Қазақтың әнін Италияның атақты әншісі қазақша орындапты. Димаштың әсерімен дейді. Ол біздің Димашпен бірге ән салғысы келеді екен. Керемет қой. Мына заманда еңсеңді көтеретін жаңалық. Тас жүректі жібітіп, көңіліңді босатады екен. Қандай ән, қандай тіл!
Зар-наланың тасасына жасырынған қазақтың асқақ рухы жатыр бұл әнде…
Жаттың тақымындағы асаудай қалай-қалай шапшиды. Сонау он алтыншы жылдың аласапыранында Омбыға жаяу жақындап қалған атамыздың қасіретін мына әнші қалай жүрегімен түсінген десеңші. Оны әннің кейбір мәні зор, мағанасы терең иірімдерін алғандағы дауыс дірілінен аңғардық. Рас, кейбір сөздерге тілі сәл келіңкіремей тұр. Бірақ, сонысының өзі өзіміздің шала қазақтардан әлдеқайда артық. Жарасып тұр. Тыңдасын дүние, әні арқылы қазақ тілінің құдіретін! Сезсін сұлулығын…
Міне, қазақтың тағы бір әні миллиондардың жүрегіне жетті. Қайран қазақ әні, өз топырағында төрге озбаған қазақ тілі қашан өз мәртебеңді алар екенсің!
Қолымда билік болса осы әншіге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алдағы желтоқсанда беріп жіберер едім. Осы күндері онлайн концерт ұйымдастырып, Президенттің құттықтауымен өткізсе, біздің елге қандай пиар болар еді. Болашақта біздің басқа да әндерімізді орындауы мүмкін ғой. Туларымызды көкте тулатып, оны сол концерт кезінде экраннан жарқыратып көрсетіп, бораттарға соққы берудің жаңа бір түрін осылай жасаған дұрыс!!!
Қ.Бегмановтың фб парақшасынан