Қазақ халқы наурыз мейрамында жеті түрлі дәннен наурыз көже жасайды
Жеті түрлі дән: бидай, ет, сүзбе-қатық, су, тұз, бұрыш және көк (пияз).
Бұл жеті дән – адамзат болмысындағы жеті әлемнің кие тектері болып табылады: бидай – жер ана дәні; қатық – ақ дәні; ет – қызыл дәні; су – тәңір дәмі; тұз – ас дәмі; бұрыш – от дәні; пияз – көк (жел, ауа) дәні.
Осы жеті дәнді дайындаған кезде, адамзатының табиғат заңдылықтары мен үйлесім табу диалектісі мұқият сақталады. Онда, адамзаты табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, табиғат пен және бір-бірімен гормониялық келісімде өмір сүрген жағдайда ғана қоғамда үйлесім болып, жасампаздыққа қол жеткізетіндігі ескерілген. Наурыз көженің құндылығы, оның түпкі мәні және құпия сыры да осында жатыр.
1.Жаратушының адамзатқа ең алғашқы бұйыртқан дән – бидай көшеті. Ас атасы нан болу себебі де содан. Сондықтан ырыздық несібесінің келер жылы да мол болуын тілеген адам, күзгі бидайды қамбаға салған кезде келер көктемдегі Ұлыстың ұлы күніне бағыштап, Наурыз көженің бидайын дайындап қояды. Ондағы ниет Жер-ананың ырыздық несібесін үзбей келер көктемгі ұлыстың ұлы күнгі киелі асына қосу.
2.Мал тойынған, сүт қойылған күзгі соңғы сүттен сүзбе қатық сүзеді. Бұдан кейін мал суалады. Бұл осы жылдың соңғы сүтінен дайындалған – ас дәмінің падишасы, ас құнарының маңызы және келер жылғы наурыз көженің ас дәмі. Мұндағы ниет, ақ дәннің маңызын келер жыл басындағы асқа қосу. «Ақ дәнің үзілмесін, ақ босағаң бүлінбесін» деген тілек.
3.Қазақ халқы мал әбден тойынған, еті құнарланған кезде қараша айында қыс азығын дайындап соғым сояды. Соғымды үлкен дайындықпен, айдың аты, күннің сәтін ескере отырып ниет етіп, құран бағыштап сояды. Етті бұзып сорғытады да ас дәмдерімен тұздап, ыстап кептіреді. Бір неше жас малдың етін бүктеп, жас қалпында сақтап қояды. Оны жазғытұры мал арыған кезде, жас сорпа керек болған жағдайда пайдаланады. Соғым етін бұзған кезде жөн білетін, бойы таза, ыспар адам үй иесінің талабымен әр кәделі жілікті өз жөн жоралғысына сай дайындайды. Онда: ауыл ақсақалы, ата-жетесі, сыйлы қонағы, құда жекжаты түгел ескеріледі. Келер Наурыз мейрамындағы Ұлыстың ұлы күні киелі қара қазанға салынатын кәделі жіліктер бағышталып, ерекше дәмделіп тұздалған соң ысталып белгілі мөлшерде кептіріледі де абдыраға салынып сары майдай сақталады. Міне бар гәп осында жатыр. «Түтінім-өшпесін, дәмім үзілмесін» деп ұрпақ жалғастығына ерекше мән беретін халық табиғатпен және бір-бірімен гормониялық келісімде ырымдарын жасайды, жөн-жоралғыларын істейді. Жалпы қазақтың соғымы үлкен мән, мағыналы, ғылыми негіздегі халал пайымды әрекет. Малды Аллаһуакпар деп соя салғаннан, ол халал тағам бола қалмайды. Әрине міндетті түрде таза жерде дәретімен Аллаһуакпарын айтып ниет етіп бауыздап, қанын әбден шығару шарт. Мәселе ет мүшелегеннен кейін жасалатын алғашқы технологиялық процестерде жатыр. Жаңа сойылған малдың еті тірі ағза, оны маңызды азық-түлікке айналдыратын жаңағы технологиялық процестер болып табылады. Наурыз көженің ерекше дәмін келтіретін де – дұрыс дайындалып жақсы сақталған кәделі жілік еті мен сүзбе қатық қоспасы және жақсы түктеліп сақталған бидай дәні. Бұл жердегі ниет Алланың бергеніне шүкір етіп, мал жаны айдан аман, жылдан есен өтсін, бір дәні бір дәніне жетсін деген тілек.
4.Ас тұзы – киелі зат. Шығыс халықтары тұзға жеңіл-желпі қарауға, үстел үстіне, жолға төгуге болмайды деп кие тұтады. Иодталып сақталған ас тұзы тағамның дәмін келтіруші ғана емес, сақтау, түрлі зиянды микро ағзалардан қорғауға да пайдасы мол.
5.Қара бұрыш, қалампыр, бұлар дәмдеуші және қасиетті зат болып саналады. Сондықтан сақтайтын етке салады. Наурыз көжеге қасиетті зат ретінде ырыммен қосады.
6.Көк жемісі (пиязы, зәйтүн) сарымсақты біз ас дәмі ретінде қабылдаймыз. Шынтуайтында ол ас дәмдеуші ғана емес, ағзаға өте қажетті, қорғаушы және аурудан сақтаушы зат.
7.Су мен дәм – адам жаны. Адам ағзасының 75- 80 пайызын құраушы судың өзі тірі ағза. Барлық ақпаратты сақтаушы өмір өзені. Жаңағы алты дәнді Ұлыстың ұлы күніне қалай бағыштап, қандай ниет тілекпен сақтаған ақпарат да осы суда. Бұл жердегі еске алатын жағдай судың табиғи таза тірі су болуы өте маңызды. Осылай табиғат заңдылықтарымен үйлесімді дайындалатын Ұлыстың ұлы күнінің маңызды асы – Наурыз көже тағамтану ғылымының талаптарына да сай келеді.
Сансызбай ӨНЕРХАН,«kult.fora» Рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтар» ҚҰ төрағасы, «Табиғи тағам-Табиғи емдеу» Nn-Nt-Service» инновациялық жоба жетекшісі.