Біздің ата- бабаларымыз алты қанат ақ боз үйдің керегесіне түрлі-түсті ою-өрнек басылған киіз-текемет ілген. Күні кешеге дейін өзінің қадірін жоймай, әр қазақтың төрінен табылған текемет бүгінде ешбір үйден көрінбейді десек артық айтқандық емес.
Текеметтің туу тарихы мен оны жасау технологиясына тоқталар болсақ, ол қазақтың ерте дәуірдегі өмір-тұрмысынан тамыр тартады. Әсіресе, көшпенділер өмірінде текеметтің алатын орны өзгеше болған: ол қазақтың дәстүрлі баспанасы – киіз үй ішіне жылылықпен қатар әсемдік те әкеліп әрі киіз үйдегі адамдарды астынан өтетін сыздан қорғап, аурудың алдын алу рөлін де атқарып отырған [1].

Көшпенділер өмірінде жасалуы жағынан оңай болмағанымен, олардың өмір-тұрмысында қолдануға ыңғайлы текемет бетіндегі түр- түс үйлесімі мен ою-өрнекті орналастырудағы тәсілдер халықтың ертедегі мәдениеті мен дүниетанымынан хабар береді. Осыған орай текеметке ою-өрнек пен түр салудағы тепе-теңдікті қатаң сақтау қағидасы қазақ халқының ерте замандағы дүниетанымдық дуализмін де айқын аңғартады.

Текеметтің күзем жүннен (қарасынан) басылған талдырма (кейде шиге тартылған жүннің) бетіне ақтай немесе қызылға, көкке боялған жүн тартылады. Бұдан кейінгі текеметтің басылу тәсілі жалпы киіз басумен бірдей. Текеметтің боямаған түрі де болады. Мұны қара, ақ жүн тартып басады. Оның көлемі әр түрлі. Бояуына қарай қызыл ала текемет, сары ала, қара ала текемет деп аталады[2].
Дегенмен бұл дәстүрді, мәдени — мұраны, ұлттық өнерді жалғастырып жүрген азаматтарымыз жоқ емес. Солардың бірі текемет, сырмақ басу дәстүрін жалғастырып жүрген қарағандылық азамат Мұрат Абдраманұлына тоқталсақ. Қалқабаев Мұрат Абдраманұлы – бейнелеу өнерінде өзіндік қайталанбас стилімен ерекшеленетін, дарынды, өз жұмысының қас шебері, ҚР-ның Суретшілер одағының мүшесі, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ҚР-ның Сурет академиясының академигі, Арқамыздың мәдени – мұрасын дамытып жүрген қайраткер.
Бұл дәстүрді жалғастыруда Мұратқа әжесінің әсері көп болды. Саусағынан өнер тамған, бүкіл ауылға танымал ананың өнерін тамашалауға, одан үйренуге ауыл келіншектері жиі жиналатын. Ол болса әжесінің өнерін мақтан тұтатын және қасынан бір қадам шықпайтын. Жүн түту, киізді білектеу, басу сияқты қазақтың төл өнерімен жастайынан қанығып өскен жас балаға киіз өрнектері бүкіл дала сұлулығын елестететін. Бұл әсемдік бала жүрегінде мәңгі сақталған. Шебер осы бір тамаша сезімін өнер жолында қатаң ұстанып келеді. Бала кезден жүрегіне ұялаған сол бір аяулы әсерлер оның жұмыстарынан айқын көрініп тұрады.
Оның алғашқы туындылары бірден жұрт назарын өзіне аударды. Олар текемет пен сырмақ техникасында жасалған киіздер болатын. Қазақтың киіз үйінің сәндік бұйымдары болып саналған, көпке танымал өрнектер қабілетінің арқасында шынайы биік өнер туындысына айналды. Жүнді пісіру техникасын жастайынан меңгерген суретшіге таза көркемдік міндеттерді жүзеге асыру көп қиындық туғызбады. Кәдімгі жерге төселетін киіздің композициялық жүйесін сақтай отырып, дәстүрлік өрнектерге жаңа кезеңнің рухын беруді мақсат тұтты. Сөйтіп, ол Қазақстанда бірінші болып киіздің желісіне дүниежүзілік өнерде кең тараған тақырыптарды: өмірге деген махаббат, туған жерге деген сүйіспеншілік, жастарға тән ержүректік, бақыт, еркіндік, кеңдікжәне т.б. сол сияқты сезімдерді көрсету үшін қажет тәсілдерді ойлап тапты.Автордың сақтар тақырыбындасақтар өнері тәсілімен жасалған текеметтері Мәскеу мен Киев қалаларындағы Бүкілодақтық көрмелерге қатысып, табыспен оралды.Шебердің белгілі мекемелерге арналып жасалған көлемді түкті кілемдерінің саны жиырмаға жетіп қалады. Олар «Майбалық» санаторийінде, «Пионерский», «Восток» ауылдарында, Федоровка Мәдениет үйінде, Абай қаласындағы шахта құрылыс басқармасында, Жезқазған драма театрында, Қарағанды әуежайында және т.б. жерлерде орналасқан [2].
Сондай-ақ, облыстық бейнелеу өнері мұражайы қорында Қалқабаев Мұрат Абдраманұлының 13 жұмысы сақтаулы. Оның ішінде 3 қолданбалы бейнелеу өнері (дпи) және 10 кескіндеме жұмыстары.

Қолданбалы бейнелеу өнері (дпи): 1. «Дала әуені» 1979 ж. Текемет;
2. «Таң. Бақыт» 1977ж. Текемет; 3. «Дала музасы» 1977 ж. Текемет [3].
Осы бірнеше жұмыстардың ішінде Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы қорындағы «Дала әуені» текеметіне тоқталсам деймін.

Текемет 1979 жылы жасалған, ұзындығы 270 см және ені 150 см-ді құрайды.Текеметтің басылу тәсілі өзгертілмеген, жалпы киіз басумен бірдей. Бұл текеметте жалпы қазақ даласының тіршілігі, мәдениеті мен дүниетанымын көрсеткен. Ондағы бейнеленген «қарлығаш» – бейбітшілікті, «қазан- ошақ» – құт-берекені, ырысты білдіреді. «Арқарлар» – қазақ даласын сонау заманнан бүгінге дейін мекендейтін киелі жануалар. Сондай-ақ, текеметте ою – өрнектер бейнеленген.

Ою-өрнек ежелгі ата-бабамыздың күнделікті тұрмыс тіршілігі табиғат пен мал шаруашылығымен байланысты болғандықтан көбінесе жан-жануар, құстарға табиғат құбылыстарына байланысты элементтеріне ұқсатып жасаған.

«Ат – ер қанаты» демекші, текеметтің ортасында жылқы малы мен оның үстінде қолына домбыра ұстаған ер жігіт бейнеленген. «Жылқы» – жеті қазынаның бірі, малдың патшасы, ал «домбыра» – қазақ халқының ең кең тараған, ежелде қазақтың тарихын баяндаған музыкалық аспап.
Міне, осындай еңбектерімен жастарды патриоттық сезімге, туған өлкесіне деген сүйіспеншілік сезімін ояту арқылы, қаламызды тарихи –философиялық мазмұны кең жұмыстары арқылы жандандыру, әсемдеу және мәдени – мұраны дамыту негізінде, салтымызды ұмытпауға шақырып, ата дәстүрінің ықпалын сақтап, адамгершілікпен өмір сүріп, қазақ халқына деген қасиетті сезімін өмірлеріне нәр етуін түсінсе екен деген мақсатпен.

Әдебиеттер тізімі:
1. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, 2005
2. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы,1998
3. Н.И. Иванина «Калкабаев М.А. Альбом: декоративно – прикладное искусство, живопись, монументально – декоративное искусство, скульптура», Алматы – 2008
4. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы қорынан алынған мәліметтер

Г. Кәкімбаева, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы

 

Бөлісу: