Қазақ өмірінде бала асырап алу дәстүрі ежелден келе жатқан қағида. Өз кіндігімен баласы болмаған ерлі зайыптылар ақылдасып үлкендерден ата-анасынан бата алып бала асырап алған екен. Қазақ халқы: балалы үй – базар, баласыз үй қу – мазар» деп, балалы-шағалы, қызы моншақты, ұлы он шақты болуды өте жақсы қөреді. Әне, сондықтан да балалы-шағалы болып, ұрпақ ізін жалғастыруға тырысады
Онда түрлі себептермен ұрпақ көре алмағандар «атымды өшірмеймін, түтінімді үзбеймін» деп басқа балалы-шағалы туыс-туғандарынан бала асырап алып, ұрпақтар бойы өз шаңырағының отын сөндірмейді.
Кейбір адамдар ұлы болғанымен қызы, қызы болғанымен ұлы жоқ болса, басқа туыс-туғандарынан өз қажеттеріне лайық бала асырап алады.Тіпті кейбір білікті кісілер туыс-туғандар арасындағы береке-білікті мәңгі сақтау мақсатында да бір-бірінен бала асырап алады. Бұл салттың да тәрбиелік мәні зор- дейді белгілі Нүсіпоқасынұлы Айыптың «Тал бесіктен жер бесікке дейін» жинағында көрсетілген.
Қазақта ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, ұл балаға оң қолына асықты жілік, қыз баласына тоқпан жілік ұстатады. Мысалы, «… Тiлеу көкiрегiнде әлдене үзiлiп кеткендей ышқынып қалды. Қолына асықты жiлiк iлiнiптi. Бауырың қаңсып кiсiден бала асырасаң, қолына әуелi асықты жiлiк ұстат. Әйтпесе, ата-анасы ертең құн сұрауы мүмкiн…» (Ә. К. «Бiр шоқ жиде», 129)
Асықты жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өзінің әке -шешесі балаға таласқан жағдайда, асыраушы адам «оң қолына асықты жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебіне жүреді. Осыдан кейін сол үйдің әйелі перзентті болса онда асырап алған баланы бұдан былай «Майқұйрық» деп әлпештеп, оны бұрынғыдан да жақсы көрген.
Алайда бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке-шешесінің аты айтылып, жаназасы шығарылады. Асырап алған бала ержеткен соң өз еліне не өз әке-шешесіне кетем десе, оған қарсылық білдіре алмайды. Әсіресе үйленгеннен кейін бөлек тұруға әбден ерікті. Асырап алған баланың тегі бөтен рудан болса әкесі өлген соң басқа балалармен бірдей мұра үлесін алып өз еліне кетуге болады. Өз туыстарынан алынған бала болса, ол заңды түрде мұрагерлік етеді. Туысқан адамдар бір-бірінен бала асырап алған жағдайда, ол балалар тек емген құлын сияқты екі отбасының да қамқорлығында болады. Өгей шеше өгейлігін жасаса, асырап алған баладан да ши шықпай қоймайды. Әсіресе әке өлген соң, оның туған балалары мен асырап алған балаларының арасында бірлік болмайды. Бұл жайында айтқан этнографтардың кітаптарында зерттелгендей былай делінген.
Әкелерінің тірі кезінде,әр түрлі жағдайларға байланысты,берген ұлын да, қызын да келісе отырып қайтадан алу мүмкін. Мысалы, бір ұлын туысына берген адамның өзіндегі ұлдары өлген жағдайда, әсіресе өлген ұлдың жесірі қалса, асырауға берген ұлын қайтып алуына болады, асырап алған әке де бұған қарсы болмайды.
Жеті жарғы бойынша «Асырап алуда» былай делінген.
Асырап алу қазақ ғұрпында өте жиі кездеседі. Оған негізгі себеп елдің басындағы жауапкершілік, қоғамды толық игеріп отырған туысқандық байланыстар жүйесі, ру ішіндегі ер адамдар көп болсын деген мүдде. Қазақ шежіресінің ұзын ырғасы осындай асырап алу оқиғаларын жиі баяндайды. Соған қарап қазіргі қазақ руларының көпшілігі белгілі бір тарихи кезеңде бір-бірімен саяси жəне шаруашылық мүденің ортақтығы жақындастырған қауым деп есептеуге болады. Бала асырап алған кезде, қазақ ешкімді де бөтенсінбейді, ағайын-туыстың баласы, алыс жамағайын бәрі өз баласындай бауырға басқан.
Бала асырап алатын адам алдымен ел ақсақалдарына, ру басы көсем-биге осы шешімін хабарлайды. Елді жиып, қазан көтереді, ақсақалдардың батасын алады. Баланың қолына қойдың, не жылқының асықты жілігін
(қыз балаға тоқпан жілік) ұстатып үйге кереге астынан кіргізеді. Ол үшін бірнеше қарулы жігіттер киіз үйді аздап көтереді, сол саңылаудан бала үйге еңбектеп кіреді. “Асықты жілік ұстады ма екен?” деген сөз осыған байланысты қалған, ол жілікті ұстаған бала əкеден қалған жан мен малға мұрагер есепті.
Киіз үйдің ішіне енген соң, сол ауылдың жасы үлкен əйелдерінің үш-төртеуі тізіліп тұра қалып, асырап алынатын бала аяқтарының арасынан жорғалап өтеді. Ол да болса осы елдің баласы, ешкім бөтенсімейді деген ишара.
Үшінші бір ғұрып бала асырап алушының əйелі, осы шаңырақтың бəйбішесі, бір үлкен көйлегін киіз үйдің оң жағына төсейді. Бала сол көйлектің жағасынан кіріп етегінен шығады. Бұл ишара бала сол бəйбішенің ішінен шықты дегенмен бірдей (киімді бала).
Этнограф ғалым Кенжеахметұлы Сейіт «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет ғұрыптары» атты кітабында баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы ежелден бар дәстүр. Мұның да жөн-жоралғылары бар. Мысалы, жаңа туған нәрестені асыраушы анасы шаранасынан етегіне салып алады. қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асықты жілік ұстатқан, – деп жазған.
Бала асырап алу бүгінгі күні де маңызын жоғалтқан жоқ. Тағдырдың тәлкегімен мұндай жағдайлар көп кездеседі. Бала сүйе алмай жүрген отбасылар асырап алу, туысының баласын бауырына басу, сонымен қатар түрлі медициналық жолдарға жүгініп жатқан жағдайлар кездесіп жатыр. Мысалы: өз тәжірибемде, жас отбасылар ағайын туыстарының баласын бауырына туыла салып басқан отбасыларды да көргеніміз бар. Бірақ, ырымдап асырап алған «Майқұйрық» баладан кейін құрсақ көтеріп балалы болған жанұялар кездестірдім.
Қорыта келгенде, ұлттың басты белгісі – ұлттық руханияттың, ұлттың сана-сенімінің болуы. Ал ұлттық руханияттың өмірдегі көрінісі – әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер. Әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүр адамның өмір сүру формасының мазмұны болып есептеледі. Екеуі бір-бірімен тығыз байланысты; бірінсіз бірі жоқ. Халықтың ұлттық болмысы, ерекшеліктері, арман-аңсары, тұрмыс-салты өнер тілімен шынайы өрнектеліп, рухани өмірдің өзегін құрайды.
Пайдаланылған әдебиеттер.
- Айып Нүсіпоқасұлы. «Тал бесіктен жер бесікке дейін». «Өнер 21-ғасыр» баспасы 2014ж. 11- бет.
- Халел Арғынбаев. «Қазақтың отбасылық дәстүрлері». Алматы «Қайнар» баспасы 2005ж. 32-34 бет.
- Сейіт Кенжеахметұлы. «Қазақтың салт- дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары». Алматы «Атамұра» баспасы 2010 — 2013 жыл.25-бет.
- «Қазақ халқының салт-дәстүрлері». Алматы «Көшпенділер» баспасы, 2004ж. 26-бет.
- Сейіт Кенжеахметұлы. «Қазақ халқының салт- дәстүрлері». Алматы «Алматыкітап» баспасы 2004 жыл.71-бет.
Дайындаған: «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының» қызметкерлері Пазылбекова Г., Кәдірбек Л.
13.01.15ж.