Наурыз жаңаша, тамаша тойланса…

                                           «Халқын сүйген – халқының салтын сүйеді.»

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көктем мерекесі Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырымдама жасауды ұсынған болатын.

Бастама басшыдан демекші, наурыз мейрамы тұжырымдамасын бекіту бойынша жоба құрылған. Жобада негізгі мақсат, міндеттер белгіленген. Құжатқа сәйкес наурыз мерекесі 14-23-аралығында атап өтілмек. Әрине, бұл қуанарлық игі іс.

https://dasturkb.kz/nauryz-mejramyn-10-k-n-tojlau-synyldy/2021/

Белгіленген 10 күндегі игі дәстүр істерде Наурыз мерекесінің ерекшелігі жатыр, әр дәстүрдің астында мән-мағына, тәрбие жатыр. Игілікті істерге, бірлікке, қайырымдылыққа тағы да басқа ізгі істерге шақыратын бұл мерекенің маңызы зор. Сондықтан бұл мерекенің маңыздылығын арттыру қажет.

Наурыз – жаңару мерекесі. Бүгінде «Ұлыстың ұлы күні – наурыз мейрамы қалай тойлануда?» деген сұрақ көпті мазалауда. Біз мерекені өткізуде киіз үй тігумен ғана шектелеміз, ол киіз үй халыққа қызмет етсе ғой, киіз үйлер жабық, тек көрсетілімге ғана құрылатын сияқты. Әр киіз үйде іс-шаралар өтіп жатса.

Сол күні бір киіз үй «Неке сарайы» аталып, бірнеше жас-жұбайлардың қазақ дәстүрімен, қазақша нақышта, Қыдыр атаның батасын алып, некелерін қию дәстүрге айналмасқа.

Ұқсас материалдар: https://dasturkb.kz/nauryz-k-zheni-d-st-rli-tehnologiyasy-zh-ne-tarihi-filosofiyasy/2021/

Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша наурыздың 21-түні даланы  Қыдыр ата аралайды. Сол себепті осы түн Қыдыр түні деп аталған.

      Наурыз – қуаныш мерекесі.Балалар жаңа жылда Аяз-атаны тағатсыздана күтіп, сыйлығына асығады. Неге біздер Наурыз мерекесінің айнымас айшығына айналған, қашанда елінің есендігін, жұртының тыныштығын тілеп жүретін қасиеті артқан Қыдыр атаның ақ батасы мен ақ тілегін бала санасына тереңірек құйып, әдемі етіп қазақ нақышымен өрнектеп сыйлықтарын таратуды дәстүр етпеске.

  Наурыз – кешірімділік мерекесі. Сондықтан «Әулет әдебі» күні аталып, бір әулеттің кәрі-жасы жиналып, ең бастысы, бұл күні бұрын ренжісіп жүрген жандар болса, әулеттің үлкендері арқылы бір-бірінің өкпесін кешіріп, қол алысып, құшақтасып мәмлеге келсе, бұл да игі іс болмақ.

Жобаның бір міндетінде мейрам кезінде әр адам отбасына, ата-анасына барып, хал-жағдай сұрасу арқылы отбасы институтын күшейту делінген, бүгінгі күні уақыттың жоқтығын себеп қылып жүрген адамзаттың өз отбасына, ата-анасына ерекше көңіл бөліп, көңілдерін сұрап, тосын сый жасап, әр қазақтың ошағында  отын маздатып, қазанында асын қайнатып, өкпе-назды ұмытып, бала-шағасымен қауышып жатқаны да бір бақыт емес пе.

Наурыз – қайырымдылық мейрамы. Бұл күндері жетім-жесір, тұрмысы нашар отбасыларға наурыз дастарқанынан ас беріп,халдерін сұрасқанымыз да игі іс болмақ.

   Наурыз – жаңару мерекесі. Наурыз – жыл басы. Бұл күні аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, ел-жұрттың қаһарлы қыстан аман-есен шығып, бiр-бiрiмен құшақ жайып, жарқын табысатын айы.

Наурыз – табиғат атаулының тiрiлiп, өмiрге жаңа құлшыныспен қадам басатын шағы. Ертеде бұл мейрам елдiң бiрлiгiн сақтап, туған-туысқанның басын қосып бауырластыққа, татулыққа шақыратын – береке-бірліктің, теңдіктің, жақсы тілеудің, қайта түлеудің тойы.

Наурыз – құндылық мерекесі де дер едім. Балалардың caнacынa ұлттық құндылықтapды ciңipу, оларды ұлттық pухпeн тәpбиeлеу – халықтың, бүкіл елдің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, санасын ғасырлар бойы дамытып, жетілдіру арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ереже. Қазақ халқының дамуында, қалыптасуында осы дәстүрлер құндылықтар болып табылады. Сондай-ақ тарихын білуіне, eлiнe, жеріне дeгeн cүйicпeншiлікті apттыру мақсатында «Тарихқа тағзым күніне» де түрлі іс-шаралар да ұйымдастыруға болады. «Наурыз жырларынан» мәнерлеп оқу, эссе жазу, халық ойындарын ойнату қажет.

Ұлттық мерекені ұлттық салт-санамен, ұлттық дәстүрмен айшықталып өткізу ескерілсе. Наурыз өз айшығынан айырылмас үшін, ұлттық нақышта заманға сай түрлендiруіміз керек, жүйесін, дәстүрін жасауымыз қажет.

Сонымен қатар Наурыз мерекесінде ағаштар отырғызып,халықтың экологиялық тәрбиесін қалыптастыру керек. Әр жанұя көшет отырғызуды отбасылық дәстүрге айналдырып, қаламыздың тазалығын сақтау, қолға алынуы керек.

Қанымызға біткен қайсарлық пен қайырымдылығымыздың арқасында бірігіп, дәстүр сабақтастығын үзбей, бейбітшілік пен жасампаздықтың мекеніне айналған еліміз Әз- Наурыз мерекесін жаңаша да, тамаша жаңғырта берейік.

Тағы да оқыңыз: https://dasturkb.kz/nauryz-k-zhemen-birge-dastar-an-a-ojylatyn-zheti-t-rli-as-ta-am/2021/

 Бағила  Хамитжанова, №71 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Бөлісу: