«Өкпесүт» – ғұрыптық мәні бар тағам

5572
Сурет интернеттен алынды

Өкпесүтғұрыптық мән бар ұлттық тағам түрі. Оны бір-біріне өкпелеп жүрген ағайынды татуластыру немесе отбасындағы түсініспеушілікті тарқату үшін жасы үлкен әйел адам әзірлейтін болған.

Ақсақалы бар үлкен отбасы береке-бірлікті нығайту үшін ренжіскен адамдарды қонаққа шақырып, осы тағамды ұсынған. Сүтке дәмдеуіш пен тұз қосып, 3-4 литр сүтті өңеш арқылы өкпеге толтыра құйып,  өңешті байлап, баяу отта ұзақ пісірген. Тағам дайын болғанша үй иесі ренжіскен екі ағайынның қызықтарын айтып, бұрынғы есте қалар естеліктерді еске алып, ағайынның татулығы жайында өнегелі әңгімелер өрбітіп татуластыруға тырысқан.

Әсілі, адамдардың арасын жарастырушы болудың өзі оңай іс емес. Ондай адам өзге үшін шынайы жанашырлық танытып, риясыз көңіл бөліп, уақытын жұмсап, керек болса мал-мүлкін де сарп етуді қажет етеді. Қазақтың «сөз сүйектен өтеді» деген сөзіне орай, қаншама ажырасу алдында болған ерлі-зайыптылар өзгенің бір ауыз насихат сөзімен қайта қосылып, араздасқан туыстар татуласып, ренжіскен екі дос пен екі әріптестер қайтадан ымыраға келген, адамзат тарихында соғыс алдында тұрған екі тарап келісім жасасқандығы белгілі.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисте адамдардың арасын жарастырушыға берілетін сауап жайында: «Кімде-кім екі адам арасын жарастыратын болса, Алла Тағала оған (жарастыру үшін) айтқан әр сөзіне бір құлды босатқандай сауап береді», – деген. Тағы бір, Хадисте: «Момын-мұсылман (басқа бір) момын-мұсылман бауырының айнасы», – делінген. Яғни, кімде-кім мұсылман бауырының қателікке бой алдырғанын, не болмаса өзгемен араздасып, екеуара ренжісіп жүргендерін байқайтын болса, ондай жағдайда бауырына қол ұшын созып, насихатын айтып, екі тарапты жарастырып жіберген абзал. Осыған орай, сауабы мол осы ізгі амалға әрқайсымыз атсалысып, айналамызда байқап қалған араздасып жүрген адамдарды жарастырып, оларды татуластыруға қолдан келгенше амал етіп, Алланың ризашылығына бөленейік!

 Материалды дайындаған Әйгерім Тастанова,

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері.

 Тағы да оқыңыздар: https://dasturkb.kz/syldyrlatsa-tiyndy-zho-altarsy-syjy-dy/2021/

https://dasturkb.kz/b-ldirshinni-tili-kesh-shy-sa/2021/

https://dasturkb.kz/enshi-beru-salty/2021/

Бөлісу: