Жайнамаз — намаз оқуға арналған төсеніш. Мекке жаққа қаратып төсейтін бас жағы күмбезделе ойылады немесе сүйір ұшы сол бағытқа қаратылған күмбез бейнесі салынады. Әдетте жайнамаз адамның екі тізерлеп, мұрны мен маңдайын сәждеге тигізіп отыратын жерінің көлеміне қарай шақталады. Жайнамазды әркім өзімен бірге алып жүреді де, намаз оқып болған соң, оны бүктеп, алып кетеді. Намаз оқығанда тек жайнамазды ғана пайдалану міндетті емес. Жайнамаз болмағанда, оның орнына таза заттарды: мал терісін, жеке киімді, төсеніш, мата, т.б. пайдалануға да болады. Жайнамазды пайдалану тәжірибесі кейіннен қалыптасқан. Құранда, хадистің ережелік жинақтарында да жайнамаз атауы жоқ. Ерте мұсылмандық кезеңде де жайнамазды қолдану туралы тиянақты мағлұматтар кездеспейді. Жайнамаз мұсылмандар үшін іс жүзінде Аллаға құлшылық ететін жеке орын қызметін атқара алатындықтан, оған кейіннен діни маңыз бере бастаған. Кез келген таза, ласталмаған жерге жайнамаз төселгеннен кейін әрбір мұсылман өзін сыртқы әлемнен оңашалап алады деп есептеледі
Ел боламын десең, бесігіңді түзе