Қазір тегін екпе салдырмасаңыз, кейін ақылы түрде аласыз!

105
Фото ашық дереккөздерден алынды.

Тегін екпеден бас тартып жүргендер, кейін вакцинаны ақылы түрде алады! Соңғы уақытта ел арасында осындай әңгіме тарап, көптің көңілін күпті еткені рас. Алайда жауапты министрлік желідегі бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарып отыр.

Өткен апта депутаттардың қатал сынына ұшыраған Алексей Цой бүгін халық алдына шығып, елдегі эпидахуал бойынша есеп беруді жөн көріпті. Министрдің сөзінше, бүгінге дейін індетке қарсы екпенің қос компонентін 1,5 млнға жуық қазақстандық салдырған. Соңғы зерттеулерге сәйкес, екпе алғандардың тек 0,03 проценті ауырып, отандық препараттың тиімділігі 90 процентті көрсеткен екен. Оның өзінде екпе алып, індет жұқтырғандарда вирус жеңіл формада өткен. Алексей Цой «бұл өте жақсы көрсеткіш» дейді. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «Айта кететін маңызды жайт бар. Қоғамда вирусты бір жұқтырған адам екінші рет ауырмайды деген әңгіме бар. Бұл – қате ұғым. Шамамен 800 отандасымыз індетпен қайта ауырып шыққан. Және олар вакцина алмағандар екен. Бірақ, бір қуантарлығы, соңғы уақытта елде екпе алуға ниетті халықтың қарасы артып жатыр. Мен отандық вакцинаны салдырған едім. Жағдайым жақсы. Ешқандай жанама әсер байқалмады»

Алексей Цойдың мәліметінше, бүгінде өңірлерге екпенің 6,2 млн дозасы жеткізілген. Яғни, қазір қоймалардағы вакцинаның қоры жеткілікті.

«Күзге дейін Жамбыл облысында салынып жатқан зауыт та іске қосылып, отандық екпенің өндірісі айтарлықтай артады», – деді министр.

Алайда, Үкіметтің көктемде берген уәдесі орындалмайтынын Алексей Цойдың өзі де түсінген тәрізді. Қыркүйек айына дейін 10 млн қазақстандық екпе алады деген сөз, сол сөз күйінде қалғалы тұр. Сондықтан минстр Президенттің пәрмені сол болса, отставкаға кетуге дайынмын деп отыр. Ал бұған дейін, екпе ерікті түрде салынып жатқан соң, бұл мәселе әр отандасымыздың өз жауапкершілігінде екенін еске салды.

Бөлісу: