Алыптар адасса ақырзаман болады, алыптарымыз адаспасын

Латын, Latyn. Латын алфабиті

Аса қадірлі әріптес академиктер мен кормүшелер, жасымның үлкендігін пайдаланып сөз алып отырмын, сіздердің жазбаларыңызға тоқталып жатпаймын, неге екенін сөз соңында ұғасыздар. «Көп сөз – бос сөз» болмас үшін, бірден нақты әңгімеге көшейін. «Жетілдірілген» сіздер тарапынан мақтау-мадақ алып отырған әліпбидің 95%-ы кезінде біріңізге аға, біріңізге ұстаз болған акад. Әбдуәли Қайдаров (Қайдари) негізін қалаған, содан бері отыз жыл бойы мен (біз) насиқаттап келе жатқан «Ұлттық әліпбидің» толық үлесі. Әліпбидің бұл тұсына тоқталмаймын, бұл тұста дау да, талас та жоқ, сол отыз жыл бойы толық қолдап, насиқаттап келе жатқандардың бірі – менмін.

Әттең, Әбекең тағы 2-3 жыл аман тұра тұрғанда бүгінгідей ары тарт-бері тарт болмайтын еді. Біздей емес, абырой-атағы, тағылымды ықпалы бар жан еді ғой. Тіптен «Қайдаров әліпби құрастырған жоқ» деп, әруақтан қорықпай, жалған сөйлеп отыр мақтаулы әліпбишілеріңіз (жоғарыға жазған жауабын қараңыздар). Сіздер, мүмкін, бейқабар боларсыздар, латын әліпбиіне көшу керектігін алғаш көтерген де, «Ұлттық әліпбидің» жобасын алғаш ұсынған да Әбекең болатын. Әбекеңнің әліпбиі тасқа басылған, жоғалып кеткен жоқ, мен өз басым алғаш бір жоба, кейіннен пысықтай түсіп екінші жоба дайындағанын, тіптен Елбасымыздың атына жолдағанына дейін анық білемін. Әбекеңнен тәрбие-дәріс алғандардың әлі көзі тірі, осында.

Жарайды, қадірлі әріптестер, «жетілдірілген» әліпбиді алдарыңызға жайыңыздар, әрбір «жетілдірілген» бабын нұқып отырып сөйлесейік.

– біріншіден, жетілдірілген әліпбиді құрастырушылар «бір дыбыс – бір таңба» ұстанымын басшылыққа алдық дейді, алайда ереже жайына қалып отыр. Өйткені кирилл еміле сол күйінше көшірілген. Осындағы ұу/үу, ый/ій дыбыс тіркестерін бір таңбамен у, и деп белгілеп беріп, оларды дауысты дыбыстар деп, ӘЛІППЕДЕН бастап жалған үйретіп келеміз. Төменгі кестелерде кирилл, жетілдірілген және ұлттық үлгілерін көрнекілік үшін салыстырып беріп отырамын. Кезінде, атын атамай-ақ қояйын, «жетілдірілген» әліпби жетекшілерінің бірі «Дауыссыздан кейін тұрған қазіргі /и, у/ әріптерінің құрамы [ый/ій, ұу/үу] түрінде таратылып жазылады» деп, жарияланымды тайға таңба басқандай етіп қолымызға ұстатқан еді, жарияланым жан-жақты сарапталып үкіметке тапсырылған үш жылғы ғылыми-зерттелім есептің өзі болатын.
Кестелерге қарай отырыңыздар, «Ұлттық әліпби» үлгісі и, у әріптері қос дыбыс тіркесінің таңбалары екенін ақиқат көрсетіп тұр. Оның басқаша айтылым түсініктемесі жоқ, қазақтар осылай сөйлейді.

кирилше су ту бу қу у
жетілдірілген su tu bu qu u

ұлттық suw tuw buw quw uw

кирилше ми қи жи ти и
жетілдірілген mi qi ji ti i

ұлттық mɪy qɪy jɪy tiy iy

– екіншіден, әлеми жазу дәстүрі бойынша дауыссыз дыбысты дауысты дыбыстың таңбасымен белгілеуге болмайды, кәні, қай тілден мысал тауып бере аламыз? Соған қарамай қазақтың ауа, тау дегендегі дауыссыз «у» дыбысы (кирилл таңбамен шатастырып жүрмеңіздер) дауысты «u» таңбасымен жаңсақ белгіленіп отыр, Дұрыс ретін тағы да ұлттық жоба көрсетіп отыр.

кирилше ауа әуе ауу сауу
жетілдірілген aua äue auu sauu

ұлттық awa äwe awuw sawuw

– үшіншіден, қазақтың жіңішке әуезді «і» дауысты дыбысын дәйекшісіз (ноқатсыз) әліп «ɪ» таңбасымен белгілеуге болмайды. Ол таңба жуан әуезді дыбысты білдіреді. Ахаңның (А.Байтұрсынұлының) дәйекші теориясына кереғар шешім болып отыр. Өздеріңіз қолдап-қолпаштап отырған умлаут шешім қайда қалды? Жалпы «умлаут» Ахаңның дәйекшісінің қызыметін атқарады. Оның үстіне кійім [kiɪm] дегенде дауыссыз дыбыс жойылып кетіп, екі дауысты іі[iɪ] болып орынсыз тіркесіп тұр.

кирилше и: [i] киім иіс
жетілдірілген і [ɪ] kiɪm iɪs

ұлттық и: [iy] kiyim iyis

– төртіншіден, орыс тілінің созылыңқы и[i:] дауысты дыбысы мен қазақ тілінің й[y] дауыссыз дыбысын (тіптен, дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбысты) бір таңбамен белгілеуге еш болмайды. Ондайды әзір көргеніміз жоқ. Мұның емілеге еніп кеткелі тұрған бейсауат қайшылық екенін естен шығармау керек.

и[i:]
й[y] [i]

– бесіншіден, дауыссыз дыбыстың халықаралық [y] таңбасымен дауысты «ы» дыбысын белгілеуге бомайды. Қазақтың «ы» дауысты дыбысының өзіндік [ɪ] таңбасы бар.

й [y] ≠ ы [ɪ]

– алтыншыдан, Ахаңнан келе жатқан дыбыс таңбалау жүйесі бар. Бұл жерде сол жүйе бұзылып, дауыссыз «у» таңбасы дауыстылардың қатарына, ал жуан әуезді «ɪ» таңбасы жіңішке әуезді дауыстылар қатарына еніп кеткен, сөйтіп бүкіл дыбыс жүйесі де, әріп жүйесі де айқыш-ұйқыш бұзылып тұр. Ендеше әуез таңбалар жүйені бұзбай өз орындарында тұру керек болады.

жетілді-рілген a o u y
ä ö ü ɪ

ұлттық a o u ɪ
ä ö ü i

Осы жердегі екі бұрыс шешімді дұрыстауға тура келеді: дауысты ы[ɪ] дыбысын дауыссыздың «у» таңбасымен белгілеуге болмайды; жіңішке әуезді і[i] дыбысын дәйекшісіз жуан әуезді «ɪ» таңбасымен белгілеуге тағы болмайды. Дұрысында таңба (әріп) дәйекшісі жоқ болса жуан әуезді, бар болса жіңішке әуезді білдіреді. Басымызды иіп отырған «умлаут» Ахаңның дәйекшісінің қызыметін ғана атқарып тұр.

– жетіншіден, қазақ тілінде сөз ішінде буын дауысты дыбыстан басталмайды. Кезінде Ахаң атап көрсетіп кеткен тіл заңдылықтарының бірі еді, енді сол ереже жаппай бұзылып жатыр. Кирилл мен жетілдірілген нұсқаны ұлттық үлгімен көрсетіп отырмыз.

кирилше қи-ын ми-ы и-і
жетілдірілген qi-yn mi-y i-ɪ

ұлттық qɪ-yɪn mɪ-yɪ i-yi

кирилше су-ық ту-ыс у-ыс
жетілдірілген su-yq tu-ys u-ys

ұлттық su-wuq tu-wus u-wus

– сегізіншіден, қазақ тілінің (түрік тілдерінің) мызғымас заңдылығы бар: егер алғашқы буын жіңішке әуезді болса, онда келесі буын да (буындар да) жіңішке әуезді болады. Үндесімі бұзылып тұрған буындарды көрнекілеп көрсетуге тырыстық. Бірінші буындағы жіңішке «и» дыбысын көріп отырған балаға келесі буындардың неге жуан әуезді болып кеткенін қалай түсіндірерсің??? Бірінші буынды жіңіше әуезбен айтып, келесі буындарды жуан әуезбен айтып әлек болады ғой. Бала тілі оған да жаттығады, сөйтіп ол бала өскенде қазақ тілі ғасырдан келе жатқан үндесім әуезінен айырылып шыға келеді ғой. Тілді қолдан жойғалы отырмыз.

кирилше жи-ЫН ми-Ы и-ЫҚ
жетілдірілген ji-YN mi-Y i-YQ

ұлттық ji-yi şi-ye i-yin

– тоғызыншыдан, қайталауға тура келеді, қазақ тілінің (түрік тілдерінің) мызғымас заңдылығы бар: егер алғашқы буын жуан әуезді болса, онда келесі буын да (буындар да) жуан әуезді болады. Үндесімі бұзылып тұрған буындарды көрнекілеп көрсетуге тырыстық. Бірінші буындағы жуан әуезді «ы» дыбысын көріп отырған балаға келесі буындардың жіңішке әуезін қалай түсіндірерсің??? Бірінші буынды жуан әуезбен айтып, келесі буындарды жіңішке әуезбен айтамын деп тағы әлек болады ғой. Бала тілі оған да жаттығады, сөйтіп ол бала өскенде қазақ тілі ғасырдан келе жатқан үндесім әуезінен айырылып шыға келеді ғой. Бірте-бірте тіл жойылады деген осы болады.

кирилше СЫ-ни ҚА-жи Ұ-ли
жетілдірілген SI-ni QA-ji U-li

ұлттық sɪ-nɪy qa-jɪy u-luy

– оныншыдан, әліпби мен еміле тек сауат ашудың құралы емес, тілде дауысты мен дауыссыз, буын мен тасымал, сөздің үндесім әуезі, түбір мен қосымша бар екенін білдіретін тілтанымдық құрал болу керек. Осы тұрғыдан ең қарапайым оқи, оқу сөздеріне морфологиялық талдау қажет болды дейік. Бұл қазақ тілінің фонетика-грамматикасын оқытудағы басты талап болып табылады ғой. Енді қарайық, бала оқи деген сөзден көсемшенің жұрнағы деп «и» әрібін алып тастайды, ал оқу деген сөзден тұйық рай көрсеткіші деп «у» әрібін алып тастайды, сонда сөздің түбірі «оқ» болғаны ма??? Балаға «оқ» деген бұйрық райлы етістік бар деп қалай түсіндіресің.

кирилше оқи оқ→и оқ…
жетілдірілген oqi oq→i oq…

ұлтттық oquy oqu→y oqu

кирилше оқу оқ→у оқ…
жетілдірілген oqu oq→u oq…

ұлттық oquw oqu→w oqu+w

Көріп отырғанымыздай, осының бәрі — бала түгілі ересекті де, тіптен ана тілінің мұғалім-ұстаздарын жаңылдыратын жаңсақтықтар. Жаңа латын жазуына көшкенде кирилдің осы іспеттес жартыкеш емілесін ала кетпесек екен деймін ғой.
Жазу ықшам, икемді, қысқа болу керек дегеннің бәрі – бос сөз. Жазу тілдің фонетика-грамматикалық (сөз құрамындағы дыбыс, буын, әуез т.б. заңдылықтарын) құрылымын бұзбай, керісінше, айтылымын дұрыс сақтаудың амалы болу керек. Ол үшін кейде күрделі еміле-ереже қажет болады. Әлемде еміле-ережесі оңай тіл жоқ, қазақ тілі соның бірі.

Жазбаларыңыздың соңында екінші жақтың пікірін «субъективті» деп бағалапсыздар, салғыласып жатпаймын. Төрелігін сауат ашудың бастау көзінде тұрған мұғалім-ұстаздарға қалдырайық. Өйткені әлеуметтік желіде көзі ашық ұстаз-мұғалімдерден емілеге түсініктеме сұраған өтініштер қылаң бере бастады, бұл – тек басы. Мысалы, бірі «жануар дегенде у дауыссыздан кейін тұр, сондықтан ол дауысты болады» десе, екіншісі «жоқ, у дауыстының алдында тұр, сондықтан ол дауыссыз болады» деп, таласып жатса, енді бірі «сиыр», «алуа, тәрбие, әулие деген сөздерді буынға бөле алмай жатырмыз» деп шарқ ұрып жатыр. «aida» дегенді қалай оқимыз «аида» ма, «айда» ма деп жатыр, алты әріптен тұратын «äuejai» деген сөздің құрамында бес дауысты тұр, бұл қалай, дұрысы — [äwejay], сөз құрамында үш дауысты, үш дауыссыз тұр (мысалдар ФБ-тан алынды). Мұның бәрі қазіргі бейрет кирилл әліпбиіміз бен бейберекет кирилл емілеміздің салдары, сол күйінде көшіріп отырмыз, кирилл емілемен тұмшаланған жазу тәрбиеміз тұтасып тұр, сең жүрер емес. Ұлттық әліпби жаңғырудың елесі де жоқ.

Жазбаларыңыздың мазмұнына қарағанда, «Ұлттық әліпби» дегеннің не екенінен бейқабар көрінесіздер. Сондықтан таныстыра кетейін, қосымша мәтін-өрнек те беріп отырмын. Сіздерді үгіттеп отырған жоқпын, осындай да жоба бар екенін біле жүріңіздер дегенім ғой (кестені қараңыздар).

Осы мәтін-өрнектен «дауыссыздан кейін дауысты, дауыстыдан кейін дауыссыз» болып жүрген дыбысты, буын жігі мен тасымал ретінің теріс үзілгенін, сөздің жуан-жіңішке әуезінің бұзылған тұсын, түбір мен қосымшаның жалған тіркесін тауып бере аласыздар ма, жоқ, таба алмайсыздар. Бұл, академик-кормүшелер, бәріңіз кезінде бастан кешкен ӘЛІППЕ деңгейіндегі сауат ашу ғана, ар жағындағы фонетика-грамматикалық деңгей қалай болады – бір тәңірім біледі… Сөз соңында қызық үшін: мақтаулы әліпбидің-ережесі бойынша академик-кормүше деген [äkedemik-körmüşe] жазылады, дайын болыңыздар.

Ұлттық әліпби
№№ кирилл латын аталуы        №№ кирилл латын аталуы
1 А а A a а                                    15 Н н N n ны
2 Ә ә Ä ä ә                                    16 Ң ң ың
3 Б б B b бы                                 17 О о O o о
4 Д д D d ды                                18 Ө ө Ö ö ө
5 Ғ ғ Ğ ğ ғы                                  19 П п P p пы
6 Г г G g гі                                   20 Р р R r ыр
7 Е е E e е                                    21 С с S s сы
8 Ж ж J j жы                                 22 Т т T t ты
9 З з Z z зы                                   23 У у W w ұу
10 Й й Y y ый                                24 Ұ ұ U u ұ
11 Қ қ Q q қы                                25 Ү ү Ü ü ү
12 К к K k кі                                 26 Ш ш Ş ş шы
13 Л л L l ыл                                 27 Ы ы I ı ы
14 М м M m мы                             28 İ i İ i і

Қазақ тілінің орфоэпиялық мәтін-өрнегі:

ABAY JOLΙ (üzіndі).
Üş kündik joldɪŋ bügingi, soŋğɪ künine bala şәkirt barɪn saldɪ. Qorɪqtan kün şɪğa atqa mineyik dep asɪqqan-dɪ. Bunɪ qaladan alɪp qaytqalɪ barğan ağayɪnɪ Baytastɪ da taŋ atar-atpasta özi oyatɪp turğɪzɪp edi. Kün uzɪn attan da tüspey, özge jürginşilerden oq boyɪ alda otɪrğan. Key-keyde özine tanɪs Kök-üyirim men Buwratiygen, Taqɪrbulaq sɪyaqtɪ qonɪs-qudɪqtardɪŋ tus-tusɪna kelgende bala oqşaw şɪğɪp, astɪndağɪ jaraw qula bestisin ağɪzɪp-ağɪzɪp ta aladɪ…
-Mɪna balanɪŋ awɪlğa asɪğuwɪn-ay!

Nursultan Nazarbayev (üzіndі)
…Asqaq Alatawdɪŋ bawrayɪ alma men qɪzǧaldaqtɪŋ «tarɪyqɪy otanɪ» ekeni ǧɪlɪmɪy turǧɪdan dәleldengen. Qarapayɪm, biraq bükil әlem üşin özindik mәn-maŋɪzɪ zor bul ösimdikter osɪ jerde bür jarɪp, jer jüzine taralğan. Qazaqstan qazir de әlemdegi alma atawlɪnɪŋ arğɪ atasɪ — Sibers almasɪnɪŋ otanɪ sanaladɪ. Dәl osɪ tuqɪm eŋ köp taralğan jemisti әlemge tartuw etti. Bәrimiz biletin alma – bizdegi almanɪŋ genetikalɪq bir türi…

Q-J. Toqaev (üzіndі)
Qazaq tiliniŋ memlekettik til retindegi röli küşeyip, ultaralɪq qatɪnas tiline aynalatɪn kezeŋi keledi dep esepteymin. Biraq munday dәrejege jetüw üşin bәrimiz daŋğaza jasamay, jumɪla jumɪs jürgizüwimiz kerek. Sonday-aq, til ülken sayasattɪŋ quralɪ ekenin umɪtpağan jön. Keler jɪlɪ atalɪp ötetin mereytoylar men elewli oqɪyğalarğa dayɪndɪq jumɪstarɪ bastaladɪ. El ömirindegi osɪnday elewli oqɪyğalar jas urpaqtɪ nağɪz otanşɪldɪqqa tәrbiyelewge jol aşadɪ dep senemin.

Әлімхан Жүнісбек,  филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Бөлісу: