Қожа Ахмет Ясауи сынды Ұлы тұлғаның түркі халықтары тарихы мен мәдениетіндегі орны қандай, неге оның есімі түркі халықтарының жадынан ерекше орын алады деген сұраққа әлі ешкім жартымды жауап бере алған жоқ. Ол заңды да. Өйткені, Қожа Ахмет дәуірінен кейінгі 800 жыл халық жадындағы көптеген мәліметтерді шайып кетті. Ал, жазба деректер болса, жоққа тән. Тек, «Диуани Хикмет» қана көңілге медеу. Соңғы жылдардағы ізденістер нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикметтен» өзге де шығармалары болғандығы белгілі болып отыр. Мысалы, Шайх Хұдайдад ибн Ташмұхаммед азизан ал-Бұхари жазған «Бустан ал-Мухиббин» атты шығармада Қожа Ахмет Ясауидің «Фатава-и танбих» атты шығармасы болғандығы туралы дерек бар. Одан басқа «Мират ал-қулуб», «Рисала» сияқты шығармалар да Қожа Ахмет Ясауидің қаламынан шыққан деген дерек бар. Бірақ, бұл шығармалардың Қожа Ахмет Ясауидің белді шәкірті Мұхаммед Данышманд Зарнуқи тарапынан жазылғандығы туралы айтылатын деректер барлығын да ескеруіміз керек. Әрине, бұл шығармаларда негізінен сопылық туралы, ұстаз бен шәкірт ара қатынасы тағы басқа сопылыққа қатысты мәселелер айтылады да, тарихи мәліметтер жоққа тән.
Қожа Ахмет Ясауи мен оның шәкірттері, ол салған сопылық жол — йасауийа тариқатының силсилалары (тармақтары) туралы деректер біздің тарапымыздан жақында ғана ғылыми айналымға енгізілген, «Насаб-нама» нұсқаларында, Өтеміс қажының «Шыңғыс-нама», «Темір-нама» сияқты шығармаларда ғана кездеседі. Қожа Ахмет Ясауи туралы бұлардан өзге шығармалардың барлығы дерлік XV ғасырдан соң нақшбандийа тариқаты шайхтары тарапынан жазылған дүниелер. Бұл шығармалардағы бұрмалаулар Қожа Ахмет Ясауи туралы тарихи шындықтың бетін бүркемелеп, ол туралы қате көзқарас қалыптастырды. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи тәлім алған ұстаздары мен рухани қайнарлары туралы қазіргі күні көпшілікке белгілі деректер тарихи шындыққа сай келмейді. Сондықтан, Ясауи туралы зерттеулер бағытын жаңадан айқындау — бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Өйткені, Ясауидің рухани мұрасы XІІ-ғасырдан бастап түркі халықтарының тарихи тағдырында шешуші роль атқарған рухани күшке айналды.
Орта ғасырларда «Пир-и Түркістан», «Ясауи Ата» атанған Қожа Ахмет Ясауидің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі орнын анықтау үшін, ислам дінін қабылдаған түркі халықтарының XІ-XІІ ғасырлардағы мәдени-рухани даму үрдісіне көңіл аудару, оларды талдау қажеттігі туады. Олай етпейінше, Ясауидің түркі халықтарының тарихи тағдырындағы орнын анықтау мүмкін емес. Түркі дүниесінің рухани даму баспалдақтарында «Ясауиге дейінгікезең», «Ясауиден кейінгі кезең»- деген кезеңдердің болғаны анық. Оны мына мысалдардан көре аламыз.
VІІІ ғасырдың екінші жартысында исламның оппозициялық бағыты — қайсанийа-мубаййидийа ағымын қабылдаған түркілер, өздерін сол кезеңнен бастап мұсылман санайды. Одан кейінгі кезеңдерде ислам орталықтарынан шегінген басқа да рухани ағымдар да түркілер арасына тарала бастады. Олардың ішінде исма‘илийа ағымы, ислам орталықтарынан шеттетілген шафи‘ийлер де бар еді. 951 жылы Сатұқ Бұғра Абд ал-Карим ханның исламның традиционалдық бағытын қабылдауы әр түрлі рухани ағымдар арасындағы ғылыми бәсекелестікті күшейтті. Ол ғылым мен білім дамуының негізгі қозғаушы күші болды. Әсіресе, мубаййи дилер тарапынан ашылған жаңалықтар бүкіл ислам әлемінде мойындалып жатты. Біріншісі мубаййидилердің Құранды символды-аллегориялық жолмен түсіндіру туралы ілімді жасауы болды (‘илм та‘билат ал-Құран). Бұл ілімді рационалдық негізде түсіндіру араб филологиясы пәндерінің дамуына үлкен әсерін тигізді. Әбу Наср әл-Фараби бұл қиын жағдайдан шығудың басқа жолын тапты. Ол Алланың даналығын танудың рационалдық жолы — Хикма иләхийа ілімін жасады. Ол үшін әл-Фараби мубаййидилер арасында «Екінші ұстаз» атанды.1 Түркілер ислам дінін тек тұтынушы емес, сонымен бірге ислам ғылымы мен мәдениетін жасаушы күшке айналды. Сыр бойынан қалаларынан шыққан ғұламалар ислам ғылымы мен мәдениетіне өздерінің қомақты үлестерін қосты.
Түркілердегі исламдану процесі, ғылым мен білімнің дамуымен бірге түркілердің дәстүрлі мәдениетінен, тілінен ажырау процестері қатар жүрді. Дін тілі мен ғылым, білім тілінің араб тілі, мемлекет тлі мен әдебиет, мәдениет тілінің парсы тілі болуы, парсы мәдениеті ықпалының артуына әкелді. Оған дәлел ретінде түркілер арасынан шыққан жүздеген ғұламалардың өз шығармаларын тек араб тілінде жазғанын келтіруге болады. Өз еңбектерін түркі тіліәнде жазған санаулы ғана кісілер бар. Олар — Жүсіп Баласағуни, Махмуд Қашғари, Ахмет Йүгнеки, Қожа Ахмет Ясауи. Махмуд Қашғаридың «Диван луғат ат-түрк» атты еңбегінің жазылуы, түркі тілінің жойылып кету қаупінен туған сияқты. Бүкіл Орталық Азиядағы биліктің түркілер қолында болуына қарамастан, халық арасындағы парсылану процесі тоқтамады. Оның үстіне X ғасырдан басталған бүкіл ислам әлеміндегі тоқыраушылық, Түркістан жеріне де жеткен болатын. Әр түрлі рухани ағымдар ықпалында болған Қарахандықтар мемлекеті бірнеше майда иеліктерге бөлініп кетті. XІІ ғасыр басында Қарахандықтар мемлекеттерінің қарақытайлар билігін мойындауы — осы тоқыраушылықпен тікелей байланысты еді. Осындай түркі халықтарының рухани, саяси дағдарысқа ұшыраған кезінде Қожа Ахмет Ясауи тарих сахнасына шықты. Өз дәуірінің бүкіл ауыртпалығын, түркі халықтарының рухани дағдарысқа ұшырау себептерін толық сезінген Қожа Ахмет Ясауи, түрік халықтарын ислам діні аясында өз рухани-мәдени дербестігін сақтап қалуға мүмкіндік беретін жол -сопылықтың түркілік бағытын дүниеге келтірді. Халық Ясауи ілімін бірден мойындай қойған жоқ. Түркістан қаласының бұрынғы имам-хатибы Абд ал-Қадыр қари қолындағы көне қолжазбада Ясауидің Түркістанда 30 жыл бойына өз замандастарынан қорлық көргені, халық оны көрген жерде таспен атқылағаны айтылады.2 Тек ,жалғыз ұлын өлтіргеннен кейін ғана халық оның жолының дұрыстығын мойындап, соңына ереді. Билеушілер де қолдау көрсете бастайды. «Насаб-нама» нұсқаларында жергілікті билеуші Қайу Тегіннің Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті Мұхаммед Данышманд Зарнуқи ханкасына Өгіз тау мен Қарашық арасындағы 200 қостық жерді уақыф етіп бергендігі туралы айтылады.3 Ал, шәкірттері болса, сол дәуірдің өзінде түркі әлемінің көп жеріне жайылып үлгереді. Сүлеймен Бақырғаниды Үргеніш уалайатына, Мұхаммед Данышманд Зарнуқиды Отырарға жібереді.4 Өзімен аттас шәкірті Ахмет сопыны Қаялық еліне аттандырады.5 Халық қайтадан түркілікке бет бұра бастайды. Дін тілі де, мемлекет тілі де, мәдениет тілі де қайтадан түркілік сипат ала бастайды. Бұл туралы Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде мынадай жолдар бар:
Қоштамайды ғалымдар біздер айтқан түркіні.
Білгендерден есіткіл, ашар көңіл мүлкінің.
Аят, хадис мағнасы түркі болса муафиқ.
Мағынасына жеткендер жерге қояр бөрігін.6
Қожа Ахмет Ясауидің сопылықтың түркілік бағытын жасауы, түркілердің рухани дербестікке ұмтылуы ислам әлемінің барлық жерінде қолдау таба қойған жоқ. Әсіресе, Хорасан мен Үргеніш ғұламалары Ясауи жолына қатты шүйлікті. «Диуани Хикмет» пен «Насаб-наманың» Қоқан нұсқасында Хорасаннан Баба Мачин мен Үргеніштен Имам Марғузи келіп, бұл жолдан қайтуды талап еткендігі, бірақ өздері Ясауимен болған ілім жарысында жеңіліп, өздерінің соңында Ясауиге шәкірт болғандығы айтылады.7 Бұл рухани тіке-тірестің соңы XІІІ ғасыр басында Хорезм шах Мұхаммедтің Түркістан мен Мауараннахрды билеген Қарахандықтар билігін жойып, өз мемлекеті құрамына қосып алумен аяқталды. Араб тарихшысы Йақут Хамавий өзінің «Му‘жам ал-булдан» атты еңбегінде Мұхаммед бин Текештің Түркістан мен Мауараннахрды жаулап алғанын, Қарахандықтар билігін толығымен жойғанын жазса,8 ал, «Насаб-нама» нұсқаларында Отырардың Қарахандық билеушісі Хасан ибн Абд ал-Халық Білге ханды Үргеніш сұлтаны Мұхаммед сұлтан келіп өлтіргені, оның орнына Қайыр ханды хан қойғаны, Қайыр ханның нәсілі қаңлы екені жазылған.9
Бұдан кейінгі кезеңнің Шыңғыс хан шапқыншылығына ұласқаны, ол бүкіл Евразия құрлығын түбегейлі өзгерістерге ұшыратқаны тарихтан белгілі. Осы шешуші кезеңде йасауийа шайхтары Шыңғыс хан жағында болды. Оған дәлел ретінде Қожа Ахмет Ясауи шәкірті Мұхаммед Данышманд Зарнуқидың Шыңғыс хан кеңесшісі болғанын, өзінің туған қаласы Зарнуқты Шыңғыс хан әскеріне қарсыласпай берілуге көндіргенін айтуға болады. Шыңғыс хан ол қалаға «Құтлығ балығ»- деп, ат қояды.10
Осыдан араға жүз жыл салып, Ясауи жолы Алтын Орда мемлекетінің мемлекеттік идеологиясына айналады. Ол мемлекеттің тек мемлекеттік идеологиялық бағыт-бағдарын ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің бүкіл құрылымдық жүйесіне өзгерістер енгізеді. Қазіргі қазақ халқы құрамындағы рулық, тайпалық, жүздік құрылымдардың басы осы Ясауи жолының Алтын Орда мемлекетінде мемлекеттік идеологияға айналуымен байланысты екендігін қазақ шежірелерінен айқын көруге болады. Шежірелерде қазақтың үш жүзінің арғы атасы -Өзбек хан. Өзбек ханның үш ұлы — Байшора, Жаншора, Бекшора. (Басқа шежірелерде — Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс).11
Алтын Орда мемлекетінде Ясауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерген Өзбек хан. Өзбек ханды ислам дініне мойын бұрғызған йасауийа тариқатының шайхтары, Зеңгі Ата шәкірттері — Садр Ата -Баба Туклас(Баба түкті Шашты Әзиз), Бадр Ата, Саййид Ата, Ұзын Хасан Ата.12 Тарихшы Құрбанғали Халид болса, Өзбек хан мен оның ұлы Жәнібек ханның Алтын Орданы үш ұлысқа бөлгенін айтады.13 Демек, бұл келтірілген мысалдар қазіргі қазақ халықы құрамындағы жүздік, тайпалық рулық құрылымдардың пайда болуы Алтын Орданың исламдануымен, йасауийа тариқатының мемлекеттік идеологияға айналуымен тікелей байланысты екендігін көрсетеді. Бұл құрылымдардың пайда болуы Алтын Орда мемлекетінің исламдануымен байланыстылығын қазақ рулары мен тайпалары басындағы «сопы», «қожа», «шора» атауларынан да, ол құрылымдардың жай этникалық бірліктер емес, идеологиялық рухани бірлікке негізделгенін көруге болады.
Йасауийа тариқатының мемлекеттік идеологияға айналуы, мемлкеттің құрылымдық жүйесін өзгертуі, мемлекетті басқару жүйесіне де түбегейлі өзгерістер әкелді.
Бұрынғы монғолдардың үкімет концепциясы бойынша мемлекеттегі бар билік хан қолында болды және ол Шыңғыс хан ұрпақтарының қолына мұрагерлікпен келетін. Хандық билік Шыңғыс ханның үлкен әйелі Бөртеден тараған — Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле ұрпақтарына ғана тиесілі еді. Оларды «алтан ұрұқ» «алтын әулет» -деп атады. Жоғарғы билікке жетудің басты шарты — осы «алтын әулет өкілдерінің қолдауы болатын. Олар өздерінің пікірін хан сайланатын жиын — құрылтайда айтатын. Осы құрылтай қолдаған «алтын әулет» өкілі ғана құқылы болды. Құрылтай келісімінсіз таққа отырған хан жазалануға тиіс болды.14 Йасауийа тариқаты мемлекеттік идеологияға айналған соң хан сайлау жүйесі түбегейлі өзгерді. Енді хан жүз, тайпа, ру басыларының қатысуымен, солардың таңдауымен сайланатын болды. Ханның абсолюттік билігі шектелді. Хан тек шариғат шеңберінде әрекет етуге тиіс болды. Қоғамда билер институты құрылды. Бұрын аймақтарды Шыңғыс хан ұрпақтарынан шыққан билеуші әулет өкілдері басқаратын болса, енді билік ру, тайпа, жүз билерінің қолына өтті. Жошы ұлысының батысында билер өз ұлыстарының толық билеушілеріне айналды. XV ғасыр қарсаңында билер қолында шексіз билік болды. Жошы әулетінен кімнің хан сайланатынын маңғыт билері шешетін.15 Бірақ, ол кезеңде билердің ешқайсысы хан тағына таласып көрген емес.
Ру, тайпа, жүз билеріне мұндай шексіз билік берген йасауийа тариқатының құрылымдық жүйесі болатын. Муршид — мүрид (пір — мұрт) үлгісінде құрылған мұндай жүйе ру биіне қоғамның әр бір мүшесін бағынышты етті. Ислам әлемінің өзге аймақтарында сопылық таңдаулылар еншісінде болса, Қыпшақ даласында сопылық жол жалпы халықтық сипат алды. Рудың әр бір мүшесі йасауийа тариқатының да мүшесі болып есептелді. Рулық, тайпалық, жүздік құрылымдар қандық, этникалық бірлікке емес, рухани-идеологиялық бірлікке негізделді, сол негізде топтастырылды. Қандық бірлік қыз алыспайтын шеңберде ғана қалдырылды. Ру биі тайпа биіне, тайпа биі жүз биіне, жүз биі ханға бағынатын. Мұндай қоғамда қоғамның әр бір мүшесінің еркін сүруіне мүмкіндігі болды.
Әдет-ғұрып, салт-дәстүр де елеулі өзгерістерге ұшырады. Рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастарға тыйым салынды. Ол өз кезегінде әйелдердің қоғамда еркін жүріп-тұруына мүмкіндік туғызды. Әр ауылда рулас, қандас адамдар тұратын болғандықтан, ол ауылдың әйел қыздары бірінің әпкесі, бірінің қарындасы, бірінің келіні, бірінің жеңгесі еді. Сол себепті, әйел баласына қатынас тек сыйластыққа негізделді. Қоғамда әйелге деген ерекше сый-құрмет қалыптасты, әйелді, апа қарындасты халық арына балады. Сол дәуірден бізге дейін келіп жеткен «Ауру астан, дау қарындастан», «Жесір дауы — жер дауы» деген мақалдар бұл айтылғандардың дұрыстығына толық дәлел бола алады.
Бүкіл қоғамдық қатынас шариғатқа (заңдылыққа) негізделгендіктен, ешкімге шариғатты бұзуға ерік берілмеді. Ол жөнінде белгілі заңгер-ғалым Б. Кенжалиев былай дейді:» Сот билігінің көшпенділер қоғамындағы орнының биіктігі сонша, ол кейбір кездері хан билігінен де жоғары тұрған. Әрине, хан билігі қазақ қоғамындағы ең жоғары мемлекеттік билік болып есептеледі және ол солай болады да. Бірақ, ол өзінің осы дәрежесін қамтамасыз ету үшін, сот билігімен әрдайым санасып отыруға мәжбүр болатын, соған әр кез арқа сүйейтін.16
Йасауийа тариқатының Алтын Орда мемлекетінің мемлекеттік идеологиясына айналуы сол дәуірдегі ең озық қоғамдағы қатынастарды қалыптастырды. Шешендік, жыраулық дәстүрдің қалыптасуы да осы Алтын Орда дәуірінде болған деп айтуға негіз бар. Өйткені, тек, жалпы халыққа арқа сүйеген қоғамда ғана, ханға шындықты бүкпесіз ашық айту мүмкін болатын. Жалпы Алтын Орда мемлекеті Өзбек хан мен Жәнібек хан тұсында өзінің ең гүлденген кезеңін басынан кешірді.
Алтын Орда мемлекетінде қалыптасқан мұндай жағдай Шыңғыс ханның кейбір ұрпақтарын қанағаттандырмады. Олар парсылардың абсолюттік билік үлгісіне ұмтылды, демек абсолюттік билікті қалады. Абсолюттік билікті қамтамасыз етеді деген басқа діни ағымдарға иек арта бастады. 1356 жылы Жәнібек ханның өлтірілуі, сол әрекеттің басы болатын. Орда да берекесіздік басталды. Йасауийа шайхтары мен билерді жау тұтқан Шыңғыс ханның сол ұрпақтары Алтын Орда мемлекетінің іргесін шайқалтты. Хандардың мұндай озбырлығына щыдамаған кейбір тайпалар Алтын Орданы тастап, басқа жаққа көше бастады. Орыс зерттеушісі В. В. Трепавлов маңғыттардың 1350-1360 жылдары оңтүстік-шығысқа жаппай көшкенін айтады.17
Әмір Темірдің Алтын Орданы, Тоқтамыс ханды талқандауының өзі оларды тоқтата алмады. Мемлекетте тыныштық орнатпақ болып, барын салған Едіге би үміті ақталмады. Ол соңында Хорезімге қашуға мәжбүр болды.18 Ол кездегі Орда ішіндегі жағдай туралы «Аноним Искандера» атты жазбада былай деп жазылған: «Тоқтамыс ханның ұлы Жалал ад-дин заманында… Ордада бар билік тәжіктер қолында болды. Моңғол әмірлері шетке ысырылды. Олар оның /ханның/ інісі Сұлтан Махмудты хандық билікті қолына алуға үгіттеді … Бір жылдан кейін ол түнде ағасын тақта отырған жерінде өлтірді.19
Осыдан кейін көп ұзамай Алтын Орда мемлекеті бірнеше иеліктерге ыдырап кетті. Ыдыраудың басты себебі болған Алтын Орда мемлекеті халқының рухани бірлігін қамтамасыз етуші күш, түркілік мәдениет өзегі болған Ясауи жолынан бас тарту болатын. Өкінішке орай, бұл қасіретті тарихтан кейінгі билеушілер сабақ алмады.
ХІҮ ғасырдың екінші жартысында нақшбандийа ағымы тарих сахнасына шықты. Ол ағым соғды-тәжік халқының рухани қайнарларына негізделген сопылық тариқат еді. Нақшбандийа тариқаты XV ғасыр басынан-ақ белсенді әрекетке көшкен болатын және бұл ағымның йасауийа тариқатымен арақатынасы бірде бейбіт, бірде шиеленіскен түрде өрбіп отырды.20
XV ғасыр ортасында Өзбек хандығының екіге бөлініп, Қазақ хандығы мен Шайбанилер мемлекеті болып екіге бөлінуі, Мұхаммед Шайбани ханның көшпелі өзбектердің бір бөлігін алып, Мауараннахрға кетуі, екі тариқат арасындағы шиеленісті одан әрі ушықтырып жіберді. Мауараннахрға барған өзбектер үшін екі тариқат арасында үлкен тартыстар жүрді. XVІ ғасырдың бірінші ширегінде Бұхара билеушісі Убайдулла ханның көмегімен нақшбандилер йасауийа шайхтарынан басым түсіп, билеушілерге ықпалын өткізді.21 Уақыт өте келе Мауараннахрда нақшбандийа ағымы шешуші рухани күшке айналды. Мауараннахрлық өзбектер өздерінің салт-санасы, әдет-ғұрпы жағынан өздерінің Түркістанда қалған қандастарынан ажырай бастады.
Бұл кезеңде Қыпшақ даласында Қазақ хандығы бой көтеріп, қазақ халқының бірігу процесі жүріп жатты. Бұл халыққа «қазақ» атауының берілуінің өзі — өзгенің жетегіне ермей, өзінің рухани, мәдени дербестігін сақтап қалуымен байланысты сияқты. Түркінің өршіл рухы — Ясауи жолын қадір тұтқан бар халық Қазақ хандығы туының астына жиылды. Өкінішке орай, Қасым ханның өзі Бұхаралық нақшбандилер шайхы Абу Бакр Са‘дқа (970/71 -1561/62 ж. қ. б.) шәкірт болуы, ал балаларын 1512 жылы Бұқарадан, Бабыр әскерінен қашқан атақты жуйбарилік шайх Хожа Исламға тәрбиеге беруі, Қасым хан балаларының таққа отырғаннан кейін нақшбандилерге иек артуы, ел ішіндегі рухани бірлікті тағы бұзды.22 Абсолюттік билікті көздеген Қазақ хандары рулық, тайпалық, жүздік құрылымдарды бұзуға, билер институтын жоюға, сөйтіп хандық билікті нығайтуға күш салды. Ол әрекет нақшбандилер жолын қазақ арасына тарату арқылы жүргізілді. Өйткені, нақшбандийа ағымында ағайын-туыс арасындағы некелік қатынастарға рұқсат етілген болатын. Ол бірте-бірте қазақ арасындағы рулық, тайпалық, жүздік бірліктерді, қазақы салт-дәстүрді іштей бұзуға тиіс еді. Бұл саясат, әсіресе, Есім хан тұсында пәрменді жүргізілді. Нақшбандийа шайхтарына Сыр бойынан уақфтық жерлер бөлініп беріле бастады. Оны Есім ханның өз қолымен берген құжаттары дәлел бола алады. Ол тарих ғылымына Сығанақ құжаттары деген атпен белгілі.23 Осы Есім хан тұсында Қазақ хандығының мемлекеттік құжаттары қайтадан парсы тіліне өте бастағанын байқауға болады. Есім хан Ұлы жүз руларының көпшілігін күшпен нақшбандийа тариқатына өткізеді. Ырқына көнбеген Тұрсын Мұхаммед хан мен қол астындағы қатағандарды бесіктегі баласына дейін өлтірді. Кіші жүз тайпаларының өзбектермен шекаралас аймақтарындағы рулары да өз еріктерімен нақшбандийа тариқатын қабылдаған болатын. Бірақ, нақшбандийа тариқатын қабылдағанымен Ұлы жүз тайпалары да, Кіші жүз тайпалары да өздерінің салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпын сақтап қалды.
Осы процестің халық санасында белгілі із қалдырғанын халық арасына тараған аңыздар мен әпсаналардан көре аламыз. Мысалы, Бәйдібек Атаның кіші әйелі Домалақ Ана туралы екі түрлі аңыз бар: бірінші аңызда Домалақ Ана Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гаухар Ананың қызы екендігі айтылса, екінші аңызда XVІ ғасырда өмір сүрген, атақты нақшбандийа шайхы Махдум Ағзамның қызы екендгі айтылады. Ұлы жүз арасына тараған қожа әулеттері өздерін нақшбандилер тариқатына жатқызады.24
Нақшбандийлер салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, идеологиялық нысандарын толық қабылдаған рулар қазақ жүздері құрамынан шығарылды. Қазіргі қазақ жүздері құрамына кірмейтін сунақ, шалақазақ, Түркістан, Шымкент, Тараз маңындағы өзбектердің пайда болуы, осы рухани процестердің тікелей жемісі. Мысалы, Түркістан маңындағы Қарнақ аулында 100% өзбек тұрады. Тегі жағынан олардың 95% кешегі қазақ руларынан шыққандығы анықталды.25 Қарашық аулын мекендеп отырған халық та солай. Ол жерге үш жүз үй Көкмұрын қыпшақты отырғызып, 200 қос жерді хандар арнайы бөліп бергендігін айтады.26 Ал, сунақтар құрамындағы аталарға қарайтын болсақ, онда олардың үш жүз құрамындағы рулардан құралғанын байқауға болады.
Бұл келтірілген мысалдар түркі халықтарының іштей этникалық жіктелуіне сопылық ағымдардың да белгілі дәрежеде ықпалы болғандығын көрсетеді. Сонымен қатар, қазақ халықы құрамындағы ру, тайпа, жүздік құрылымдардың қазақ халқының халық болып қалыптасуында шешуші роль атқарған басты фактор екендігіне көзіміз жетті. Егерде ол жүздер, рулар арасында алауыздық туып жатса, ол алауыздықтың негізгі себебі біз жоғарыда айтып өткен рухани қайшылықтарда, сопылық ағымның өзгеруімен байланысты болғанын есепке алмаймыз. Мысалы, Қобланды батырдың басты қарсыластарының бірі — қызылбастар. «Қызылбас»- деп, кешегі XІX ғасыр соңына дейін йасауийа тариқатындағы ру-тайпаларды атайтын. Оған дәлел ретінде Шортанбай мен Асан Бұға арасындағы айтысты келтіруге болады. Шортанбай ол айтыста Асан Бұғаға былай дейді:
Алпысқа келді бұл жасың,
Дүние болды жолдасың,
Әндіжандық сарт едің,
Қай елдің едің қожасы.
Сонда Асан Бұға былай деп жауап береді:
Менің түбім сарт десең,
Неге атандың қызылбас,
Екеумізді пір тұтып,
Қазақ қалай бұзылмас.27
Осы айтылған сөздер кімнің кім екендігін көрсетіп тұр. Шортанбай сарт деп, Асан Бұғаның нақшбанди өкілі екендігін мегзесе, Асан Бұға Шортанбайдың йасауийа тариқаты өкілі екендігін аңғартып тұр. Қобланды батыр соғысқан қызылбастар Ер Көкше мен Ер Қосай еді. Бұл күрестерді біз қарабайырландырып, жәй ру басыларының бассыздығынан, қорқаулығынан деп келдік. Егерде бұл оқиғаларға сол дәуірдегі рухани процестер тұрғысынан қарар болсақ, онда түркілік рухани мәдениет пен соғды-тәжік мәдениеті арасындағы өз ықпалдары үшін жүргізілген кескілескен күресті көрер едік. Бұл процесс сол бағытта жүре бергенде, ендігі қазақтың үш жүзі үшке бөлініп, үш этникалық бірлік болып кеткен болар еді. Қазақтың бақытына қарай Жаратушы, осы қатерді уақытында көре білген Тауке хан мен Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты билерді тарих сахнасына шығарыпты. Солардың күшімен қазақтың ары қарай жіктелуіне тоқтау салған «Жеті жарғы» заңы дүниеге келді. Онда әдет-ғұрып, салт-дәстүрде Ясауи жолына басымдық берілсе, ал діни-идеологиялық бағытта нақшбандилерге үстемдік берілді. Тәуке ханның бас қазысы болып Мүсірәлі әзіздің сайлануы осы «Жеті жарғы» талабына сай келетін. Себебі, «азизандар»-деп, йасауий тариқаты мен нақшбандилер жолын қатар ұстанатын діни қызметкерлерді атайтын.
Абылай хан заманында қазақ халқының қайтадан йасауийа тариқатына бет бұрған кезі болды. Абылай ханның өлуімен бұл процесс қайта тоқтап қалды. Өйткені, халық санасына енген накшбандилер ықпалы тым тереңге кетіп қалған еді. Аз уақыт ішінде елдің рухани бірлігін қайтадан қалпына келтіру мүмкін болмады. Ішкі рухани бірлігі әлсіз, оның үстіне жоңғарлармен ұзақ жылдарға созылған соғыс тұралатқан қазақ халқы, Абылай хан өлгенсін Орыс патшалығының билігін мойындауға мәжбүр болды. Оңтүстік аудандарға Қоқан хандығы ауыз салды.
Біз осы мақала көлемінде Ясауи жолының түркі халықтары тарихи тағдырындағы орнының қаншалықты шешуші мәнге ие болғандығына қысқаша шолу жасадық. Ясауи жолынан шегіген әр бір қадам Алтын Орда мемлектінің ыдырауына, Өзбек ұлысының екіге бөлінуіне, Қазақ халқының мемлекеттігінен айырлуына әкеліпті. Өйткені, Ясауи жолынан шегіну – түркі халықтарының сан ғасырлық мәдени, рухани мұрасынан шегіну еді. Қай халық болмасын өзінің рухани-мәдени құндылықтарын көздің қарашығындай сақтай алмаса, сыртқы күштердің рухани-мәдени жаулаушылығына қарсы тұра алмасы анық. Ондай халық өз мемлекеттілігін де сақтай алмайды. Біз оны, қысқа да болса, нақты мысалдармен көрсеттік. Бүгінгі күні Жас Қазақ мемлекетінің қайта ту көтеріп, Тәуелсіз ел болуы — Қазақ халқы мен мәдениетінің әлі де болса құрып кетпегендігінің айғағы. Оны баянды ету — бүгінгі және болашақ ұрпақтың қасиетті борышы.
Зікірия Жандарбек
(Түркістан)