Қазақ тілін қолдану аясындағы кейбір түйткілдер

«Дәстүр» журналының 2021 жылғы 1-санында тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің «Жетілдірілген» әліпбидің жетілмеген тұстары» деп аталатын тамаша мақаласы жарық көрді.

Бұл мақала латын графикасына бара-бара өтетіндігімізді мәлімдеп отырған біздің филология ғылымымыз әзірше ұлтымыздың бодандалуына бірден-бір себепші болған кирилл емілесінен әлі де болса «шыға алмай отырғанын» негіздей отырып, бәрі осы қалпында сақталған жағдайда латын графикасына өткеннің өзінде де «бүгінгі таз кепешіміз сол киілген күйде қалатындығын» нақтылы мысалдар көмегімен дәлелдеп беріпті.

Мақаланың басты ой-өзегі –лейтмотиві – қазақ сөзінің әуезді де әсерлі естілуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын, жеме-жемге келгенде, тек қазақ тіліне тән сингармонизм (үндестік) заңдылығы (дауысты-дауыссыз дыбыстардың үнемі алмасып отыруы) тек ауызша айтылуда ғана емес, сөздің жазба нұсқасында да сақталуының бірден-бір кепілі болып табылатын «бір дыбыс – бір таңба» ұстанымының бүгінгі тіл қолдану тәжрибесінде сақталмай отырғанын, көп жағдайда бұған кінәлі кириллица графикасына тиесілі «и», «у», «я», «ю», «щ» тәрізді «тіл бұзар әріптердің» қолданысқа кеңінен еніп кетуі екенін дәлелдеу. Осының салдарынан сөз құрамындағы «и», «у» дыбыстарын дауысты-дауыссыз дыбыстардың қайсысына жатқызуға болатынын таба алмай, дал болу немесе кейбір сөздерді (мысалы, «алуа», «тәрбие», «әулие» сөздері) буынға бөле алмай, мүсәпірлікке ұшырау сияқты келеңсіздіктер бүгінгі қазақ тілі грамматикасын тығырыққа тіреп отырғаны, осы келеңсіздіктердің латын графикасына өткеннен кейін де сақталып қалу қаупі өте жоғары екені сөз болған.

          Кириллица емілесіне негізделген қазіргі жазу үлгіміз латын графикасына көшірілген жағдайда да сол қалпында қалып қою қаупін мақала авторы нақтылы 10 (он) мысал келтіре отырып, дәлелдеп берген. Автор арнаулы кестелер түрінде келтірген келеңсіздіктердің (қателіктердің) түп-тамырын оқырмандарға ұғындыру мақсатында сол кестелердің кейбіреулерін бұл жерде де келтіріп кеткен артық болмас.
кирилше ми қи жи ти и ауа ауу сауу киім
латынша mi qi ji ti i aua auu sauu kiim
дұрысы miy qiy jiy tiy iy awa awuw sawuw kiyim

 

кирилше иіс қи-ын ми-ы и-і су-ық ту-ыс СЫ-ни ҚА-жи Ұ-ли
латынша iis qi-yn mi-y i-i su-yq tu-ys SI-ni QA-ji U-li
дұрысы iyis qi-yin mi-yi i-yi su-wyq tu-wus si-niy qa-jiy u-luy

 

Бұл кестелердегі бірінші жолда қазақ сөздерінің кириллица емілесіне сәйкес қазіргі таңдағы жазылу үлгілері, екінші жолда – сол емілені қаз-қалпында сақтай отырып, латын графикасына көшірген жағдайда да көрініс беретін, тіліміздегі үндестік заңдылығына кереғар үлгілері, яғни сөздің дыбысталуы (орфоэпиясы) мен жазылымы (орфографиясы) тағы да бір-біріне сәйкеспей кететінінің мысалдары, ал үшінші жолда – латын графикасына өткеннен кейін жоғарыдағы мәселені қатты ескеріп, айтылу мен жазылуды сәйкестендірген жағдайдағы сөздің дұрыс жазылу үлгілері келтірілген.

          Сөз болып отырған мақала авторы қазағымыздың төл сөздерінің жазылу үлгісіндегі келеңсіздіктерді ғана тілге тиек етіп, ұлтымыздың болашағына деген өз алаңдаушылығын білдірген. Автор ойларын өрбіте отырып, тілімізге күн санап еніп жатқан «термин» деп аталатын кірме  сөздердің жазылуы, өзге де орыстың отарлауы нәтижесінде тілімізде туындаған келеңсіздіктер хақында әңгімелерді одан әрі жалғар болсақ, талай-талай түйткілдерге тап боламыз.

Орыс графикасын іс-тәжірибеде жетекші орынға шығаруымыз қазақ тілінің «қойыртпақтанып кетуіне» бірден-бір себепші екеніне жүздеген, мүмкін, мыңдаған мысал келтіруге болатын шығар. Кәсіби тіл маманы болмасақ та, бұл мәселе бойынша, біздің «шырылдай бастағанымызға» талай жылдардың жүзі болды. Өз мамандығымыз бойынша (геология) терминдер базасын жасақтауға тартылған шығармашылық топтың жетекшісі ретінде шет ел тілдерінен енген терминдерді қазақ тілі заңдылықтарына икемдеп қолдану қажеттілігі, қазақ тілді мәтіндерде кейбір сөз тіркестерінің орысшаға «мүлдеп икемделіп кету» мысалдары, «ь», «ъ» сияқты қазақ тіліне мүлдем жат белгілерді айналыстан аластау керектігі, т.с.с. келелі мәселелер хақындағы ой-толғамдарымыз арнаулы мәжіліс мінберлерінен мәлімденіп, әр түрлі ғылыми форумдардың материалдарында, «Терминологиялық хабаршы» сияқты арнаулы басылымдарда, «Ана тілі», «Түркістан» сияқты ақпарат көздерінде  жекелеген мақалалар мен баяндамалар түрінде талай рет жарық көрді. Өкінішке қарай, көтерілген мәселер қаз-қалпында сақталуда, яғни әзірше бұл мәселелерге көңіл аударған құзыретті органдар болмай тұр.

          Сөзіміз жалаң мәлімдеу болмас үшін жоғарыда аталған мәселелердің кейбіреулеріне қысқаша ғана тоқтала кетелік.

Қазақ тілінің сингармонизм заңдылығына кереғар келетін халықаралық терминдерді тіліміздің ішкі үндестіктеріне сәйкестендіріп жазу және оларға жалғаулар жалғау арқылы түрлендіру мәселесіндегі салғырттық тіліміздің шұбарланып кетуіне апарар тіке жол сияқты. Мәселен, соңғы жылдары қолданысқа жаппай ене отырып, бәрімізге үйреншікті болып үлгерген «тест» терминін атау септікте сол «тест» күйінде қалдырып, оны қалған септіктердің жалғаулары көмегімен кешегі Кеңес заманынан қалған грамматикалық ережелерге сәйкес (дұрысы, ережеге яки тілдің табиғи даму заңдылығына енгізілген «түзетулерге» сәйкес) түрлендірген жағдайда тестің», «теске», «тесті», «тестен», «тесте» және «теспен»),  сол «тест» сөзіміздің түбірін жоғалтып алатынымызды зерделеп және мұндай ұлтаралық терминдер легінің өмірімізге ену қарқыны жоғары екенін  ескеріп, бүгінгі күн талаптарына сай, яғни тілімізді табиғи жолмен дамытудың алыс көкжиектерін ойластыратын жаңа грамматикалық ережелер жабдықтайтын уақыт жеткен сияқты.

«Студенттердің білім дәрежесін «теспен» тексеретін заманға тап болдық» деген қазақы сөйлемдегі «теспен» деген сөз құлағымызға қалай естіліп, көкейімізге қандай әсер қалдыратынын салмақтап көрдік пе? Әңгіме не жөнінде болып отырғанын да түсіне алмай қалып жүрмейміз бе? Мұның өзі аталған терминді әуел бастан-ақ «теспен» деп жазбай, «тестімен» деп жазуға мәжбүрлеп тұрған жоқ па? Олай болса осындай аяқ жағында екі бірдей дауыссыз қатаң дыбыстар қосарлана тіркескен, сондықтан қазақ тіліне мүлдем жат сөзді атау септіктің өзінде-ақ бірден «тесті» деп жазуымыз жөн шығар. Сонда ғана бұл сөзді түрлендіру барысында бірізділікті қамтамасыз ете отырып, «тестінің», «тестіге», «тестіні», «тестіден», «тестіде» және «тестімен» деген редакцияда қазақ тіліне «жуықтатып» түрлендіруге болады. Бұлардың да оңып тұрғаны шамалы, әрине, сөйтсе де алғашқы нұсқадағы сорақылықпен салыстырғанда, «жылап көріскендей».

Кеңес өкіметі кезеңінде ең жиі қолданылатын, «ең қуатты» сөздерінің бірі «коммунист» сөзінің түп-төркіні мен дыбысталу (айтылу) және рәсімделу (жазылу) нұсқалары да жоғарыда келтірілген пікірдің қисынға сәйкестігін ұштай түседі. Бұл сөз қазақ тілі түгілі, орыс тіліне де кірме сөз, оның негізінде  латынның «communis», яки «коммунис» – «баршаға ортақ» деген түсінігі жатыр.

Бұл сөз өзінің жаппай қолданысқа енген рәсімделу (жазылу) нұсқасында үндестік заңдылығына кереғар бола тұрса да (ком-мун-ист – сөздің екі дауыссыз дыбыспен аяқталуы, яки «т» әрпінің үндестікті қамтамасыз ететін дауысты дыбыссыз қалуы), оның дыбысталуы (айтылуы) үндестік заңдылғына толықтай сәйкесетінін аңғару қиын емес: оған дәлел – осы сөзді айтқанда (оқығанда) оның аяғында қазақтың «і» дыбысы «еріксіз естіледі», яғни бұл сөзді орыс тілінде де («і») әрпінсіз дыбыстау мүмкін емес. Олай болса, «коммунист» сөзінің осылайша жазылу нұсқасының қолданысқа жаппай еніп кетуінің арғы төркінінде орыс тілінде «і» әрпінің болмауы ғана жатқандығын мойындауға тиістіміз.

Бізде бұл әріп (дыбыс), құдайға шүкір, бар, олай болса, жаңағы сөзді және осыған ұқсас сөздерді рәсімдеудің шынайы қазақ тілінің сингармонизм (үндестік) заңдылығына негізделген нақтылы Ережесін әуел бастан-ақ жасақтап алуымыз қажет-ақ еді, әрине!  «Кез келген кірме сөзді жазғанда (рәсімдегенде) қазақ тілінің сингармонизм (үндестік) заңдылығы дәйім сақталуы тиіс» деген мазмұндғы жалғыз ғана ұстанымға негізделген мұндай Ереже уақтылы жасақтала қалған жағдайда жаңағы «коммунист» сөзі әуел бастан-ақ жай ғана «коммунис» немесе «і» қосымшасы жалғанып  «коммунисті» болып жазылар еді де, осы сөздің және осыған ұқсас жүздеген кірме сөздердің қазақ тілінде жазылуы мен қосымшалармен түрлендірілуіне қатысты талай-талай екіұштылықтар мүлдем болмаған болар еді.

Енді осы екіұштылықтар табиғатына тоқталайық. «Коммунистің» орыс сөзі еместігін, бұл сөздің түп-төркіні латынның «communis» сөзінен бастау алатынын ескеріп, оны қазақша рәсімдегенде бірден-ақ сол қалпында, яғни «коммунис» деп жазғанда (аяғына «т» әрпін жалғамаған жағдайда) тіліміздің табиғатына ешқандай да кереғарлық болмайтын еді.

Алайда аталған сөзді осы нұсқада рәсімдеуге «аға халықтың» сөздің аяғына «т» әрпін қосып жіберуі бірден-бір кедергі болғаны айдан анық: орыстың қосқан әрпін қазақшасынан шегеріп тастауға тәуекел жасау мәселесі жетектегі саясаттың ырқына көніңкіремейтін әрекет қой. Сондықтан сөздің атау септіктегі аталымы орысша нұсқасынан өзгеріссіз қалуы тиістілігі негізгі ұстаным рөлін атқарған сыңайлы. Осы ұстанымның негізгі түпқазық рөлін атқарғаны соншалық, атау септікте «коммунист» түрінде рәсімделген сөзді қазақ тілінің жалғау-жұрнақтарының (қосымшаларының) көмегімен түрлендіру барысында туындайтын екіұштылықтар екінші қатарға шегерілген.

Әңгіме қандай екіұштылықтар жөнінде болып отыр? Осының басын ашып алу мақсатында «коммунист» сөзіне септік жалғауларын жалғап көрелік: атау септік–«коммунист» → ілік септік–«коммунистің» → барыс септік–«коммунистке» → табыс септік–«коммунисті» → шығыс септік–«коммунистен» → жатыс септік–«коммунисте» → көмектес септік– «коммунистпен» болуы тиіс. Асты сызылған жалғаулардың төртеуі – «ің», «і», «ен» және «е» – қазақ тілінде мүлдем жоқ септік жалғаулары, ал олардың алдыңғы жағына «т» әрпін қосып, «тің», «ті», «тен» және «те» түрінде алар болсақ – сөз басқа, бұлар аталған септіктерге тән жалғаулар. Алайда бұл жағдайда сөзіміздің «коммунист» түріндегі түбірін «жоғалтып аламыз», яғни ешбір Ережеге сәйкес келмейтін әрекеттерге баратын боламыз. Ал қалған екі жалғау – «ке» мен «пен» жалғаулары – қазақ тілінде бар жалғаулар бола тұрса да, сөз үндестігін айтарлықтай бұзатын және нақ осы тұрғысында орынсыз қолданылған септік жалғаулары.

Өкінішке қарай, қазақ сөзінің үндестігін қамтамасыз ететін нақтылы Ереженің болмауы, ал қолданыстағы ереженің ұдайы бұзылуы осындай екі дауыссыз дыбыспен аяқталатын кірме сөздерді жалғау-жұрнақтармен түрлендіру барсында ұдайы көрініс бергеніне куәгерміз. Мұндай түрлендіру барысында атау септіктегі соңғы дауыссыз дыбыс мүлдем «түсіп қалып отырды» немесе сол дауыссыз дыбыспен аяқталатын сөз түбірін дәйім «жоғалтып алып» отырдық. «Пара алу – коммуниске жат қылық» деп жазылуы сөзді түрлендіру барысында «т» әрпінің «түсіп қалуын» көрсетсе, «коммунистен жағымды уағызды күтсең де, жарытымды іс-шаралар күтпе» деген сөйлемді жазғанда, «коммунист» түріндегі сөз түбірін «жоғалтып алдық», себебі қазақ тіліндегі шығыс септігінің жалғауы «ен» емес, «тен» еді ғой.

Ал егер «коммунист» сөзінің аяғына «т» әрпін жалғамай-ақ, латын тілінен естілген күйде бірден «коммунис» деп алсақ немесе орысша аталымындағы атау септігінің өзіне-ақ «і» әрпін жалғай отырып, сөзді содан кейін түрлендірсек, бәрі де өз орнына келеді және сөздің үндестілігі де сақталады; бірінші нұсқада: коммунис → коммунистің → коммуниске → коммунисті → коммунистен → коммунисте →коммуниспен; екінші нұсқада:  «коммунисті» → «коммунистінің» → «коммунистіге» → «коммунистіні» → «коммунистіден» → «коммунистіде» → «коммунистімен».

Бірінші нұсқа  «жылмиып-ақ тұр». Түрлендірудің екінші нұсқасы алғаш естілгенде құлаққа жағымсыздау әсер қалдыруы әбден ықтимал, бірақ бұл нұсқада да қазақ тіліне қатысты барлық заңдылықтар сақталған. Ал тұңғыш естілгенде «құлаққа жағымсыз сөздер» бара-келе әбден үйреншікті болып кететінін өткен ғасырдың 90-жылдарының бас шенінде қолданысқа жаңадан енгізілген «ұшақ», «құқық» сөздерінің кейінгі жылдары мүлдем үйреншікті сөздер қатарынан орын алуынан-ақ байқауға болады.

Шетел тілдерінен енген сөздерді қазақ тілінің заңдылықтарына икемдеудің жоғарыда сөз болған мәселелері, осы орайдағы өзге де мәселелер жайында өз пікірімізді тіл мәселесіне арналған алқалы жиындарда, мерзімді баспасөз беттерінде бірнеше рет көтере тұрсақ та, осыған қатысты нақтылы Ереже жабдықтау маман емес біздің қолымыздан кемейтін тірлік екені түсінікті. Мұндай Ережені дайындап, оны жаппай қолданысқа енгізуге ұсыну, осылайша терминжасам ісін бірізділікке мәжбүрлеу шаралары қажетті мамандармен қамтамасыз етілген «Тіл және әдебиет институты» сияқты арнаулы мекемелердің құзырындағы мәселе болғандықтан, ғылым салалары бойынша орысша-қазақша және қазақша-орысша сөзтізбелердің жаңартылған варианттарын дайындау барысында (2012 жыл) аталған институт қызметкерлерінен осы мәселе бойынша тындырған шаруалары хақында арнаулы сұраныс жасатқан болатынбыз. Аталған құзырлы мекемеден түскен анықтама ақпаратта мынадай жолдар бар:

д) қазақ тіліне басқа тілдерден орыс тілі арқылы енген сөздерді дұрыс жазу үшін «Орфографиялық сөздікті» (Құраст. Н.Уәлиұлы, А.Фазылжанова, Қ.Кудеринова, Ғ.Әнес) және Р.Сыздықованың «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегін басшылыққа алу керек.  Осы еңбектерге сүйене отырып: 1) нд, нз, нк, мп, мб, мт, кт, ск, вт, фт, пт дыбыстарына аяқталған орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілінің қосымшалары ы, і дәнекер дыбыстарының (әріптерінің) жалғануы арқылы түрлендіріледі: ценз+і+ге, ценз+і+сі, танк+і+ге, танк+і+лер, шланг+і+ге, ромб+ы+ға, ромб+ы+сы, объкт+і+ге, объект+і+сі Омск+і+ге, Омск+і+ден, факт+і+сі, факт+і+лер;

е) айтылу икемділігін ескере отырып, сөздің түбірін табуда қателеспеу және артық буын тудырмау мақсатында аталған ережедегі сөздерге қазақ тілінің қосымшаларын жалғау тәртібіне өзгеріс енгізу қажет. Мысалы: 1) ережеде көрсетілген сөздердің қазақша баламасын қолдану; 2) франк, киоск, лифт, рецепт, фармацевт, трест, бюст, пост, банк, бланк, коттедж, колледж және т.б. сөздерге қазақ тілі қосымшаларын і дәнекерінсіз жалғау қажет (франк+ке, киоск+ке, лифт+ке, рецепт+ке, фармацевт+ке, трест+ке, рифт+ке, пласт+қа, аметист+ке, асбест+ке, карст+қа, куэст+ке және т.б.).

Жалпылама қисын тұрғысынан алғанда, келтірілген мысалдардағы («д» және «е» нұсқаларындағы) сөздердің ешбір айырмашылығы жоқ сияқты, яғни бұл ақпаратқа сәйкес қазақтың «ы»-сы мен «і»-сін жалғау-жалғамау тек  «айтылу икемділігн ескеру» тұрғысынан ғана шешілуі қажет делініп тұр. Сонда қалай, кез келген жеткіншек әуел бастан-ақ «танкты» «танкі» деп, «шлангті» «шлангі»» деп естуі қажет те, «лифтіні» «лифті» деп, «рецептіні» «рецепті»  деп естуге тиіс емес болғаны ма?!…

Шіркін-ай, көп басты қатырмай, қазақ тілінің заңдылықтарына бағынбайтын осындай сөздердің нобайының қазақша баламасын тауып алсақ, қандай тамаша болар еді! Мәселен, «е» нұсқасындағы  геологияға қатысты «пласт», «аметист», «асбест» сөздерінің қазақша баламалары табылған, олар тиісінше, «қойнауқат», «күлгінтас», «талшықтас» т.с.с.

Тіл және әдебиет» институтынан түскен анықтама ақпаратта тағы бір аса маңызды мәселе хақында түсініктеме берілген, ол – -лық/-лік-дық/-дік/-тық/-тік және –лы/-лі- -ды/-ді, -ты/-ті жұрнақтарының қолданыс реті хақында. Онда былай делінген: «…-лық/-дық/-тық немесе -лік/-дік/-тік жұрнақтары тілімізде сын атауларынан гөрі, зат атауларын жасауда айырықша белсенділік танытады, яғни осы соңғы қызметінде барынша өнімді жұрнақ саналады. Ал, -лы/-лі, -ды/-ді, -ты/-ті форманты олай емес: бұл тек есім негіздерге жалғанып, бірыңғай сын атауларын ғана түзеді. Дұрыс-ақ делік. Алайда әрі қарай тағы да түсініксіздік басталады: «-лық/-лік-дық/-дік/-тық/-тік формантының  -лы/-лі, -ды/-ді, -ты/-ті формантынан басты айырмашылығы (әрі артықшылығы) – ол көпшілік түркі тілдерінде зат атауларымен қоса, сын атауларын да жасай алады. «-лық/-лік-дық/-дік/-тық/-тік жұрнағы арқылы есім негізден жасалған туынды сын атауы өзі анықтайтын заттың сапалық сипатын, яғни оның тегін, неден немесе одан не істелетінін білдіреді». Ал, түсініп көр!…

Тағы бір айырықша сөз етуді қажет ететін мәселе – шетел тілдерінен енген сөздерге жалғанатын «-ин», «-ив», «-яр» «-он», «-ен», «-аль», «-ель» т.с.с. орыс тілі қосымшаларының үстіне қазақ тілінің «лы(қ)», «лі(к)», «ты(қ)», (ті(к)», (ды(қ)», (ді(к)»  қосымшаларын жалғай салу «індетінен» құтылу мәселесі. Бұл мәселе бойынша көп созбаламай-ақ бір-ақ мысал келтірейік: осыдан біраз жыл бұрын ең жиі қолданылатын сөз тіркестерінің бірі – «индустриально-инновационная программа» сөз тіркесі болды. Осы тіркестің бүкіл ресми құжаттардағы, мерзімді баспасөздегі қазақша баламасы жаппай «индустриальдық-инновациондық бағдарлама» түрінде беріліп жүрді. Дұрысы – «индустриялық-инновациялық бағдарлама», яғни қазақшаға аударғанда, әуелі сөздің түбірін («индустрия», «инновация») тауып алып, қазақ тілі қосымшалары соған жалғануы тиіс қой.

«Полярлық түн», «молярлық ерітінді», «агрессивті әрекет», «конструктивті жоспар», «позициондық күрес», «тура пропорциональды», «функциональдық жүйе», т.с.с.  жүздеген тұрақты сөз тіркестері мен құрастырылу тәртібі осыларға ұқсас түсініктер ғылыми басылымдарда ғана емес, күнделікті ақпарат көздерінде де «өріп жүр». Бұл жайында сөз қозғағанда «тіліміз шұбарланып үлгерді» деп мәлімдеуге мәжбүрміз, себебі бас газетіміз «Егемен Қазақстаннан» бастап, «Ана тіліне» дейінгі аралықтағы бір де бір мемлекеттік басылым мұндай «қойыртпақтардың» байыбына барып жатқан жоқ.

Мемлекеттік органдар болып табылатын ақпараттық басылымдардың басшылары мен қызметкерлері қазақтың «лы(қ)», «лі(к)», «ты(қ)», «ті(к)», «ды(қ)», «ді(к)» жұрнақтарын шетел тілдерінен енген сөздердің түбірлерін өзгерте отырып жалғанған орыс тілі жұрнақтарының («яр», «ив», «тив», «он», «ен», «аль», «ель», т.с.с.) үстіне тіркей салу әрекетінің мүлдем қате екені жайында ойланбайтыны қалай?! «Полярный» сөзінің түбірі – «полюс», орыстар бұл сөзден шыққан туынды анықтауышты, өз тілдерінің ерекшеліктеріне орай, «полюсный» емес, «полярный» деп атаған; «молярный» анықтауышының түбірі «моль», одан туындаған анықтауыштың «мольный» емес, «молярный» болып өрнектелуі де орыс тілі заңдылықтарының сақталу нәтижесі.

Ендеше біз неге аталған түсініктерді «полюстік түн», «мөлдік ерітінді» деп өрнектемейміз?! Өзге терминдер де нақ осы заңдылыққа сәйкес қазақшалануы тиіс, олай болса, жоғарыда келтірілген сөз тіркестерінің дұрыс редакциялары – «агрессиялық әрекет», «конструкциялық жоспар», «позициялық күрес», «тура пропорциялы», «функциялық жүйе», т.с.с.  Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады.

Орыстың «химико-технологический институт», «физико-географические процессы»,  «литолого-петрографические исследования» деген сөз тіркестері «химико-технологиялық институт», «физико-географиялық үдерістер», «литолого-петрографиялық зерттеулер» емес,  қазақ тілінің жазылмаған заңдылықтарына сәйкес, «химикалық-технологиялық институт», «физикалық-географиялық үдерістер», «литологиялық-петрографиялық зерттеулер» түрінде тәржімалануы тиіс.

Ең соңғы мәселе: орыстың «ь» және «ъ» белгілерін қазақ алфавитінен аластайтын уақыт әлдеқашан өтіп кетті. Апыр-ау,  бұл белгілер [әріптер емес, белгілер (!)] қазақ тілінде тіпті де қажетсіз ғой. Қатаңдық белгісі («ъ») қазақ сөздерінде мүлде қолданылмайды десе де болады, ал орыс алфавитіне тиесілі ұяңдық белгісі («ь») бар сөздерді біз қазақша қолданғанда оларды өзіміздің «ә», «ө», «ү», «і», т.с.с. жіңішке дыбыстарымыздың көмегімен еш қиындықсыз-ақ өрнектейміз ғой?! Түптеп келгенде, орыс алфавитінде «ь» және «ъ» белгілердің болуы сол орыс тілінің құдіреттілігінің белгісі емес, оның белгілі дәрежедегі осалдығының белгісі. Әрине, орыс тілін дәрменсіз тіл деуге болмас, алайда оның алфавитінде әріптермен (дыбыстармен) қатар, осы белгілердің болуы сол алфавитке енген әріптер жиынтығының кейбір сөздер легін «дыбыстап беруге» жеткіліксіз екенін дәлелдейді. Біздің әліпбиіміз бұл мүмкіндікті ешбір қиындықсыз орындайтын болса, оған жат белгілерді күштеп енгізудің қажеттілігі қанша?!…

Өзімізге етене жақын геологияға қатысты «Альпийские горы», «альпийская складчатость» деген сөз тіркестері ресми қолданылып жүрген сөзтізбелер мен сөздіктерде «Альп таулары», «альп қатпарлығы» болып беріліп жүргендігін көргенде, кәдімгідей назаланамын. Осы нұсқаны ұсынған әріптестердің қазақша сөйлегенде немесе жазғанда «ь» белгісінен мүлдем арылу қажеттілігі жайында патриоттық сезімі болмағанның өзінде, «Альпийские горы» деген атаудың арғы төркінінде түріктің «Алып таулар» деген түсінігі жатқанын аңғармауы таңдандырады. «Алып» сөзі орыстың «алфавит»  сөзінің негізін құрағаны, яғни түріктің «әліпби» сөзіне негіз болғаны О.Сүлейменов ақынның әйгілі «АЗиЯ» кітабында айтылған. «Әліп» қазақ әліпбиінің бірінші әрпі, оның таңбасы «тік тұрған таяқша» екені белгілі. Әлпі таулары да «тік тұр» және ол шынында да алып таулар! Айтқандай-ақ, кейбір басылымдардан ресми түрде қолданысқа еніп кеткен «Альп таулары» сөз тіркесінің «Альпі таулары» түрінде жазылғанын байқадық. Орыстың ұяңдық белгісі сөз ішінде қалдырылғандықтан, бұл нұсқаның да оңып тұрғаны шамалы, әрине.

Алайда бұл нұсқадағы  «і» дыбысының сөздің аяғына жалғануы оны жазған азаматтың  қазақ тілінің сингармонизм (үндестік)  заңдылығын іштей ұғынғанының белгісі болса керек, себебі  «Альп» сөзін сол орысша күйінде жазуын жазғанымен, оны «і» дыбысынсыз оқу мүмкін емес қой. Бірақ «Альпі» сөзіндегі сол «і» дыбысын сөздің аяғына жалғамай, сөз ортасындағы «ь» белгісінің орнына  қоя отырып, қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес, бастапқы «А» әрпін де  жіңішкертсек, яғни оны «Ә» әрпімен  алмастырсақ, «Әліп таулар» деген жып-жинақы сөз тіркесі шыққан болар еді. Бұл нұсқада тілімізге де  қиянат жасамаған болар едік, кез келге қазаққа сөз төркінін бірден ұғуға да көмектесер едік, яғни терминнің уәжділігін де сақтаған болар едік…

Жоғарыда сөз болған келеңсіз жайттардың бірсыпырасы тілші-ғалымдар тарапынан көптен бері айтылып жүргенінен де хабардармыз. Бұл, әрине, бүкіл мемлекетіміз, оның атқарушы органдары тарапынан ғана шешімін табатын аса келелі мәселе. Бірақ сол жауапты органдар бұл көкейтесті мәселені біржақты шешіп беруге құлық танытпай отырғаны, мәселенің шешілуін еліміздің латын жазуына ауысу мәселесімен байланытыратыны белгілі. Қазақ елінің түркі әлеміне жақындай түсуге талпынуы, жалпылама келешек тұрғысынан алғанда, әрине дұрыс. Алайда латын графикасына көшу мәселесі тап бүгін қойылып, тап қазір шешіле қалатын мәселе емес екенін өмірдің өзі-ақ көрсетіп отыр. Ал бұл қазақ алфавитіне реформа жасау мәселесі де бұдан әрі де кешеуілдей береді деген сөз. Бұл кешеуілдеудің қанша мерзімге созылатыны, әлі де қанша уақытқа орыстың бейресми боданы болып қала беретініміз әзірге белгісіз болып тұр. Қалай болғанда да, бүкіл алфавитке реформа жасау сияқты аса келелі міндетті жүзеге асыру тек мемлекет құзырындағы мәселе екенін мойындай отырып, орыс алфавитінің қазақ тіліне тигізер жағымсыз ықпалын аз да болса азайтуға мүмкіндік беретін кез келген іс-әрекетке бәріміз де қам жасай беруге тиістіміз.

Нәсіпқали СЕЙІТОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА мүшесі.

Бөлісу: