Салт-дәстүрді сақтаған өнегелі отбасы

Бүгінгі жаhандану үдерісі белең алған кезде әр азаматтың, ата-ана мен әрбір ұстаздың мақсаты – асыл мұра-ұлттық құндылықтарды сақтап, заманға лайық жаңғырта отырып, жасөспірімнің бойына сіңіру және ізгілікке тәрбиелеу екені белгілі.
«Халқын сүйген, салтын сүйер!» дегендей, ұлтымыздың байлығы – салт-дәстүріміздің қаймағын бұзбай, бүгінгі қоғамға лайық жаңғыртып, жарасымды қолданып, көпке үлгі болып жүрген азамат, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Алтынбай Садуақасұлы Мұса.

Ұлттық болмысымызды сақтай отырып, балаларының бойына жас кезінен ұлттың рухын сіңіріп, қазақ «өміріне» жақындатып тәрбиелеу үрдісін Алтынбайдың отбасынан байқадым! Адам бойындағы асыл қасиеттер отбасында жарқырап көрініп, қалыптасатынын ескерсек, тәрбиенің бастауы – әдептіліктен басталатынын Алтынбай мен Алмагүл ерте меңгерген екен. Балаларының болашағына үлкен сеніммен қарап, өнерге баулып, талантын шыңдауға бағыт-бағдар беріп, мүмкіндігін туғызған жаңашыл азаматтар.

Кезінде ормандай орысы көп Целиноград қаласындағы №4 Жамбыл Жабаев атындағы жалғыз қазақ мектебін бітірген Алтынбай мектепте оқып жүрген кезінен-ақ ән айтып, домбыра тартқан, оқушылар арасында КТК (КВН) ұйымдастырып, ойлы сөздерімен топқа түскен. Ұлт өнерін сүйген жас бозбала мектеп оқушылары арасында тұңғыш рет айтыс өткізіп, қалалық мәдени іс-шараларға белсене қатысқан.
Өзі еңбек еткен «Целиноградсельмаш» зауытында домбыра үйірмесін ашып, жастардан шағын оркестр құрып, қазақша ән мен күйге «сусап» отырған ауыл-аймаққа тегін концерттер ұйымдастырып, көпшіліктің батасын алған азамат.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол Целиноград қаласында құрылған «Тіл және мәдениет» қоғамының белсенді мүшесі ретінде қазағы аз аймақтың «қазақылануына» өзіндік үлес қосып, азаматтығын танытқан жастардың бірі болды. Қазақ тілі мен мәдениетінің солтүстік өңірде дамуына үлес қосқан жас жігіт ұлттың мүддесі жолында саяси істерге де белсенділік танытып, азаматтық келбетін көрсетті.

ҚР Мәдениет қайраткері Алтынбай Садуақасұлы «Алтын алма» отбасылық ансамблінің көркемдік жетекшісі ретінде ұлттық өнеріміздің дамуына үлес қосып келе жатқан талант иесі. Балаларының анасы Алмагүл Баттақызы екеуі Әсем, Іңкәр, Сұңқар, Нұрай атты ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған ардақты ата-ана. Балалары да бойларына өнер дарыған талантты жастар. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер!» дегендей, ұл-қызының бойындағы көркем мінезі мен ұлттық өнерге деген құрметтері ата-анасынан берілген тәрбиенің нәтижесі болса керек!

Өнер – тектіліктің белгісі! Балаларының санасына рухани тәрбиенің негізін қалап, ізгілікке баулыған шаңыраққа үлкен құрмет білдіріп, қуанышқа бөлендім! Ұлы Сұңқар Алтынбайұлы Қарағанды қаласындағы №6505 Ұлттық Ұлан әскери бөлімінде рухани-ағарту саласы бойынша жауапты қызмет атқарып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуде. Әсем мен Іңкәр жоғары білімді мамандар. Ансамбльдің белді мүшесі, кенжетайы, сүйкімді Нұрай мектеп оқушысы.

Ата-анасының үлгі-өнеге көрсетуімен бұл отбасында адамгершілік пен сүйіспеншілікке тәрбиелейтін өзара құрмет пен сыйластық қалыптасқан. Нағыз қазақтың салт-дәстүрі мен дарқан көңілін шын ниетімен ұлықтаған шаңырақ! Туған-туыстары мен жолдастары арасында әр қазақтың санасына сәуле шашып, ой тастап, салт-дәстүрімізді дәріптеп жүрген азаматқа, ұлттық өнердің шынайы жанашырына рақмет айтамыз! Отбасылық бақыттарыңыз баянды болсын!

Роза Есенбаева,
ҚР Білім беру ісінің
құрметті қызметкері.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Бөлісу: