ТУҒАН ЖЕР АЛТЫН БЕСІК

225

XXI ғасыр әлемде тоқтаусыз өзгерістер мен ғарыштап дамулар ғасыры десек қателеспеспіз. Әсіресе, адамзат үшін арпалысып, алмағайып күн кешер уақыт. Міне осындай заманда ғұмыр кешіп, уақыттың жалына жабысып күн кешер заман. Кімде кім сол уақыт жалынан айырылса құрдымға кетері  анық. Осы ұзақсонар жолда әлемде өз биігіне шығып, дамыған алпауыт мемлекеттер қаншама. Кешегі кеңестік кер қоғамда ресейдің боданында тұншығып, қатігез уақыттың уысында қалып, өз тілінен, ділінен айырылып қалған ұлттар қаншама. Қазақ ұлты да осы бір ауыр да азапты жолды басынан өткерді. Қаншама арыстарымыздың осы жолда жаны құрбан болды. Бүгінде тәуелсіздік алып марқайып отырсақ ол – сол арыстарымыздың арқасы, бабалардың ақеділ арманы.

Еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел қатарына қосылып, уығын қадап шаңырағын көтергелі ширек ғасыр ғана уақыттың жүзі болды. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда осындай аз ғана уақыт ішінде әлемдік деңгейде биікке көтерілген мемлекет ол – Қазақстан. Бұл туралы әлем саясаткерлері де айтып жүр.

Еліміз дамып, етегімізді жауып, есімізді жиып, алдыға стратегиялық үлкен жоспарлар қойып, сол мақсатта дамып келе жатқаны айтпаса да айдан анық, күннен раушан. Сол өте ірі жобалардың бірі, ұлт үшін, қазақ ұлты үшін жасалып жатқан жоба ол – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жобасы. Бұл жоба аясында еліміздің үшінші рухани жаңғыруы басталды деп Елбасы айтқан болатын. Міне, осы қазақ үшін басталған үшінші рухани жаңғыру аясында ел болып, ұлт болып үлкен қадамдар жасалып жатыр. Мәселен Қазақстанның жер жерінде әр түрлі рухани жаңғыру аясында  іс-шаралар болып, рухани жаңғыруды дәріптеп жатқаны әмбеге аян. Елбасы рухани жаңғырудың ішінде «туған жерге тағзым» атты үлкен бөлім арнайды. Сол бөлімде былай деп ой толғам жасайды: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді  айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» дейді.

Иә, Елбасының осындай үлкен мақсатта жариялаған рухани жаңғыру бағдарламасының аясында еліміздің солтүстік облысы, яғни Қостанай облысының Арқалық-Торғай тас жолында ұлт батыры Кейкі Көкембайұлының рухына тағызым етіп, кесене орнату қолға алынуда. Ұлт батырын ардақтап, өз туған жерінде дәріптеп, болашақ ұрпақ санасын жауынгер бабаларының рухымен тәрбиелесе нұр үстіне нұр болмақ. Әрі Елбасы айтқан рухани жаңғыру дегеніміз, туған жерге тағызым дегеніміз осы болу керек.

Елбасы жариялаған бағдарламадан кейін осы сияқты еліміздің өңірлерінде түрлі іс-шаралар аталып өтіп, жасалып жатқан дүниелер қаншама. Соның тағы біріне тоқталып өтсек. Еліміздің батыс өлкесінде Ақтөбе облысында тұңғыш рет «Туған жер» форумы аталып өтті. Мұндай форум бұрын соңды Қазақстанда өтпеген еді. Бұл да рухани жаңғыру аясында болып жатқан шара. Бұл шараға мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова туған жерге келген ақтөбеліктерге жүрек жарды тілегін арнады: «Атамекенін аңсап, алыстан атартып келген отандастарымызды, баршаңызды «Туған жер» республикалық форумының ашылуымен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамдық сананы жаңғыртатын ауқымды істерге жол ашып берді. Рухани жаңғыру Қазақстанның мүлдем жаңа сипаттағы буынын қалыптастыратын бірегей жұмыс» деп ой сабақтайды.

Дана халқымыз  «ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деп бекер айтпаса керек. Бүгінде өз туған жеріне туын тігіп, ұлты мен халқы үшін үлкен істер жасап жатқан қалжа жеген ұлдар қаншама. Елбасының «туған жерге тағзым» атты осы бір сәулелі ойын қордаландыра түсетін ол – халық. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Әрбір азаматтың өз туған жерін, кіндік қаны тамған жерді дәріптеп, оны төбесіне көтеруі, бұл нағыз ұлт жанашырының, нағыз патриотизмнің ісі болмақ. Ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» деп жазады. Расыменде. Еліміз балам болашағым жастар деп еміреніп жатқанда қарап қалу бізге сын. Ендеше іске сәт!

Бөлісу: