Болашақ мамандығын – бала өзі таңдау керек….

Қазіргі таңда жоғарғы сынып оқушыларының көпшілігі мамандық таңдауда қиналады, себебі еңбек нарығына қажетті  мамандықтар туралы ақпаратты нақты білмейді. Міне, бір жылды артқа тастап кезекті ҰБТ-ның уақыты жақындап қалды. Оқушылардың алдында «қайда барамын, кім боламын?» деген сұрақ күнделікті мазалайды.  Мамандық таңдау бұл үлкен өмірге қадам басу. Мектеп түлегі осы сұрақтарға ойланғаны дұрыс, «осы мамандық маған не үшін керек?», «мен осы салада жұмыс істей алам ба?», «бұл мамандықтың қыры мен сыры қандай?». Осы сауалдарға жауап беру үшін, біз мектеп түлектерін ЖОО оқу орындарына  және колледждерге ашық есік күндеріне апарамыз. Кәсіби бағыт-бағдар  беретін мамандар оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, керекті мәліметтер береді.   Дәстүрлі түрде арнайы  9 сынып оқушылары үшін  колледж мамандарын шақырып мектебімізде «Мамандықтар жәрмекенсі» өткізіледі. Осы жерде айта кететін бір мәселе ,мамандық таңдау кезінде ата-ананың рөлі басымырақ түсіп жататыны бесенеден белгілі.  Ата-ананың ұсынған мамандық иесі болу құлқы бар ма, жоқ па онымен санаспайтын болдық.  Кейде оқушылардан қандай оқу орнын таңдадың деп сұрай қалсаңыз «мамам дәрігер боласың деді» деген жауап аласыз. Бала өз қалауымен сүйіп таңдаған мамандық  болмаған соң, ол да сол мамандыққа жеңіл қарап, әйтеуір бітіріп шығады. Дипломды ата-анасына әкеліп береді. Ол бала оқып шыққан мамандығы бойынша жұмыс жасамайды , басқа жұмысқа орналасып. «Әйтеуір жалақы алып жүрсе болды» деген көзқарас туындайды.  Қорыта келе,  өз жұмысын тыңғылықты орындай алмайтын, оның байыбын аяғына дейін толық түсінбеген жас мамандар барлық салада жұмыс істеп жүр және жұмыс нәтижесін көріп жүрміз.

ҰБТ мен оқуға түсер алдында мектеп түлектері мен олардың ата-аналарына кеңес:

«Құрметті ата-ана! Балаға қысым жасап жүйкесіне зақым тигізбеңіздер. Бала  онсыз да шамасына қарай алдағы сынаққа дайындалып жүр. ҰБТ-дан төмен балл алып қалып жатса, ол баланың өмірінің біткенін көрсетпейді. Көбіне бала тек ата-ананың үмітін ақтай алмадым, деп қиналып  қалады.  Осы уақытта балалардың қасында болып , оларға өзіміздің махаббатымызды көрсете білейік. Бұл жолдың соңы емес…!»

Самал Шабкенова,    «Міржақып Дулатұлы атындағы № 68 мектеп-гимназия» КММ директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Бөлісу: