Өткен аптада Таразда Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына орай өткен жақсы бір шараға бардық. Ол жайлы журналистер кеңінен жазған болар. Маған қатты әсер еткен нәрселер не? Сонымен…
Ең біріншісі — Зейнеп апамның түске дейінгі Абай атындағы кітапханада өтетін кездесуге бармас бұрын, ең алдымен, атасының ескерткішіне арнайы барып үш рет сәлем жасағаны. Негізгі шара түстен кейін ескерткішке гүл қою рәсімімен басталып батыр атындағы орталықта өтетінінен ұйымдастырушылар хабардар етті. “Өзге жұмыстарыңда шаруам жоқ, кездесудің алдында бес-он минутқа «Жеңіс» паркіне апарыңдар, ата ескерткішіне барып тағзым еткен соң жұмысыма кірісем. Атамды “ренжітер” жайым жоқ, жолым болмайды, әйтпесе. Атаға соқпай өз тірлігіммен кетсем не болғаны?”- деп быж-ж ете қалған апамдікі жөн. Атасына тартқан келіннің айтқанын ұйымдастырушылар да екі етпеген.
Шынымен, ары қарай бәрі ретімен кете берді.
Екіншісі — Бауыржан Момышұлының бір кездегі театрдың қасында тұрған ескерткішінің арнайы көшіріліп, өз орнын тапқаны, мәңгі оттың әсері. Бұл парктен жоғалған рухыңды табасың! Намысыңмен қауышасың! Жігеріңді жанисың! Бұл паркке келген адам әскери адамша еңсесін тіктеп, бірден бойын жинап алады. Өйткені батыр ескерткішінің артындағы “қалың қол”, яғни облыстан Ұлы Отан соғысына аттанған майдангерлер тізімі жазылған Момышұлының мәңгі жас “солдаттары” ұрпағының енжарлығын, болбырап-солбыраған жүрісін кешірмейді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа шара соңында осындай ғажап парк үшін, Бауыржан Момышұлы атындағы орталықтың бар болғаны үшін Ким Серікбайұлы алғыс айтқанда Бердібек ағаның жауабы жүректі аунатып жіберді. Бердібек Сапарбаев:
— Әкімдердің кейде өзіне дейінгілердің жасаған ісін көзге ілмейтіні бар. Бұл паркті көркейткен, осы орталықты салғызған — Асқар Мырзахметов! Асқардың арқасы! Оның осы еңбегін айтуымыз керек, бағалай білгеніміз жөн. Асқар Мырзахметовке рақмет! — дегенде жиналғандар да дүркірете қол соқты. Зал бір сәтте теңселіп кетті.
Міне, ұлылықты осындай екі мысалдан көрдім. Шынында да, атасының атын баттитып атап тасыраңдайтын келін де, барлық жұмысты тек өзінен ғана бастағысы кеп тұратын атқамінер де толып жатыр ғой. Ал бұл жерде ең бірінші қазақылық бар, кішілік бар, өз менталитетінен асып кетпеу бар!
Өкінішке қарай, еліне нағыз еңбек етер, қазаққа берері мол шағында Асқар Мырзахметов қызметтен шеттеп қалды. Жаныңды тырнап, жүрегіңе бататыны да — осы! Кие кезген, рух орнаған, намыс жайылған паркке жиналғандардың ішінде Ауған соғысының ардагері депутат Бақытбек Смағұл да болды ғой, Асқардай ағасын іздер, табар. Шын іздеп табар…
Бөлісу: