Н.А.Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде «Жүздеген жылдар бойы сыртқы күштердің қыспағында болған қазақ қоғамы үшін ең алдымен ұлттық «Мен» дегізерлік қасиеттің қорғаны ретіндегі дәстүрдің ролі әсіресе зор»[1]. Соған орай, қазіргі кездегі еліміздің ғарыштап даму кезеңінде, дәстүрді қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесіне сай, әдет-ғұрып заңдарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің тәсілі мен қалқаны ретінде пайдалану қажеттігі туындайды.

Қазақтың әдет-ғұрып құқығын, пән ретінде заң оқу орындарында оқытудың және жастар арасында түсіндірудің маңыздылығын, мақсатын, академик Салық Зиманов айтқандай, «көне болмыстық» ішкі сипатына үңілумен бірге, оның о бастан адамның табиғи құқықтары мен еркіндігіне негізделген құндылығын ашу, оның тұла бойының адами құндылықтарға тұнып тұрған өнеге екендігіне жастардың көзін жеткізуге мүмкіндік беретіндігінде болып табылады, деген [2].

Қазақ қоғамының тарихындағы шындықтың негізін анықтауға: Біріншіден, ғасырлар бойы шаң басқан тарихты қайта жаңғырта отырып, оны шыңдық сатысына көтеру мен қатар, кеңестік тарихнамада қалыптасқан отаршылдық, буржуазиялық және кеңестік кезінде дәстүрге айналған «Қазақстан мешеу қалған», «Жабайы, патриархальды феодалдық ел болған» деген көзқарастардың шындыққа жанаспайтындығын дәлелдеу.

Екіншіден, жастарға көшпелі өркениетті адамзат тарихында болған десек, онда оның өзіндік ерекшеліктерімен толастай түскен байтақ аймағы Ұлы Дала аталып,жер шарының Орталық Азиялық бөлігі саналатын және сол кездегі осы аймақтағы елдердің этникалық мағнада Тұран Түркістан деп аталғанын түсіндіру.

Үшіншіден, қазақтың көне құқығы, ұлан-ғайыр «Еркін» аймақта орналасқан, түркі тілді көшпелі өркениеттің жол туындысы әрі мәдени жемісі, әрі мұрасы екендігін білдіру болып табылады.

Қазақтың әдет-ғұрып құқығы XIII  ғасырда өмір сүрген, Шыңғысханның сенімді адамы «Орда биі» болған Майқы бидің кезінен басталады. Осыған орай «Түгел сөздің түбі бір түп атасы Майқы би» деген ел арасында даналық сөз қалған.

Қазақ құқығының қайнар көзіне «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғы» атты құқық нормаларының жиынтығы жатады. Сонымен қатар, атақты билердің үлгілі сот шешімдері, жұртқа тараған бітім, шешім, жүгініс үлгілері мен «Ереже», «Жарғы» жатады.

Қазақ тарихындағы XVI ғасырда билік құрған хандардың ішіндегі ұлылық атаққа лайық біреу ғана, ол Қасымхан болды. Себебі, Қасымханның тұсында қазақ хандығының саяси экономикалық жағдайы нығайып, әскери құаты артты. Қасымхан қазақтардың «Жарғы» заңдарын билермен кеңесе отырып құрды, мемлекеттілікті қалыптастырды.Халық Қасымханның сол кезде шығарған құқық нормаларын «Қасымханның қасқа жолы» деп атаған.Ол заңдарға жататындар: мүлік заңы (мал,жер дауын шешу); қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал шабу,мал талау,жаза қолдану); әскери заң (қол құру); халықаралық қатынастар заңы (жұртшылық заңы, ас-той,ережелер) жатады. Бұл заңдар жетілдіріліп «Есімханның ескі жолы» деп атанды. Ал Тәуке ханның кезінде «Құлтөбенің басында болған арнайы кеңесте» Қасымханның  Қасқа жолының бес тарауына екі тарау қосылып, үш жүздің дана билері Төле би, Қазбек би, Әйтеке би «Жеті жарғы» Заң жинағын қабылдады. Онда тұңғыш рет, қазақтың әдет-ғұрып құқығы нормаларының жинақтары —  «жолдар» дайындалып тегіс қамтылған.

Көшпенділердің әдет-ғұрыптық құқық нормалар жүйесінің ресми өмір сүру нысандарының ең жетілген түрі – «Жарғы». Ол билер биліктерінің жалғасы және келесі бір сатысы. «Жарғы» жазу кезінде жаңа нормалардың кіруіне ерекше көңіл бөлінгенін байқаймыз. Себебі, хандық билік нормаларының кей бөліктерін жинап, сұрыптап,өңдеп елге жариялаған. Яғни «Жарғы» мемлекеттік биліктің құқық түзу функциясының өсіп, дамып жаңа сатыға көтерілген кезінің көрінісі болып табылады.

«Жолдарға» қарағанда, «Жарғыда» шариаттың әсері көп болғандығын байқаймыз. Бұл кез, ислам дінінің жойыла бастаған уақытына сай келеді.

«Жеті – жарғы» мазмұны жағынан үш бөліктен және бірнеше саладан тұрған. Бірінші,әрі негізгі басты салаға жер дауы жатады. Өйткені жер-ақша, мекен, кіндік жұрт, отан,отбасы. Екінші сала – үйшілік,тіршіліктегі сыйластық, байланыстық, әке мен бала, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, үлкен мен кіші арасындағы сыпайгершілік, ата-анаға деген құрмет, жастарды тәрбиелеу,баулу сияқты инабаттылық, имандылық шаралары. Жарғының үшінші саласына ұрлық-қарлыққа, барымта-сарымталарға кедергі қойылып, қалың бұқараны адалдыққа шақырған, еңбекпен күнелтуге бейімдеген заңдар тізбегі кіреді. Төртінші салаға ел мен ел, халық пен халық, ру мен ру арасындағы дау-дамайды әділдікпен шешуге арналған. Бесінші салаға ел бірлігін сақтау, отанын, елі мен жерін қорғау, сыртқы жауға тойтарыс беру, жасақтар құрап, сардарлар сайлау, жауапкершілік  негізінде, мемлекеттік ірі оқиғалаларды қамтыған ереже – қағидалар, заңдар мен тәртіп үлгілері, жөн-жосық түрлері енгізілген. Алтыншы сала түгелдей құн дауына арналғандығын байқаймыз.

Қазақ хандарының мемлекеттік нысандағы аумағын кеңейтудегі әскери және бейбіт  жолмен іс жүзіне асырылған щаралармен қатар, сол кездегі, ең маңызды роль атқарған құбылысқа «Қазақ» деген сөздің әлеуметтік саяси этнонимдік мағынаға ие болуы және оның көшпенділер бірлестігінің ұранына айналып қабылдануында. Көрнекті зерттеуші, ғалым В.П.Юдиннің пікірінше «Қазақ» атауы батырлықтың,өжеттіліктің, төзімділіктің көрінісіне айналып, кейбіреулерге тіпті үрей туғызғандығын және соның нәтижесі, олар туралы аңыздардың пайда болып, әсер еткендігін, өмірлерінің өлең жырға айналғандығын жазуы [3].

Сонымен, еркіндік аңсап, басқа рулар ортасынан қоныс аударған, қашып шыққандар ер жүрек ру бөлшектері «Қазақтар» аталған.

Ал қазақ хандығы мемлекеттілік нысанның алғышарттары ретінде қалыптасып, қазақ халқының ұлт деңгейіне көтерілуіне ықпал еткен айтарлықтай күш болды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Назарбаев Н.А. Тарих толқынында.Алматы,1999, 229 б

2.Қазақтың ата заңдары.А.2001.15б.

3.Юдин В.П. Центральная Азия в XIX-XIII веках глазами востоковедов.А.2001. с.149

Төкіжан  Ағдарбеков,  ҰҒАЖА академигі, заң ғылымының  докторы,профессор

 

Бөлісу: