КҮЗ
Бұл маусым жер шары орбитасының күн мен түннің күзгі теңелу нүктесінен күннің қысқы тоқырау нүктесіне дейінгі аралық. Астрономия тұрғысынан 90 күн. (Қыркүйектің 24 жұлдызынан желтоқсанның 22 жұлдызына дейін).
Күзде күн суытып, көлдер мен өзендердің суы тартылады, өсімдіктер қуарып, ағаш жапырақтары түседі. Егін пісіп орылады. Мал қоңданады. Жыл құстары тізбектеліп жылы өлкелерге кетеді. Күн қысқара береді. Жауын-шашынды жаз, қоңыр күз келер қыстың ұзақтығын білдіреді.
Халық аузында күздің бірнеше атауы бар.
Мырза (жомарт) күз – дәнді дақылдар мен жеміс-жидектер пісіп молайған шақ.
Сары (алтын) күз – ағаштардың, өсімдіктердің жапырақтары сарғайып түлеген кез.
Жылауық күз – күн салқындай бастаған, жауын-шашынды ылайсаң мезгіл.
Қоңыр күз – күн бұлыңғыр тартып, қара суық түскен кез.
Қара күз – күздің нағыз суық түскен кезі.
Боқырау – қар жауып, суық түсе бастаған кез, күздің соңғы айлары.
ҚЫРКҮЙЕК
Қыркүйек – күз басы, күзем айы. Сулықтар мен ешкілердің төлдеу мерзімін реттеу, оны жылы айарға келтіру мақсатында жыздың басында қошқарлар мен текелерге байланған күйек 90 күннен кейін алынатын мерзімге сәйкес келуіне байланысты айға «қыркүйек» атауы берілген.
Қыркүйектегі біраз күндік ерекше жайлы шуақ – «мизам шуағы».
Айдың соңғы, қазан айының бас кезінде киік, ақбөкен, қарақұйрық текелері үйірге түсер шақтағы бұл амал (он жеті тоғыс) – Киіктің матауы.
«Тамыз бәрін пісіреді, қыркүйек табаққа түсіреді» дейді халық.
Қыркүйекте
- Алғашқы күндері күн күркіресе – күз жылы; жауынсыз жылы болса, күз кеш түседі;
- Жидек өнімді болса – күз ылғалды, өнімсіз болса құрғақ;
- Ауа райы құрғақ әрі жылы болса, қыс кеш түседі;
- Ағаш жапырақтары ерте түссе, қыс та ерте түседі;
- Ағаш жапырақтары түгел түспесе – қысқы ауа райы бірқалыпты;
- Қайың мен емен жапырақтары тегіс түссе – келер қыс қаһарлы;
- Қайың жапырақтары жоғарғы бұтақтардан бастап сарғайса, көктем ерте келеді, төменнен бастаса – кеш;
- Шырша бүршіктері төмен өссе, аяз ерте тұрады, жоғары өссе – қыстың соңы суық;
- Көктерек жапырақтары тегіс жазылса – келер қыс суық, ішкі беті жоғары қарай бүріссе – қыс жылы, әрі-сәрілігі – қыстың қолайлылығы;
- Айдың ортасында күн бұлыңғыр болса – күз жауын-шашынды, ашық болса – жайма-шуақ;
- Айдың соңғы күндері мұз сүмелектері ұзын болса – келер жаз ұзақ;
Айдың соңы жазбен қоштасу. Күн салқындап,жан-жануарлар, құрт-құмырсқалар қысқы қоныстарына жайғасады.
ҚАЗАН
Ерте кезде ай «ҚҰЗАН» аталған. Бұл кезде жыл құстары жылы жаққа ауып, жергілікті мекендерде қарға, құзғындардың қалуы ай атауына себеп болуы мүмкін.
ҚАЗАН – алғашқы үсік жүретін қара суық айы. Бұлт қоюланған жаңбырлы, су беті қабыршықтанып, бозқырау түсер күзгі сілбір шақ. Түні қараңғы. Кеш піскен жеміс-жидек, бау-бақша, көкөністер суыққа ұрынар, ондай өнімдерді «Қазан соқты, қазан ұрды» дер шақ.
Бүкіл қысқа жетер соғым союға ерте болғандықтан, қазанда жұрт жылқы мен қарамалды бірлесіп сойып, жіліктеп, аяқтап бөліседі де, келер соғымға дейін талғажау етеді. Бұл – ел аузында «қазан асы».
Осы айда мезгілі жетіп сарғайған терек жапырақтарын жерге төккен желді қазанның жапырақ желі дейді, төгілген жапырақтары – «қазан жапырақ», ал ызғарлы қатты желі «қазанның қара дауылы» атанған.
Қазан айының соңында, қарашаның бас кезінде 5-10 күндік жауын-шашынды кезде бұғы маралмен насай топыр құрады. Он бас тоғысқа сәйкес келетін бұл амал – «бұғының мойын жуары».
Қазанда бүкіл ауыл шаруашылығы жұмыстары жинақталады.
ҚАЗАНДА
- Айдың басында жел арқадан соқса – суықтық, түстіктен соқса – жылылық әкеледі, батыстан соқса – ауа ылғалданады, шығыстан соқса – жайма-шуаққ; солтүстік батыстан өткір жел соғуы келер қыстың қаһарлылығын меңзейді; қар жауса, қаңтардың соңында, ақпанның басында күн жылынады;
- Алғашқы ызғарда ағаш жапырақтары сарғаймаса немесе үзіліп түспесе, күн қайта жылынып, ауа райы тұрақтанады;
- Жаңа ай жаңбырлы күні туса – келер ай түгел жаңбырлы;
- Алғашқы қар жер құрғақта түссе, тез ериді, ылайсаң кезде түссе, жатып қалады; шие жапырақтары түспесе, қар қанша жауса да тез ериді;
- Тұман кешке түсіп, тез тараса, қатқақ болады;
- Құйрықты жұлдыз туса, өзен сулары тартылады;
- Күндіз жауған қар көп жатпайды, түнде жауса, ұзақ жатады;
- Күн көкжиектен тез көтеріліп, аспан шайдай ашылса, ауа райы өзгереді;
- Пияз қабығы қат-қабат көп болса – келер қыс қаһарлы;
- Емен мен қайың жапырақтары түгел түспесе – қыс қатаң, бірден түгел түссе, жұмсақ қысты күт;
- Қарағай мен шыршаның бүршігі аз болса – келер қыстың аязы сынық;
- Күн күркіреп, найзағай жарқылдаса – келер қыс қысқа әрі жұмсақ;
- Күн тұтылса – қыс қатты, келер наурыз, көкек, мамыр айлары жаңбырсыз, құрғақ;
- Айдың орта шенінде күн жылынса, жылылық үш жұмаға созылады; қар аралас жаңбыр жауса, қаңтарда екі-үш рет жаңбыр жауады; күн ашық жылы болса – келер жылғы маусым жаңбырлы, салқын болады.
ҚАРАША
Қарашаның атасы – қыркүйек, әкесі – қазан, қосағасы – қыс. Қараша – жылдың іңірі, қыстың босағасы. Қараша – қара суық айы, арбамен қоштасар, шанаға топтасар кез. Күпіні шешкізіп, тон кигізеді.
Қараша – «Толған Ай тұрса Үркерге қарсы қарап, қыс түсер шақырайып, боран сабап» дейтін он үш тоғыс айы.
Қарашада аспан түнереді. Жер бауырлап дымқыл тұман түседі, зілмауыр бұлттар көшеді. Күн қысқарады, ашық шуақты кез сирейді. Қар кейде жауып, кейде еріп, түнге қарай тоң қатады. Қарашада қара жерге қар түспей соққан өткір желді салқындықты – «қара суық» дейді.
Қарашаның қары-ала шабыр жолдас қар.
Қарашаның аяқ кезінде (он үш тоғыста) таутеке тауешкімен, құлжа арқармен үйірге түседі. Бұл амал – «теке бұрқақ( бұрқылдақ)». Бұл айда төл марқайып, мал семіреді. Күзеу тозып, жаздай мал тұяғы таптаған өріс қараяды. Жердің оты кетіп, бел-бедері күлгін тартады. Ащы шөптер ғана шырын жинайды. «Қараша – қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» (мәтел) айы.
ҚАРАШАДА
- Маса ұшыраса – қыс жылы, күн күркіресе – қаһарлы;
- Ай тұтылса – келер қыс суық, ай шалқасынан туса, қар қалың түсіп, қаһарлы қыс ұзаққа созылады;
- Ағаш бұтақтарын қырау басса, ертеңіне қар жауады, шөпке ызғарлы қырау қонса, жаңбыр жауады;
- Қар ерте түссе, көктем ерте келеді;
- Найзағай жарқылдаса, келер жаз жаңбырлы;
- Кемпірқосақ көрінсе, қыс қатты, көктем жаңбырлы болғанмен, жаз ыссы, қуаңшылық.
БІРІНШІ ОН КҮНДЕ
- Тоң қатып, салқын жел тұрса, қаңтарға дейін қар жаумайды; ағаш жапырақтары түспей, жауған қар ұзақ жатпайды; ашық күн болса – келер қыс жылы; бұлт жиі үйірілсе, желтоқсан айының ортасында қатты аяз тұрады.
ЕКІНШІ ОН КҮНДЕ
- Түскен тұман тез тараса, күн жылынады; қар жауса – келер қыс қаһарлы; бұлтты және желді келсе, қаңтардың басында қар көп жауады.
ҮШІНШІ ОН КҮНДЕ
–Құдықтың суы көтерілсе – аяз тұрады; қар аралас жаңбыр жауса, желтоқсан айында күн жылынады; айдың соңғы күні, ауа райы қандай болса, қыс бойы сондай.
Нағыз қыс алғашқы қардан кейін 40 күннен соң түседі.