dasturkb.kz. Қазақстандық репродуктивті мамандар коронавирус сперматозоидтарды өлтіреді деген қорытындыға келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Олар қауіпті инфекциясы бар отбасылардың арасында талдау жүргізді. Нәтижелер көңіл көншітпейді. 20 жағдайдың үшеуінде сперматозоидтар нөлге дейін төмендеген. Оны қайта жаңарту оңай емес дейді мамандар.
Репродуктивтік орталықта еркек ұрығын толығымен зерттейді. Бір үлгіні тексеруге кем дегенде жарты сағат уақыт кетеді. Сарапшылардың пікірінше, сперматазоидтардың өлі болуы көбінесе коронавируспен ауыратындарда кездеседі.
«Коронавирусқа шалдыққан үш ер адам біздің бағдарламаларымыздан өтті. Бір адамның сперматозоидтар саны күрт төмендеді, екеуі мүлдем жоқ болып шықты. Бұл бізді қатты қорқытты, өйткені бұған дейін оларда мұндай көрсеткіш ешқашан болмаған», — дейді халықаралық клиникалық репродуктология орталығының директоры Вячеслав Локшин.
Вирустың ерлер денсаулығына әсер ететіні туралы алғаш рет қытайлық ғалымдар айтқан болатын. Кейінірек американдық зерттеушілер өз әріптестерімен келіскен. Қазақстандық дәрігерлер де бұл қорытындымен келіседі. Өкпе және қан тамырларымен бірге вирус жыныс мүшелерін зақымдайды. Мұндай соққыға кез келген ер адам төтеп бере алмайды. Алайда ковидтің репродуктивті мүшеге қаншалықты енетіндігі және болашақ ұрпаққа қалай әсер ететіні әлі күнге дейін түсініксіз.
«Мұның немен тікелей байланысты екендігін айту қиын. Вирустың өзі әсер етеді немесе бұл бүкіл иммундық жүйенің, қанайналым жүйесінің қайталама реакциясы. Вирус әлі жеткілікті деңгейде зерттелген жоқ. Вирустың енгізілуіне жауап ретінде пайда болатын бұл реакция, әрине, әйелдердің де, ерлердің де репродуктивті жүйесінің көрсеткіштеріне өте жаман әсер етеді», — дейді уролог-андролог Юрий Лавров.
Дәрігерлер коронавирустан болған бедеуліктің ұзаққа созылмайтынын айтады. Бұл шамамен бір айдың ішінде емделеді.
Ғалымдардың айтуынша, сперматозоидтар шамамен үш айда бір рет толығымен жаңарады.