Айдың үркерді басып өтуі – тоғыс деп аталады. Тоғыс кезінде үркер айдың арғы жағында қалады, жердегі адамдарға көрінбейді. Қазақ күнтізбесі.

Жер шарын мекендеген халықтар ішінен түркі тектес халықтардың жыл санауы мен күнтізбесі мүшел есебі мен тоғыс ай есебі – замандар толқыны мен уақыт сынынан өшіп біздің заманымызға жеткен асыл мұраларымыздың бірі болып табылады.

Замана ағымында талай аумалы-төкпелі жылдарды, зобалаң бейнетті, қырғын апатты басынан кешкен қазақ халқының көне мұраларының біразы жылдар тасасында қалып бүгінге жетпей, жоғалғаны ақиқат. Соның ішінде халқымыздың өзіне тән күнтізбесі де бірге кеткендігі шындық. Ал, бізге аты-жөні ауысып-қиысып, жұрнағы ғана жетті десек болады. Асыл мұрамызды қайта қарап, бар-жоғын түгендеп, бір жүйеге келтіру бүгінгі ұрпақтың абыройлы борышы.

Көнеден қалған асыл мұрамыздың әртүрлі нұсқалары жер-жердегі қазақ қауымының ішінде әртүрлі қолданылып жүрген.

Ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозған, ұлан байтақ қазақ даласын мекендейтін және тағдыр тәлкегінен шығандап кеткен қазақтар арасында ай аттарын көне жаңасы, арабша, орысша аралас әртүрлі атап келгендігі белгілі. Әсіресе, ай аттарын көп жерде қолданса, кей жерде орысша, бірде қазақша ескі аттарымен атаған көрінеді. Ай аттары ұмытылып, жұлдыз аттары, кейде амалдардың аттары ауысып қолданылған.

Аталмыш тақырып төңірегінде Шәкәрім Құдайбердіұлынан Әлкей Марғұланға дейін көптеген адамдар қалам тартыпты. 1923-жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Қазақ күнтізбесі» қазақ мәдениетіне елеулі үлес қосқандығы белгілі. Әйтсе де, күні бүгінге дейін нағыз өмірде қолданылып жүрген ортақ күнтізбе жоқ.

Қазақ жұртының уақыт есебіндегі үркер шоқжұлдызына негіздеп жүргізілетін «Тоғыс есебі» ерекше маңызды. Тоғыс есебі шаруа жайымен, мал шаруашылығымен шұғылданып өмір кешкен байырғы қазақ халқының үркер қозғалысына негізделген күнтізбесі.

Тоғыс есебін жүйрік білетін есепшілер мен көкірегі дана қариялар азайып кетсе де ескі сүрлеумен із шолуға ниет еттік. Айдың үркерді басып өтуі – тоғыс деп аталады. Дәл тоғыс кезінде үркер айдың арғы жағында таса қалады да жердегі адамдарға көрінбейді. Ай жылжып өткен соң тоғыс аяқталып, үркер көрінеді. Ай тоғаған кезде ауа райы бұзылып, өзгеріс болады. Тоғыс үш күнге жалғасады. Алғашқы күні тоғайды. Келесі күні ауыл үй қонады. Үшінші күні өтіп шығады.

Бір тоғыстан екінші тоғысқа дейінгі мерзімді тоғыс айы деп атайды. Үркіп үйірінен бөлінген малға ұқсатып үркер деп атаған. Үркер күн мен айдың орбитасына жақын болғандықтан оған қатысты күн мен айдың орналасуына қарап жыл мезгілін, айдың қай тоғыс екендігін анықтап отырған. Күнтізбесін үркердің қозғалысына көшпелі халық шаруашылығын, науқанды жұмыстарын да тоғыс есебіне сәйкестендірген.

Үркерге қарап қыс пен жаздың басын анықтаған. Халықтың «Үркер шаңырақтан көрінсе, үш ай тоқсан қысың бар, ел жатқанша үркер жанбасқа келсе, жаз шықпағанда несі бар» деп тәмсілдеген. Күз басында үркер іңірде күншығыстан, қыс басында іңірде төбеде, көктем басында іңірде күн батыстан көрінеді. Ал, жазда үркер түнде көрінбейді.

Тоғыс айының ұзақтығын ғылымда 27 күн 7 сағат, 43 минут деп есептейді. Мұны жуық шамамен 28 күнмен есептейміз. Бір жылда 13 тоғыс айы бар немесе ай мен үркер бір жылда 13 рет тоғысады.

Тағы да оқыңыздарhttps://dasturkb.kz/nauryz-k-zhemen-birge-dastar-an-a-ojylatyn-zheti-t-rli-as-ta-am/2021/

Қазақ күнтізбесі жайлы.

Жаз басында үркер аспан сферасының екінші жартысында көкжиектен төмен кетеді де, жер шарының солтүстік жартысындағы елдерге 40 күн көрінбейді. Қазақ мұны үркер 40 күн жерде жатады деп айтады. Сол 40 күнде екі рет тоғысуға тиіс. Бірақ біз көре алмаймыз, тек он бір тоғысты ғана көре аламыз.

13 тоғысты 28 күнмен көбейткенде 364 күн болады. Бұл мизамша санаудан бір-екі күн кем деген сөз. Бұл күндер жыл аяғында тоғыстан тыс қосылып отырады. Тоғыс есебі бойынша жыл басы — бір тоғыс ай. Ол әрдайым май/мамыр айына сәйкес келеді. Бұрын жыл басын мамыр айынан есептеген. Бұл айда құстар келіп болады. «Жыл құсы» деген атау осыған байланысты.

Сонан соң 25,23,21,19,17,15,13,11,9,7,5,3 тоғыс айлары келеді. Ең ақырғы тоғыс – 3 тоғыс айы. Тоғыс үнемі тақ санға келе бермейді. 4,6,8 тоғыс та болуы мүмкін. Қалыптасқан дәстүр бойынша оны тақ санға сәйкестендіріп айта береді.

Тоғыс есебі ежелгі түркі және үнді халықтарына белгілі болған. Мәселен, қазақтар, қырғыздар, хакастар, алтайлықтар, тувалар қолданған. Тоғыс айларының әдеттегі айлармен сәйкестігі төмендегідей болып келеді.

23 тоғыс Шілде

21 тоғыс Тамыз

19 тоғыс Мизам

17 тоғыс Қазан

15 тоғыс Қараша

13 тоғыс Желді

11 тоғыс Қаңтар

9 тоғыс Үштің айы

7 тоғыс Бірдің айы

5 тоғыс Көкек

3 тоғыс Мамыр

1 тоғыс Маусым

Көшпелі қазақ халқы күйек алу, бие байлау, мал төлдету, көшіп қону сияқты шаруа науқандарын тоғысқа үйлестіріп ұйымдастырып отырған. Моңғолиядағы қазақтар тоғыс есебін бүгінге дейін қолданып келеді. Алайда тоғыс есебін дұрыс болжайтын көнекөз қариялар азайғандықтан ағаттықтар орын теуіп, әр жерде әр түрлі есептеу кездесіп жүр. Бұл – ортақ нақтылы күнтізбенің болмауына байланысты. Сондықтан осы ғылыми мақаланы бірер кітаптар қарап, күнтізбеге байланысты жинақтаған мағлұматтар мен материалдарды қорытындылап, тұжырымдап жазып отырмын және де Абақ Керейдің Жәнтекей руының Қаражан әулетінен тараған марқұм қарт әкем – Қабисат Можанұлының және Бүркітбай Әбиұлының, Жапан Бұлықбайұлының шерткен әңгімесі, қалдырған мағлұматтарына негізделген.

Тағы да оқыңыздар: https://dasturkb.kz/enshi-beru-salty/2021/

Тоғыс есебімен тығыз байланысты есептің бірі – амалдар. Амал – кейбір айларда 5-10 күнге, кейде бірнеше аптаға созылатын ауа райының қолайсыз кезі немесе айдың қолайсыз бөлігі. Амал байырғы қазақ күнтізбесінде март/наурызға сәйкес келетін ай атына байланысты шыққан.

Зодиактың тоқты деп аталатын шоқжұлдызын арабтар Әл-Хамал деп атаған. Амал атауы осыған байланысты шыққан тәрізді. Амалда ауа райы бұзылып, адамға да, малға да жайсыз болып, қара суық, ызғырық жел, не жауын – шашын, қар жауады. Амалда тиянақты астрономиялық не метрологиялық заңдылық болғанымен жыл сайын дәл сол мерзімде ауа райында өзгеріс болатындығы өмір шындығы.

Қазақ күнтізбесі жайлы.

Керей қазағы амалды былайша есептеп, шаруашылығын осыған үйлестіріп келген. Қазір де амалды есептеу бар. Бірақ әркім өзінше болжап, ауыстырып-қиыстырып алу сияқты қателік кездесіп отырды.

Тоқырауын амалы – қаңтардың жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады. Бұл – күн тоқтаған кезге байланысты келетін амал.

Ақпан амалы – Үттің айының онында жүріп, он бесінде шығады. Халық аңызында Ақпан-Тоқпан есімді ағайынды екі жігіт кезекпен қой бағады екен. Ақпан қой жайған күні ауа райы кенеттен бұзылып, қоймен бірге ығып, далада үсіп өлген. Сол қыс жұтқа айналып, содан ақпан амалы қалған дейді.

Үт амалы – үттің айының жиырмасында кіріп жиырма бесінде шығады. Арпа бидай сатқан сарт елден жиған-терген малын айдап бара жатып, жолда қырылған, жазғытұрым құрттағанда табылған. Соған байланысты «Үт кірді, сарттың көтіне құрт кірді» дейді. Сарттар күзгі берген егінінің борышын жинап, жаңа егін қамына кірісетін кез болса керек.

Наурыз амалы – бірдің айының онында кіріп, он бесінде шығады.

Әз амалы – бірдің айының жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады. Әзді ақ сақалды үлкен қария адамның бейнесімен бейнелеп түсінеді. «Әз болмай – жаз болмас, жаз болмай — мәз болмас» — деген сөз қолған.

Отамалы – көкектің онында кіріп, он бесінде шығады. Сіріңке жоқ заманда көрші ауылдан от алуға барған әйел қайтып үйіне жеткенше бұрқақтан адасып, үсіп өледі. Осыдан отамалы атанған. «Отамалы – оңына бақса от алғанша, терісіне бақса оталғанша» деген тәмсіл сөз бар.

Сәуір амалы – мамыр айының онында кіреді. Кейбір жылы сәуірде ауа райы бұзылып, 40 күнге жалғасады. Қариялар сәуір амалы кіргенде бұлтты бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойды дейді. Ол жылы сәуір амалы ұзаққа созылып, бұлт төніп, мұз жауады. Сондықтан «сәуір болмай, тәуір болмас» деген тәмсіл айтады.

Саратан-Зауза амалы – маусымның онында кіріп, он бесінде шығады. Сары атан түйеге мінген Зауза атты қыз Құрбан айтта қыдырып, жолда үсіп өлген дейді. Содан Саратан-Зауза атанған. Амалдар жөнінде басқа қазақ жерлерінде әр түрлі варианттар айтылуы мүмкін. Бұлардың сыртында «көкірекшал», «құралайдың салқыны», «аласапыран», «бұлбұл торғай» сияқты амалдар айтылады. Март айының (көкектің) жиырмасы кезінде аласапыран деген амал кіреді.

Құралайдың салқыны – шамамен мамырдың жиырмасында болады. Бұл – аң төлдейтін мезгіл. Сол кезде тау басына бұлт төніп, аспан бұзылады. Аң солай өрлеп бұлтпен тасаланып төлдейді. Амал бірнеше күнге жалғасады. Киіктердің құралайы аяқтанады. Амал аты осыған байланысты қойылған.

Бұлбұл торғай амалы – жаз басында болады. Жаз торғайының келуіне байланысты болуы мүмкін.

Тоғыс пен амалдарды есептеу – Монғолиядағы қазақтар ортасында әлі де бар болғанымен толық, нақтылы емес. Сондықтан осы мақала дұрыс болжауға септігін тигізер деген үміттеміз.

Ал, қазақша ай аттары – Қазақстанда амал аттарымен ауыстырып қолданылып келеді. Біздің елдің ұғымынша Ақпан, Наурыз, Сәуір деген ай емес, амал аттары. Монғолия қазақтары Ақпанды – Үттің айы, Наурызды – Бірдің айы, Сәуірді – Көкек айы деп атайды.

Көне түркілерде жыл есебі реттік санмен айтылған. Кей айларды реттік санмен атау Қытай және Монғолия қазақтарында сақталған. Моңғолия қазақтары жыл он екі айды Қаңтар, Үттің айы, Бірдің айы, Көкек, Мамыр, Маусым, Шілде, Тамыз, Мизам, Қазан, Қараша, Желді деп атайды.

Халық жыл маусымда күн мен түннің теңелуін, күннің ұзаруы мен қысқаруын мұқият қадағалап отырған. Бұл дәстүр әлі де жалғасын тауып келеді. Осыған байланысты халық арасында ертеден қалыптасқан тәмсіл сөздер сақталған. Мәселен, «Күн тоқырауда торғай адым, қаңтарда қарға адым ұзарады,  Шілдеде шіл адам қысқарады» деген сөз бар.

Үштің айы – күштің айы дейді. Бұл – аяз күшейетін ай. Бірдің айы – сүрінің айы дейді. Бұл ет сүрленетін ай.

«Көкекте – көк ішек» деп тағы айтады. Көкекте көк шығып, малдың ішегі көгереді. Мамырда – май ішек дейді. Мамырда малдың ішегіне май жүгіретін ай деген сөз.

Халқымыз осылай жыл он екі ай мен жұлдыздар әлемін, ауарайы құбылыстарын бір шама жақсы білген, білгір жұрт –  қазақтар екендігі жоғарыдағы мәліметтерден айқын көрініп тұр.

Қазақ күнтізбесі жайлы.

Қадан Қабисатұлы, Моңғолия, Бай-Өлгий аймағы

 

Тағы да оқыңыздар: https://dasturkb.kz/nauryz-k-zheni-asietti-ara-azan-a-pisiru-kerek/2021/

Бөлісу: