Өмірге риза болып, алғыс айт!
халық даналығы

Мақсаты: Оқушылардың «сыйластық» құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері:
• Ризашылық пен алғыс туралы түсінік беру;
• Үлкен – кішіге деген сүйіспеншілігін, сыпайылық қарым-қатынасын дамыту;
• Әдептілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеу;

Ресурстар: слайд, суреттер;

І.Ұйымдастыру бөлімі:

 Психологиялық дайындық
 Ширату сұрақтар
 Проблемалық сұрақ

ІІ.Жаңа сабақ.

Мұғалім сөзі: Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар, қонақтар, және оқушылар!
Бүгінгі мерекеге орай өткізілгелі отырған ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!

— Қайырлы күн, балалар!
— Көңіл күйлеріңіз қалай!
— Бүгінгі күніміздің қандай болғанын қалайсыздар?!
-Бүгін бізде ерекше күн.
— Ал неге ерекше күн?
— Бүгін, Ризашылық және Алғыс айту күні.

— Елбасымыз 2016 жылдың 14 қаңтарында ҚР –ның «Мерекелер туралы заңына» өзгерту енгізіп, 1-наурыз –алғыс айту күні деп жариялады.

— Адам өзінің өмірге келгеніне қуанып, риза болады. Қолындағы барын қанағат тұтып, осының да бар болғанына рахмет деп алғысын білдіреді. Алғыс пен ризашылық білдіру өзіңді, өмірді, өмірде барды бағалаудан басталады.

СЛАЙД:
• Ендеше балалар өмірге ризашылығымызды білдіріп, мына өлең жолдарын бәріміз бірге айтайық.
Ризамын бүгінгі күнге,
Ризамын ата — анама,
Ризамын қасымда бірге жүрген достастарыма,
Ризамын саған!
Ризамын, ризамын!,

• Ширату сұрақтары.
Оқушылар ары қарай мен сендерге сұрақ қойғым келіп отыр. Бұл сұрақтарға бір сөзбен жауап беріп көрейік. (жарайсыңдар)
• Жаңа ақпарат.

*Балалар, енді сендер экрандағы венн диаграммасына назар аударыңдар.
Мен сендерге РИЗАШЫЛЫҚ және АЛҒЫС сөздерін беріп отырмын. Бұл екі сөздің ұқсастығын және айырмашылығын табу керек (балалар айтады)

• Анықтамалар
• Проблемалық сұрақ.
Балалар, бүгін біз бір-бірімізге алғыс айтып, тілектерімізді білдірейік. Алғыс айтып ризашылық білдіруге кімдер лайықты екен?!

Оқушылар өз алғыстарын айтады: 1.Еліме сансыз алғысым Халқы үшін салған бар күшін. Елбасы салған дара жол, Руханиатқа мәңгі шың!

2. Күнменен айы алмасып,
Кеш батып сосын таң атқан.
Мың алғыс дейміз АНАҒА,
Ақ сүтін бойға таратқан!

3. Айтамын алғыс ӘКЕМЕ,
Тірегім болып табылған.
Тек жақсыны табасың,
Бойымдағы қанымнан!

4. Арайлы таңға рақмет!
Көрсеткен маған күн көзін,
Қызарған күнге рақмет!
Өткізген сәтті күн үшін!

5. Дос деген асыл қазына,
Сезімді шексіз үдеткен.
Әуеннің салып сазына,
Рақмет айтам жүректен!

6. Күндіз-түні еркелеткен күнім деп,
Əрқашанда мейірім төккен күлімдеп.
Ақ жаулығы желбіреген әжетай,
1000 алғысын айтады күнің кеп!

7. Немере ыстық екен баласынан,
Аташым, артықсың сен бар асылдан.
Алғысымды бір өзіңе жаудырамын,
Көзіңнің санадың артық қарасынан!

8. Ұстазым — сөзің асыл баға жетпес,
Əр сөзің мың жыл жүрсе дəмі кетпес.
Шəкіртін баласындай қадірлеген,
Ұстаздарыма 1000 алғыс!

9. Анаға шексіз рахмет!
Ақ сүт берген, толғатқан.
Әкеге айтам мың алғыс!
Ұрпақтар жібін тарқатқан.
Бауырға туған рахмет!
Қолдаған, сүйген, жұбатқан.
Ұстазға ұлы рахмет!
Нәрімен білім сусатқан.
Балалық досқа рахмет!
Қуанған бірге мұңдасқан.
10. Халқыма туған рахмет!
Шыңдаған, елге танытқан.
Қазаққа дархан рахмет!
Салт-санасын сіңірген.
10. Жеріме байтақ рахмет!
Таза ауа үшін сімірген.
Барша әлем, саған рахмет!
Әр күнім үшін кешірген.

Мұғалім:
Шәкірттерім, болашағым арманым,
Қанат қағып биіктерге самғағын.
Сендерсіңдер болашағы елімнің,
Шексіз алғыс айтамын мен сендерге! -деп менде сендерге алғысымды білдіремін.

Құрметті, оқушылар, қонақтар! Бүгінгі сабағымызды Сара Алпысқызының айтқан ғибрат тілегімен қорытындылайық.

«Қымбатты балалар, мен — Анамын, Әжемін! Мен еліміздегі барлық балаларды өз баламдай жақсы көремін! Сендерді үлкендердің өнегесін ғасырларға жалғайды деп сенемін!
Ата — аналарыңа, айналадағы адамдарға мейірімді болыңдар! Жүректеріңде өмірге, ата — аналарыңа, ең жақын адамдарыңа, Отанға, елге деген бауырмалдық, сүйіспеншілік бүр жарып, махаббатқа, достыққа ұласады. Бір — бірлеріңе риза болып, алғыс айтып жүріңдер.» —
С.А. Назарбаева.

Балалар, жылы сөз, қайырымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдеріңді ещқашан ешкімнен аямаңдар, «Рақмет» деген жақсы сөзді жиі айтыңдар!
Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасағысы келіп тұратынын естеріңе сақтаңдар!
Әлемде бейбітшілік болсын!

Аятхан Манира,
Міржақып Дулатұлы атындағы мектеп — гимназиясының өзін — өзі тану және қазақ тілі пәнінің мұғалімі
Нұр — Сұлтан қаласы

Бөлісу: