мінезіндегі кеңдікті, мейірбандықты, қонақжайлықты, ерлік пен серілікті интеллектуал қауым өкілдері қашанда Сарыарқа, немесе Арқа ұғымдарымен байланыстырып келген. ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлы ақындары мен тарихшыларының шығармаларында сөз жоқ дала ойкуменасының, яғни Арқа жұрттың орталық бөлігі Сарыарқа ерекше орын алады, дәл осы аумақпен туған жер туралы дәстүрлі этникалық құндылықтардың негізгі элементтері (кір жуып кіндік кескен жер, атамекен, атажұрт) байланысты.
Біздің ойымызша алдымен «Арқа», өзге түркі халықтары «Арқа жұрт», ежелгі Антика әлемі «Аркадия» деп атайтын кеңістікке тиянақтырақ тоқталып өткеніміз дұрыс. Ежелгі тарих, ерте замандағы ұлы көші-қондар «Арқа» ұғымын тарихи-этимологиялық тұрғыдан талдағанда белгілі болады.
Мысалы: үндіеуропалық тілдерде «Arc» – доға (дуга), arcade – ғажайып мекен (пассаж, идиллия, утопическая страна)» түрінде аударылса, «arid» сөзі – шөлейт дала, далалық аймақ» (сухая степь, степные территории) дегенді білдіреді. Осыдан кейін үндіеуропалық көне тілдік нұсқалардағы «aries – қой (овен, овца), «ark» – Нұқ пайғамбар кемесі (Ноев ковчег) шығатыны түсінікті. Ең бастысы Арқа ұғымы қазақ жерін қола дәуірінде жайлаған аryan немесе жазба әдебиеттегі арийлермен (арийцы, страна арийская) байланысты болып шығады. Бұл сөздердің барлығы да қазақ тарихының арийлік кезеңіне қатысты, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі мыңжылдықтарға жатады, ал кейбір сөздер одан да ерте кезеңді нұсқайды.
Сонымен қазақ үшін қасиетті «Арқа», «Сарыарқа» сияқты негізгі жер-су атауларының өзі тым көне замандардан бастау алады және әлемнің көптеген елдерінің тарихына қатысы бар.
«Арқа жұрт» (өзге түріктерде және орыс тілді әдебиетте: «Арка юрт (йурт)») ұғымына Орталық Қазақстанның ұсақ шоқылы өңірін алып жатқан Сарыарқа қарағанда Еуразиялық далалық алқаптың ұлан-байтақ өңірі кіреді. Арқа даласының шекарасы туралы жазылған әртүрлі пікірлердің ішінде ең толығы біздің ойымызша Құрбанғали Халидтың кітабында кездеседі: «Арқа ұзынынан Алтайдан басталып, батыста Орал тауына дейiн, енiнен Қара Ертiс басынан Алтай етегiмен солтүстiкке тура Обь өзенi басына дейiн созылып, онан батысқа тартылып, Құшкөл, яғни Чаникөл мен Тегерек көлiн басып, Обь өзенi құйылысынан өтiп, Чилба бекiнiсi (Челябi) алдында Оралға жетедi. Арқаның шығысы мен солтүстiгi бір тура сызықпен белгіленген. Мұның солтүстігі Көшiм ханға қаратылып, Арқа қалмақтары осы сызықтан кесiп өз иелiктерiн бөлiскенi, бiтiм жасасқаны айтылады.
Арқаның батысы Чилбадан Орал етегiне, Обь суының құйылысына дейiн, онан шығысқа қарай Аягөздiң құйылысы мен Алакөлге келiп Емелмен өрлеп Ботамойнақ, яғни Үрқашар тауынан асып Сауыр, Сайқан тауларын басып Ертiске ұласады. Шамамен Арқа ұзынынан2500 шақырымнан асады. «Оңарқа», «Соларқа» деп iшiнара белгiлi жер өлшеулерi, атаулары бар. Тау елi мен ойелi деп т еажыратылады. …Арқаның ең батыс өзені Ор. Мұның құйылған жерінен төмені Арқаға есептелмейді. Сондай-ақ Ертістің Обь өзені құйған жерден төмені Арқаға есептелмейді. Обьтың да Құшкөл тұсынан солтүстік жағы Арқаға есептелмейді…Арқаның шығыстағы оңтүстiк шетi Емел өзенiне тiреледi…»(Халид Қ. Тауарих хамса. Алматы, 1992, 175-177-бб). Осы айтылған кеңістікті Еуразия құрылығының арқа- жоны десек жарасымды. Географтар бұл туралы өз пікірін айта жатар. Мәуреннахр елдерінің патша сарайлары да «Арк» атанатынын ескерген жөн, яғни дөңгелене келген еңсесі биік ғимарат. Арқа даласы мен Түркістан оазисі арасындағы өте ерте заманда туған қазақ этногониялық аңыз-ертегілерінде жиі кездесетін кеңістікті Бетпақ дала алып жатыр. Мысалы «Алаша ханның баласы Жошы хан» аталатын әңгімелер циклында хандар туралы баян «Бетпақ далада Таңбалы Нұра деген жер бар» деп басталады. Сол жерде жар жиегінде тасқа қашалып салынған таңбалар бар. Қазақтың үш жүзінің баласы таңба жөнінде дау болса сол жерден келіп қарасады және анықтайды. Айтуға қарағанда «бұл таңбалар Алаша ханның заманында салынған» (Қара: Артықбаев Ж.О. «Таңбалы тас»-қазақтың тасқа түскен шежіресі//Қазақ тарихы.-2004.-№4. 3-10 бб.; №5. 10-14 бб.). Түркістаннан әрі жоғарыда айтылған Жиделі-Байсын жұрты басталады, біздің пікірімізше өткен заманда бұл ұғым тек Қазіргі Тәжікстанның Пяндж бойындағы жерлерін ғана емес, сонымен бірге Өзбекстан қос өзен аралығының (Мәуреннахр, Трансоксания) көп бөлігін алып жатты. Егер біз тым көне заманғы немесе ортағасырлық тарихты ақтаратын болсақ қазіргі Ақмола облысы аймағы тұрғындарының осы аталған Жиделі Байсынмен де, Батыс әлемімен де тығыз қарым –қатынаста болғанын көрер едік. Ақмола облысын түгелге жуық аралап шығатын Есіл өзенінің бастауына жақын орналасқан Қараөткел тіпті ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейін меридиандық сауданың ірі орталығы болды.
Жамбыл Артықбаевтың фб парақшасынан